Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада 18 жастағы студент жоғалып кетті

Бүгін Астанада Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің екінші курс студенті Еркебұлан Спандияровтың із-түссіз жоғалып кеткені белгілі болды.

Безымянный

Бұл туралы BNews.kz хабарлайды.

Айгүл Спандиярованың айтуынша, ұлы 7 маусым күні университетте емтихан тапсыруы тиіс болған. Алайда Еркебұлан оқу орнына келмеген, үйіне де сол күйі қайтып оралмапты.

Кейін полицейлердің жәрдемімен 18 жастағы жігіттің №5 емханаға ат басын бұрғаны белгілі болған. Оның ауруханаға келгені сондағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. «Аурухананың дәретханасына кіріп, ноутбугы мен хат тастап кеткен. Хатта «Кешір, қош бол, мен кетіп барамын, енді мен азатпын» және тағы бір түсініксіз иероглифтер жазылған. Содан бері одан еш хабар жоқ, ұялы телефоны да сөндірулі», – дейді Айгүл Спандиярова.

Оның айтуынша, ұлы үйіне үнемі уақытында келетін, кешігіп жатса да хабарласып, ескертіп қоятын.«Қаланың әр жеріне парақшалар ілдік. Еріктілер, таныстар, курстастары – бірі қалмай оны іздеуге атсалысып жатыр. Тәртіп сақшылары да жедел әрекет етті, жақында бір жаңалық болып қалар деген үміттеміз», – дейді сары уайымға салынған ана.

Жоғалған күні Еркебұланның үстінде ақ жейде мен қара-көк шалбар болған. Белгілері: бойы – 174 сантиметр, арықша келген, шашы қысқа. Еркебұлан Спандияровты көрген-білгендер болса мына телефон нөмірлеріне хабарласуға болады: +7 702 371 57 09, + 7 701 136 49 60 немесе 102.

Талқылау