Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада үйін жармақ болған азамат жаңа пәтерге жұмсалған ақшаны айтпай қойды

Бұған дейін Әділбек Мейрамов өтемақыға келіспей, көптің көзінше үйінің күлін көкке ұшырмаққа оқталған еді. Енді ойынан айнып, Астананың орталығындағы пәтерге көшіп алды, – деп хабарлайды КТК арнасы.

1-36

Астанада өзімен қоса бала-шағасын газ балонымен жарып жібермек болған азаматқа 3 бөлмелі пәтер берілді. Сондықтан ол  баспанасын сүруге  рұқсат еткен. Осылайша 4 жыл сот орындаушыларымен арпалысқан тұрғын дегеніне жетіп отыр. Бірақ, оған қымбат пәтерді сатып алуға кімнің ақша қосқаны жұмбақ болып қалды.

“Маған бәрібір. Шаршадым. Жарамын үйді. Дереу әкім келсін бұл жерге”. Осылай деп Әділбек Мейрамов өткен айда бүкіл Астананы дүрліктірген. 4 баласы мен шешесін кепілге алып газ балонын жарып жібермек болды. Өйткені, 10 сотық жері мен баспанасы үшін берілген 2 миллион 600 мың теңгені місе тұтпаған.

Алайда, “өліспей беріспеймін” деген азамат арада 3 апта өткенде, әкімдіктің талабына көніп, үйін босатып беруге келісіпті. Сондықтан атышулы Мейрамовтың үйін сүруге  ауыр техника  түнде дереу жетіп, жермен-жексен етіп жатыр.

Негізі бұл үйдің 9 қожайыны бар. Олардың әрқайсысына 2,5 миллион теңгеден бөліп, шенеуніктер  34 миллион аударған екен. Әділбек Мейрамов ақыры қалаған сомасына қол жеткізгесін, енді қиратылған баспананың орнына әкімдік жол төсемек.

Бұдан Мейрамовтар отбасы ұтылған жоқ. Екінші вокзал  маңынан салынып жатқан қаланың жаңа ауданынан 3 бөлмелі пәтер бұйырған. Отағасы талай дүрбелеңді бастан кешірген шиеттей бала-шағасын осында көшіріп үлгеріпті.

“Астананың жаңа әкімі Исекешов сот арқылы жеңіп шыққан барлық өтемақымды төлеттіріп берді. Оның үстіне өзімнің аз-мәз жинаған ақшам бар еді. Оның үстіне достарым да қаржылай көмектесіп жатыр. Соның басын-құрап осы пәтерді сатып алдым”, – дейді Астана қаласының тұрғыны Әділбек Мейрамов.

Бірақ, атышулы Мейрамов әкімдіктің қанша қаражат бергенін айтудан бас тартты. Шенеуніктер де 2,5 миллион өтемақыдан басқа  азаматтың шотына ешқандай ақша аудармадық деп отыр.

“Енді Мейрамовқа қатысты іс жабылады. Оны сот шешімін орындамағаны үшін әкімшілік жазаға тартқымыз келген. Бірақ, Мейрамов әртүрлі сылтау айтып келмей қойды”, – дейді Астана қалалық Әділет департаменті басшысының орынбасары Молдабай Өтепов.

Осылайша, әйелі тамырын кесіп, күйеуі газ балонын жарамын деп елді шулатқан ерлі-зайыптылар дегеніне жетті. Енді болған оқиғаны ұмытып, отағасы инфаркттан емделіп, айы-күні тақаған келіншегінің босануын күтіп отыр.

Сөйтіп, бұл шаңырақ қоныс тойымен қатар, шілдехананы бірге өткізбек. Ал биыл сот орындаушылары Астанада  70 үйдің сүрілетінін айтып отыр. Осыған қарағанда өтемақы дауының әлі басылмайтын түрі бар.


Жіберіп алмаңыз:

Талдықорғанда мерекеден соң ауырған азамат басын жазу үшін үйін жармақ болды

Талдықорғанда арнайы жасақ қызметкері тұрғын үйді жарылыстан сақтап қалды

Әйелдің ішін жарып нәрестесін алған америкалық 100 жылға сотталды

Түркияда жанкешті әйел өзін жарып жіберді

Талқылау