Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұмаділдаев: Жұрттың бәріне доллар мен 18-дегі қыз ғана ұнайды

Әр минутын есеппен жұмсайтын, ұялы телефон ұстамайтын Асқар Жұмаділдаевты бар қазақ біледі. Сол дара таланты, тік мінезі арқылы алты Алашқа есімі аян Сырдың сары баласы биыл алпысты алқымдады.

691b426a60217e97024d6247fde5d90d

Сурет: szh.kz 

Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.

Ғасырында бір туатын қазақтың маңдайына біткен математик мерейтойы аясында туған топырағына табан тіреді. Түрлі шаралардың арасында уақыт тауып, «Халыққа» арнайы сұхбат берді. Әңгіме ғалымның әлеуметтік желіге жолдаған есебінен өрбіді.

Математик әлеуметтік желі арқылы есеп жолдап, есебіңіздің шешімін сұраған еді.

– “Хат көп түсті. Бірақ дұрыс жауабы жоқ. Оның шешімі бір Аллаға аян. Жер бетіндегі 7 миллиард адамның бірі де білмейді. Испаниядан хат келді. Нарынқолдың Албан деген жігіті де жауап жіберді. Мен жобаға келгендерін айтып отырмын. Жауап жібергендердің 99 пайызы бірақ қате жібереді. Бәрі компьютермен есептейді. Ал компьютер ылғи өтірік есептейтінін жұрт біле бермейді. Өйткені ол жуықтап көрсетеді”, -дейді ол.

Жұмаділдаев жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытуға қатысты да пікірін айтты.

– “Мен өз пікірімді айттым. Менің пайымымша, ағылшын керек. Оған ешкімнің дауы жоқ. «9-сыныптан бастап жаратылыстану пәндері тек қана ағылшынша өтеді» дейді. Мұндағы «тек қана» деген сөз артық. Ағылшын тілінде өтсе өте берсін, проблема жоқ. Ол үшін мектеп ашу керек, сынып жасақтау қажет. Ал жұрттың бәрін тілін бұрап тұрып үйретемін деу болмайтын әңгіме. Мәселе ағылшын тілін үйренуде емес, мәселе математиканы үйретуде. Математиканы үйрену ағылшынды игеруден қиын. Ал физиканы үйрену одан да қиын. Биология физика, математикадан да қиын. Өз тіліңде үйрене алмай жатып, оны басқа тілде үйренемін деу – тіпті бос қиял”, – дейді математик.

Атақты математик өзінің өмірлік формуласын да ыатап кетті.

– “Адал еңбек. Өтірік айтпауға тырыс. Ал жүз пайыз шындық айтамын дейтін адам болса, ол – өтірікші. Ондай адам жоқ. Әңгіме тек өтіріктің процентінде ғана. 10 пайыз айтсаң болады. Мәселен, балаңыз «мен қайдан шықтым?» дейді. Сіз анатомия түсіндіресіз бе? Жоқ. Қырыққабаттың астынан тауып алдым дейсің. Туысыңыз ауырып жатыр, ертең өледі. Сіз оған барып «ертең өлесің» демейсің ғой. Осылай өтірік жалғаса береді. Тіпті біреу халіңізді сұрағанда, басым ауырды, қан қысымым көтерілді демейсіз. Расында оның өзгеге қажеті де жоқ. Жай сыпайылық үшін, «жақсы» дейсіз. Жалпы, мұндай өтіріктер адамға керек. Кеше 60 жылдығым болды. Бәрі жер-көкке сыйғызбай мақтап жатыр. Шындығында ол да өтірік. Өмірдің өзі тоқсан пайыз өтіріктен құралады”, – дейді Асқар Жұмаділдаев.

– “Мен біреуден артық деген сөзді ұнатпаймын. Одан ешкімнен кем емес деген дұрыс. Сіз біреуден артықпын деп ойламаңыз, ешкімнен кем емеспін деңіз. Ақиқатында қазақтың артық қасиетін көргенім жоқ. Қонақжайлылығы мен бауырмалшылдығын ауыз толтырып айтуға болар еді. Бірақ сол артықшылығымыз кемшілігіміз болып жатады. Жалпы, мен ру деген дүниеге қарсы емеспін. Ол қазақтың тасқа таңбаланған тарихы. Қарсы келе алмаймыз. Бірақ, туғанына болысып, өзгені құлатуды ақтап ала алмайсыз. Айналып келіп бауырмалдық қасиетің заңбұзушылыққа, қатыгездікке апарады. Ал ұлтшылдық, рушылдық, жершілдік деген мен үшін аттракция. Ғылым оны көтермейді. Менің проблемам – ғылыммен айналысатын, есеп шығаратын адам табу. 3 грантым бар. Бірақ ақша беретін адам таппаймын. Сондықтан қазақ, орыс, түрік, мейлі негр болсын, есеп шығаратын адам іздеймін”, -дейді ол.

Еврейлермен бірге көп жүрген ол не себепті әлемдегі ең байлар да, ғалымдар да еврейлерден шыққаны жайлы, мұның сыры неде екенін былайша топшылады:

– “Еврейлер дүниедегі ең көп қуғынға ұшыраған халық. Оларды Исаны өлтірдіңдер деп христиандар да қудалады, мұсылмандар да жуытпады. Мәселен, Ресейде тұрса оларға концлагерь сынды жер берді. Бірақ, егін салуына, өз бетінше тірлік етуіне мүмкіндік бермеді. «Тынысы тарылған» халық қиындыққа мойымады. Тығырықтан жол тапты. Сауда мен ғылым, өнерге ден қойды. Білімнің арқасында еврейлер Осман империясының есеп-қисабын жүргізеді. Қуатты империя есепшілерін еврейлерден жасақтаған. Қазіргі таңда қарап отырсаңыз, дүниедегі ғалымдардың, байлардың дені – еврейлер. Көп қуғын көрген халық, көп күйіп құрышқа айналды”.

Кезінде Кененнің әндерін тыңдаймын деген математик ағай қазір Ғалымжан Молданазарды, тіпті 91 тобының әндерін де тыңдайтынын айтады.

– “Жуырда ғана синти-поп жанрында жазылған «Ақпен бірге» деген Ғалымжан Молданазардың орындауындағы тамаша әнді тыңдадым. Ән керемет ұнады. Және шетелдік хит әндерді домбырамен орындайтын Әсел Қарсыбаева деген әнші қарындасымды тыңдаймын. Ағылшын тілінде «Екі жирен» әнін әсерлі орындайды. Тіпті «Ninety one» тобын да тыңдаймын. Ел киім киісі дұрыс емес, көгілдірлер сынды деп жазғырады. Онда тұрған не бар? Бастысы, бұл стиль жастарға ұнайды. Бала күнімізде қыздардың шашын қимайтын. Қазір сен қиып тастағансың. Ал біздің жасымыздағы шалдардың сақалы болатын, мен сақал-мұрттан жұрдай, жылтырап жүрмін. Не өзгерді? Ақылымыз кеміп қалды ма? Жоқ. Сол сынды жастарға бұл бағыт ұнаса, неге қарсы болу керек? Бұл топтың қанша жүрерін білмеймін, әрі кетсе 5-10 жыл осылай шығар, кейін қалатын дүние. Бұдан бүлінген идеологияны байқап отырғаным жоқ”, – дейді математик.

– “Ауылдан шыққан түйекештің баласы болғандықтан, алғашқы адымдарым дұрыс болмай, көп нәрсеге жете алмай қалдым. Қазір байқасам, менің білетінімнің жетпейтін жері көп. Мұны әттеген-ай деуге болады. Мәскеуде оқығанымда талай мықтыларды көрдім. Кейбірінен сабақ ала алмай қалдым. Өмірімдегі басты әттеген-айлар осы. Ал жеке адамға байланысты ұсақ-түйекті несін айта беремін? Ешкімге ешқандай ақыл айтпаймын. Біреулер айтады ақыл айтып, бата бер деп. Менің айтарым да, берерім де жоқ. Тірлігім ұнаса қабылда, ұнамаса қабылдама. Бұл нәрсені баяғыда Абай айтқан: «Кейінгілер ешнәрсе айтпай кетті демесін деп, қолыма қалам алдым. Біреуің оқырсың, біреуің оқымассың. Қажет десең қара, болмаса өз сөзім өзіме»,- дейді. Және «Сәулең болса кеудеңде, Мына сөзге көңлің бөл. Егер сәулең болмаса, Мейлің тіріл, мейлің өл» дейтін өлең жолдары да бар. Менің де тірлігім сол сияқты. Неге мен жұртқа көсемсінуім керек. Көсемсінетін мен Мұхаммед не Иса пайғамбар емеспін. Мен қарапайым қазақтың баласымын. Мен – математикпін, – деп қорытындылады ойын.

Жіберіп алмаңыз:

Қазақстандық академик жасырған жұмбағының шешуін тапқан адамға 1000 доллар беретінін айтты

Талқылау