Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Асхат Тарғын ауруханаға түскеніне қатысты ақпаратқа жауап берді

Танымал отандық әнші жақын арада халыққа алғашқы концертін беріп, өнердегі мақсаттарының біріне жетпек. Асхат Тарғын Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне концертке дайындалу барысында қандай қиындықтарға тап болғанын, концерттің несімен ерекшеленетінін және денсаулығы нашарлап, ауруханаға түсіпті деген ақпаратқа қатысты шындықты айтып берді

Асхат, алғашқы концертті өткізуге дайындалып жүргеніңізге қанша уақыт болғанын айтып өтсеңіз

Бір жыл бұрын әндерімді дайындап, халық алдында есеп беруді жоспарлағанмын. Негізі, “Республика Сарайында” үлкен концерт беру әр әншінің арманы. Бұған жеткен де, жетпеген де бар. Ұйымдастыру жағы бір жарым ай, ал дайындық 15 күн бұрын басталды. Үлкен дайындық үстіндеміз.

Концертке дайындық кезінде қатты шаршап, талып қалыпты дегенді естідік. Жалпы денсаулығыңыз қалай?

Талып қалған жоқпын, бірақ уайымның болғаны рас. Себебі, басында концертім 11 қарашада өтуі керек еді. Соған дайындалып, жарнамаларды, роликтерді шығарғанда, белгілі бір себептерге байланысты концерт кейінге шегерілді. 10 күннің ішінде 11 емес, 15 қарашаға ауыстырылды.

Уайымдап, ұйымдастырудың жұмыстарымен жүгіремін деп 4-5 кг салмақ тастағаным бар. Алайда мен ауырып, талып, ауруханаға түскен жоқпын. Бұл жалған ақпарат. Қазір денсаулығым жақсы. Негізі, өзім уайымшыл адаммын. Концерт берген адам біледі, оны өткізу оңай шаруа емес. Бір нәрсе болса, екіншісі жүзеге аспай қалады. Қаражат жағын да ойлау керек дегендей. Проблемалар болды. Әр нәрсенің қиындығы бар ғой.

Әр әнші концертін ерекше етіп өткізгенді жақсы көреді? Сіздікінде қандай өзгешелік болады?

Қазір айтпай-ақ қояйын. Концерт барысында халық өзі көре жатар. Тамара Асармен, Жанар Айжановамен дуэт, өзімнің қызым Айыммен дуэт айтамын. Ақылбек Жеменеймен жаңа ән жазып жатырмыз. Әртүрлі жанрлардағы әндер орындалады, билейтін жерлерде билеймін. Олармен байланысқан қойылымдар да болады.

Сізді той әншісі деп атайтындарға осы концерт арқылы жауап бергіңіз келеді екен…

Тойдың әншісі деп айту өте қате деп ойлаймын. Біреу айтады тойдың әншісі деп. Барлығы тойға барады, барлығы тойда өлең айтады.

Бөліп жармау керек. Мені тек көңілді, билейтін әндерді айтады деп ойлайтындар, басқа әндерімді естімеген, естісе де мән бермейді.

Бұл концертте репертуарымда басқа да әндердің бар екенін халыққа көрсетіп, оның қошеметіне бөленгім келеді.  Отбасым, ата-анам, жанұям, қайынжұртым барлығы келеді. Құдайға шүкір келіншегім жаман емес. Тәрбиелі өте, менің жанұяма, менің әулетіме тастай бітіп, судай сіңген адам.

 

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Талқылау