Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Елордаға 30 мың адам сыятын ең ірі мешіт дәл қазір қажет пе?

18 наурыз күні елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нұр-Сұлтан қаласында бой көтеретін, ТМД деңгейінде теңдесі бола қоймайтын мешіттің іргетасын қалаған еді. Әлемдегі әйгілі мешіттердің жобасы бойынша салынатын теңдессіз ғибадатхана шетелден келген туристер үшін де тартымды орындардың біріне айналады деп жоспарлануда. Астанамызда осындай үлкен мешіт салудың қажеттілігі қандай? Stan.kz белгілі саясаттанушылардың пікірін білді.

Мешіт салу қаншалықты қажет

"Бұл жерде сәулетті әрі бірегей мешіт салынады. Бүкіл Орталық Азияда бұған тең келер мешіт болмайды", - деп мәлімдеді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында сөз сөйлеген елбасы.

Елорда тұрғындары мен қонақтарының діни қажеттіліктерін өтеу үшін 8 мешіт жеткіліксіз бе? Мешіт салудың қажеттілігі қандай деген сұрағымызға белгілі саяттанушы Айдос Сарым мырза ғибадатхана салуға қарсы еместігін айта келіп: «Жеке пікірім мешіт салуға қарсы емеспін. Бірақ сауапты істі жарысқа айналдырудың қажеті жоқ сияқты. Ең үлкен, ең ірі деп жар салғанша, шағын мешіт болса да, өз құнын жоғалтпайтындай етіп салса болды. Әлемдегі бірінші деген сынды даңғазалықты азайту керек сияқты», -  деп өз ойын ашық айтты.

Мешітті салуға қаржы мемлекет қазынасынан емес, ерікті азаматтар мен& демеушілерден жиналады. Осы тұрғысынан келгенде Айдос Сарым мешіт салуға жиналатын қорға қаржыны сауапты іс ретінде еріктілер өз еркімен, қалауымен берсе игі деп отыр.

Елордаға 30 мың адам сыятын ең ірі мешіт дәл қазір қаажет пе? 

«Ескеретін нәрсе, жиналып жатқан қорға адамдар қаншалықты өз еркімен қаржы құйып жатыр деген мәселе. Кәсіпкерлер ұялғанынан, қорыққанынан беруі мүмкін. Бұндайда күштеу деген дүние жеңіп кетеді. Жарыс сияқты болған соң осындай сауабы мол істің қадір-қасиетін, маңызын жояды деген сөз»,- деп өз ойын жеткізді.

Ал белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы мешіт салу кәсіпкерлер арасында «сәнге» айналды дейді. Қайырымдылық жасау тек қана мешіт салумен өлшенбейтінін айтқан саясаттанушы қоғамдағы басқа да өз шешімін таба алмай жатқан мәселелерге көңіл бөлінбейтінін тілге тиек етті.

«Қазіргі уақытта мешіт салуды бірінші кезектегі қажеттілік деп санамаймын. Мемлекеттік ақша бұндай нысандарға қарағанда жұмыссыз жүрген тұрғындарға, көпбалалы аналарға, жол сауға, қауіпсіздік деген сынды дүниелерге көбірек бөлінуі керек. Ауылдарда мектеп салу, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға басымдық болмай отыр» деп өз пікірін білдірді.

Әлемдік ең ірі 10 мешіттердің қатарына кірудегі негізгі мақсаттың бірі көркем сәулетті орын ретінде шет ел қонақтарын тарту. Аллаға құлшылық ететін орынды туристік нысанға айналдыру қаншалықты дұрыс? Танымал саясаттанушы Дос Көшім: «Жаңа ғана салынған мешіт туристер ағылып келетін орын болады дегенге сене қоймаймын. Оның үстіне әлемдегі ең бірінші болу деген мақсатты еш уақытта қолдамаймын. Жалған мақтаныш, дақпырт нәрсе» деп кесіп айтты.

«Кейбір елдерде мешіт тек мінәжат ететін орын емес, сәулет өнері, тарихи жәдіргер болғандықтан салтанатты орындар ретінде қабылданатыны белгілі. Араб елдерінде ірі мешіт салғанда мешітті адам тарту мақсатында туристік объект ретінде салған жоқ. Ол уақыт өте келе болатын дүние», - деген Расул Жұмалы шет ел қонақтарын тарту үшін де уақыт керектігін, оның үстіне нысанның өзіндік тарихи салмағы болу керектігін атады.

Астананың Басты мешіті қазіргі ең ірі мешіт Хазірет-Сұлтаннан үш есе үлкен болады. Құдай үйіне бір мезетте 30 мың адам сыяды. Елбасы мешіттің құрылысын басынан аяғына дейін өзі бақылауға алынатынын, ғибадатхана толығымен демеушілердің қаржысына салынатынын мәлімдеді. Жаңа мешіт ЭКСПО қалашығында бой көтермек. Құрылысы екі жылға созылады деп жоспарланып отырған мешіттің мұнараларының биіктігі 130 метрге жетіп, ал жалпы аумағы 57 мың шаршы метрді алмақ. 

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр