Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана тұрғыны: Балам дәрігерлердің салғырттығынан көз жұмды

Балам дәрігерлердің салғырттығынан көз жұмды. Елордалық Айгүл Мұсаева біздің арнамызға осылай деп шағымданды. Оның уәжінше, өліммен арпалысқан бір жасар қызы ақ халаттылардан көмекті сол күйі күте алмай, сұмдық азапта көз жұмған.

Ал дәрігерлер болса, бүлдіршіннің жүрек талмасынан қайтыс болғаннын алға тартып отыр. Сонымен бейкүнә сәбидің өліміне кімдер кінәлі? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

35 жастағы Айгүл Мұсаева талай қиындықтан кейін көрген перзентінің өмірде жоқ екеніне әлі де сене алар емес. Тұла бойы тұңғышы Айлиннің ойыншықтары мен киімдеріне сағаттап қараудан шаршамайды. Оның айтуынша, 31 желтоқсан күні қызының жағдайы күрт нашарлап, демікпесі пайда болып, жүрек қағысы жиілеп кетіпті. Зәре-құты қалмаған ата-анасы дереу жедел жәрдемді шақыртады. Дәрігерлер балаға преднизолон егіп, «қызыңыз сәлден соң жақсарады» деп кетіп қалыпты. Бұл шамамен түнгі екінің уақыты еді.

«Таңғы жетіге қарай қызыма қарасам, тынысы тарылып жатыр екен. Тез арада жедел жәрдемді қайта шақырттық. Дәрігерлер келгеннен кейін, преднизолонды егеміз деді. Мен бірден «бізді алып кетпейсіздер ме, не?» деп сұрадым. Олар барсаңыздар да, бармасаңыздар да болады, өз еркіңіз деп қысқа қайыра салды. Ал мен бұл жолы үйде қалмаймыз, міндетті түрде сіздермен бірге барамыз деп тұрып алдым» – дейді қала тұрғыны Айгүл Мұсаева.

Осылайша, таңертең балалардың жұқпалы аурулар ауруханасына келген. Алайда, ол жерде Айлиннің жағдайы одан сайын нашарлай түседі. Демі жиілеп, ерні ісіп, көгере бастаған. Анасы реанимотологтың тез арада келіп, тиісті көмек көрсетуін жалынып сұрағанын айтады. Бірақ, шыр-пыр болып жүгірген оның сөзіне 5 сағат бойы ешкім құлақ аспапты.

«Дәрігерлер бізге бос палата жоқ, түске дейін науқастарды үйлеріне жіберіп, сіздерді жатқызамыз деді. Мен оған да көндім. Сағат 12-де қызымды реаниматологқа көрсетеміз деп, тексеруге алып кетті. Басында түсінбедім. Сөйтсем, қызымды реанимацияға жатқызыпты. Мен орнымнан атып тұрдым. Қалайша? Дәрігерлерге барсам, сыртқа шығыңыз деп қуып жіберді. Кейін білгенімдей, 45 минутқа жалғасқан реанимацияда қызымның жүрегі бірде-бір рет соғылмапты» – дейді қала тұрғыны Айгүл Мұсаева.

Ата-анасы «қызымызды апарып салғанда бірден тексеріп, реанимацияға дер кезінде жатқызғанда, өмірін сақтап қалуға болар еді дейді. Қайғыдан қан жұтып отырған олар, сотқа шағым түсіріпті.

«Жәбірленушінің айтуы бойынша, медицина қызметкерлері өздерінің міндеттерін дұрыс атқармады деп есептейді. Және не істеу керектігін тиісті дәрежеде білмеді дейді. Дәрігерлердің уәждері берілген медициналық анықтамаларына сәйкес, ол баланың жүрек талмасынан деп негізгі себеп келтіріп отыр. Оны енді қазір тағайындалған комплекстік сот-медициналық сараптама көрсетеді» – дейді адвокат Бекболат Смағұлов.

Оқиғаның жай-жапсарын білмек болып қалалық денсаулық сақтау басқармасына хабарласып көрдік. Ведомства басшылығы мынадай жазбаша жауаппен ғана шектелді.

«Қазіргі таңда Денсаулық сақтау басқармасы аталған дерекке қатысты қызметтік тексеру жүргізуде. Оның қорытындысына қарай, тиісті шешім қабылданады. Бұл жағдай жайлы егжей-тегжейлі ақпарат тексеру нәтижесінен соң ұсынылатын болады» – дейді қалалық денсаулық сақтау департаменті басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.

Сараптама қорытындысы қандай болып шықса да, іші шерге толған ата-анаға баласын қайтарып алмайтыны белгілі. Ал қайғыдан қан жұтып отырған олар «қайтсек те әділдіктің орнауын талап етеміз. Денсаулығында еш кінәраты болмаған қызымыздың өліміне кінәлі ақ халаттылар тиісті жазаларын алсын» деп бекініп отыр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау