Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана тұрғындары жылы аялдамаларды қар түскенде сала бастаған әкімдікке ашулы

Қылышын сүйретіп қыс жақындағанда Астана әкімдігі жылы аялдамалар салып, жанталасуда. Қар аралас жаңбырда қаланың әр жерінде қолына құрал-саймандары мен күректерін ұстаған жұмысшылар қызу жұмыс жасап жатыр. Ал кейбір аялдамалар жарым-жартылай тұрғызылып, алқам-салқам күйде тұр. Есіктері ашылмайды. Салдарынан жұрт өңменнен өтетін қара суықта бүрсеңдеуде.

Астана тұрғындары жылы аялдамаларды қар түскенде сала бастаған әкімдікке ашулы

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қала тұрғындарының өкпесі қара қазандай. Әкімдік ала жаздай ән салды ма, неліктен уақытылы аялдамалар қойылмаған деген пікірлер айтылып жатыр. Елордада ауа-райы күрт өзгерді. Ал автобус тоқтайтын орындар әлі дайын емес.

Қала басшылығы заманауи жылы аялдамаларға қатысты уәдесін ерте көктемде-ақ үйіп-төккен еді. Қар күз түскенше оларды қажетті жерлерге салып, ішіне Wi-Fi желісін тартып, автобус кестесін ілеміз деген еді. Тіпті, әжетханасы да болатынны айтқан-ды. Бірақ, бұл күнде іс пен сөздің арасы тым алшақ.

«Ақшаның бәрін далаға шашқанша, басқа елдің қажеттілігіне жұмсаған дұрыс сияқты. Автобустар алып, көбірек маршруттар жүргізсе. Автобуста, аялдамаларда тұрып, біздің халықтың жағдайын қарап, автобуста жүріп халықтың жағдайын көрсе деймін», – дейді қала тұрғыны Алтын Аппасқызы.

Еуропалық стильдегі 55 су жаңа аялдама салынады дегенді өткен айда қала әкімінің орынбасары Сергей Хорошун тағы бір мәрте еске салған еді. «Бұл іске ақыры кіріскен екенбіз, ақшаның бетіне қарамаймыз» деген пікірлер де айтылды.

«Келісім-шартты толық жабу үшін 200 миллион теңге жетпейді. Бірақ, бұл қаражат бөліну бөлінбеуіне қарамастан аялдамаларды орнататын боламыз», – дейді қала әкімінің орынбасары Сергей Хорошун.

Айтуға оңай, әрине. Әкімдік іске келгенде семіз сөйлеп арық шыққандай. Тұрғындар сүйектен өтетін суықта далада автобус күту мүмкін болмай барады дейді.

«Күн суып, қар аралас жаңбыр жауып тұр. Жылынатын жер жоқ. Мұнда телефон қуаттауға болады деп жазылып тұр. Бірақ ол істемейді екен. Үлкен кісілер, кішкентай баласы бар аналар бар. Қолданысқа берілмесе, мұндай аялдама не үшін керек?» – дейді қала тұрғыны Әнел Бөкенова.

Жаңа аялдамалардың құны осыған дейін орнатылған нұсқасына қарағанда бағасы төмен көрінеді. Біреуі шамамен 4-6 миллион теңгенің айналасында. Бірақ, бір қызығы сол, жылы аялдамалар орнатылғанның өзінде, оған кіру мүмкін емес. Қашан ашылатыны да белгісіз.

Жылы аялдамаларды орнату мәселесі неге қара күзге дейін созылып кетті? Әрбір ісін күні бұрын есепке алатын әкімдік өкілдерінің айтуларына қарағанда, бәріне кінәлі конкурстардың машақаты болып шықты.

«Қаржы уақытымен бөлінгенімен, байқаудың өзінінің уақыттары болады. Сол байқау мерзімдері бүгінге дейін келіп тірелді. Берілетін шағымдары бар қаралатын күндері бар. Соған байланысты мердігер пайда болып, сол қазір қойып жатыр. Жыл соңына дейін тездетіп қойып шығамыз деп жоспарлап отырмыз», – дейді қалалық жол-көлік инфрақұрылымының дамыту басқармасының бөлім басшысы Рустам Әбдуалиев.

Ал тұрғындар «саз-балшықта, дымда салынған аялдамада қандай сапа болады дейсіз? Бізде бәрі солай, қыс түскенде бір-ақ қимылдайды» деп реніштерін айтуда.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау