Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Астана опера» театры Рождествоны музыкамен қарсы алуды ұсынады

«Астана опера» театры Рождествоны музыкамен қарсы алуды ұсынып отыр. 24 желтоқсанда Мәрмәр залы тыңдаушыларға Г.Ф. Гендельдің «Мессия» ораториясын паш етеді.

d71e941219edb6acf4fee5b92f9e4c78

Ал 25 және 27 желтоқсанда көрерменді «Bel Canto музыкалық салоны» абонементі аясында өтетін «Рождество әуендері» атты концерт күтеді, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.

Тарихи тұрғыдан Қазақстан әрқашан Шығыс пен Батыс өркениеті мен мәдениеті, түрлі діндер тоғысатын диалогтар алаңы болды. Республикамызда шамамен 80 мың католик тұратыны белгілі. Рождество – бұл христиан мейрамдарының маңыздыларының бірі және ол әлемнің 100 астам елінде мемлекеттік мейрам. Қазақстан католиктері де оны кеңінен атап өтеді. Дәстүр бойынша салтанаттың басты сипаты – үйде шырша безендіру. Бұл үрдіс өмір мен өнімнің белгісі ретінде Германия халқында туған.

Рождествоның құрметіне Мәрмәр залда Г.Ф. Гендельдің «Мессия» ораториясы орындалады. Бұл – композитордың ең жарқын, әрі шаттыққа толы шығармаларының бірі. «Мессия» ораториясы Нәрестеге сыйлық әкелген сиқыршылар туралы баяндайды. Концертке келген тыңдарманды әсем музыка баурап әкетеді, мұнда автор махаббат пен бақытқа жетелейтін үміт пен қуанышты басты тақырып ретінде алған.

Ораторияны орындайтындар – сопрано, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Әлфия Кәрімова, меццо-сопрано – Салтанат Мұратбекова, тенор – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тәпин, бас – Армения халық әртісі Барсег Туманян. «Астана Опера» хоры мен оркестрі. Бас хормейстер – Қазақстанның көрнекті қайраткері Ержан Дәуітов, дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.
25 желтоқсанда, Рождество күні, «Рождество әуендері» концертінде «Астана Опера» театрының опера солистері мен аспапшылары көрерменге тамаша көңіл-күй сыйлайды. Олар: А. Малиновский, К. Красюков, Ж. Жарқымбаева, Ә. Сембина, Р. Нұркей, Е. Низамутдинова, М. Исламова, Е. Ганжа, С. Мұратбекова, Г. Сапақова, М. Бәйнешов, Н. Тойкенов, Ж. Шыбықпаев, Е. Әбжанов, Т. Ғалеев, Б. Есімханов.

Көрерменді Аяз Ата мен Ақшақардың, Сиқыршы-мыстан мен басқа да ертегі әлемінің жарқын кейіпкерлерінің қатысуымен өтетін көңілді бағдарлама күтеді. Концертке ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов басқаратын хор мен «Астана Опера» Балалар студиясының хор әртістері қатысады. Балалар көрермен назарын бірден тартып әкететін нөмір дайындады.

Мұнымен қатар көпшілік сүйіп тыңдайтын «Ахау керім», «Құсни-Қорлан», «Ақ қурай» сияқты қазақ халық әндері, дуэттер, ариялар, вальстер және көптеген басқа да нөмірлер шырқалады.
Фортепиано партиясын халықаралық конкурстардың лауреаттары Долорес Үмбетәлиева мен Гауһар Таспергенова, бас концертмейстер, халықаралық конкурстардың лауреаты Елена Сахно, сондай-ақ Александра Егорова мен Ирина Кургузкина орындайды.

Талқылау