Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Асанованың анасы: Ләззатымның көрмеген қызықтарын бүгінгі тәуелсіз елдің жастары көрсе екен

 Алматыда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының 29 жылдығына орай, «Тәуелсіздік таңы» монументіне гүл шоқтарын қойып, тағзым ету рәсімі ұйымдастырылды. Онда Желтоқсан оқиғасының құрбаны Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асанова да болды.

 

алтынай асанова

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды. Алтынай  Асанованың суреті Азаттық радиосынан алынды.

Бұл шараға Алматы қаласының басшылығы, «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Зәуреш Аманжолова, Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Мұхтар Шаханов, композитор Хасен Қожахмет, жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, Желтоқсан оқиғасына қатысушылар және қала тұрғындары қатысты. Солардың арасында Желтоқсан оқиғасының құрбаны Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асанова да болды. Тұла бойы тұңғышының қаны төгілген алаңға келіп, қыршын кеткен жастардың рухына бас иіп тағзым етті. Осыған орай «ҚазАқпарат» тілшісі Алтынай Қауметқызын әңгімеге тартқан еді.

Алтынай апай, сіз үшін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жолында Желтоқсан оқиғасының алар орны қандай?

«Осыдан 29 жыл бұрын осы алаңға келген жастардың ұраны, ерлігі, төгілген қаны тәуелсіздігімізді жақындата түсті. Халқымыздың намысын, патриоттық рухын оятты. Болашаққа жол ашып кетті. Мен бұл күнді еске алып осы жерге келуге құқылымын. Өйткені, Ләззатымның жоқтаушысымын. Ләззатымның менен басқа кімі бар? Енді жастар текке қан төккен жоқ. Ата-бабамыз арман еткен сол тәуелсіздікке қол жеткіздік. Елімнің тыныштығын, амандығын, тәуелсіздігінің баянды болуын тілеймін»,-деді Ләззат Асанованың анасы Алтынай апа.

FB403A1D-8293-4DF8-9590-99042D1F8F98_w974_n_s

Ләззат қандай қыз болып еді?

«Ләззат кішкентай кезінен өте алғыр, өжет болып өсті. Мектепте өте жақсы оқыды. Алты жасынан домбыра тартты. Өнерге жақын болды. Тұла бойы тұңғышым болған соң, серігім де, ақылшым да Ләззат болатын. Оның өлімі маған өте ауыр тиді. Қайғыдан екінші топтағы мүгедек болып қалдым. 1991 жылға дейін сөйлей алмай қалған кездерім болды. Содан кейін барып, Ләззатым ақталғаннан кейін, жігерімді жанып, өмірге құштарлығым оянды. Мен былай ойлаймын, егер Ләззатым сондай алғыр, өжет, тапқыр қыз болмаса, менен тумаған болар еді. Енді Ләззатымның көрмеген қызықтарын бүгінгі тәуелсіз елдің жастары көрсе екен деп тілеймін. Мен бүгінгі жастарға сенемін! Өйткені, бүгінгі жастардың ұлттық рухының биік екендігіне көзім жетті»,-дейді ана.

vo_vremya_sssr_takaya_mayka_poluchila_narodnoe_nazvanie_koto_36679_101

Алтынай апай, қазір қайда тұрып жатырсыз? Жағдайыңыз қалай?

«Мен осы 1997 жылдан бері Алматыда тұрып келемін. Жағдайым кереметтей болмаса да барлығына ризамын. Ләззатым халықтың аузында жүр. Оны тек мен ғана емес, халқы да жоқтайды. Сол үшін халқыма ризамын. Кезінде Ләззатқа берілген пәтер бар еді. Демеушім, қолдаушым болмаған соң, сол үйді сатып, Ләззатқа арналып шығарылған мақалаларды жинақтап, естелік кітап етіп шығардым. Өкінішке қарай, биыл Ләззаттың 45 жылдығы көлеңкеде қалды. Тек Мұхтар Шаханов бастаған 5-6 желтоқсандықтар келіп, құран бағыштады. Бұған қатты риза болып қалдым. Ал қазір, бұдан 50 жыл бұрын салынған, астынан суы шығып жатқан шағын ғана ескі үйде бала-шағаммен тұрып жатырмын. Ұлым, келінім және екі немерем бар»,-деді Алтынай апа.

20151217155554

Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға төленетін жәрдемақыны аласыз ба?

«Жоқ, алмаймын. Тек Ләззатқа ғана емес, басқа да қаза болғандардың отбасына төленбейді екен. Сондықтан жәрдемақыны бір рет те алған емеспін»,-дейді Алтынай ана.

Алтынай апай, әңгімеңізге рахмет.

Айта кетелік, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбаны Ләззат Асанова 1970 жылы 27 шілдеде Алматы облысының Панфилов ауданындағы Ақжазық аулында туған. 1985 жылы Алматыда П.Чайковский атындағы музыкалық училищеге оқуға түскен. Алматыда 1986 жылдың 17-18 желтоқсанында болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы азаттық көтерілісіне белсене қатысқан. Ол Орталықтың билеп-төстеушілігіне наразылық білдіріп, қаладағы Жаңа Алаңға алғашқы ереуілшілер қатарында «Қазақтар! Кіріптарлық құлдықта өмір сүргеніміз жетеді! Біз еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алған кезде ғана азат бола аламыз!» деген ұранмен шықты. Көтеріліс қатыгездікпен жанышталғаннан кейін, ұсталған 87 адам қатарында Ләззат Асановаға Қазақ КСР ҚК-нің 65-бабымен айып тағылды. Тергеу барысында қаза тапқан. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң ғана Асанова жөніндегі шындық қалпына келтіріле бастады.

Талқылау