Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Асан Пердешов өмірлік жар іздеп жүр

Халық арасында “Қара қызым” әнімен танылған Асан Пердешов бүгінде сазгерлікке бет бұрған. Қайрат Нұртас, Ернар Айдар сынды танымал әншілерге хит туындылар да жазып үлгерген. Алайда әнші Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында барлығын шетке ысырып, қазақ эстрадасында ойып тұрып орын алу үшін білек сыбана кірісетінін айтып өтті. Мұнымен қатар, көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.

11849072_1040319402654269_306755914_n

Фото: instagram.com/asan_perdeshov/

– Соңғы уақытта көгілдір экраннан көп көрінбей кеттіңіз. Мұның себебі неде екен?

– Иә, бұл сұрағыңыз орынды. Өйткені көпшілік мені соңғы бес жыл көлемінде жеке кәсіппен айналысып кетті деп ойлайды. Алайда мен өнердің айналасында жүрдім. Барлығын шетке ысырып, білек сыбана кіріскен де жоқпын. Пиар менеджер де болмады. Осылайша танымалдылыққа ұмтылыс жолында көптеген қателік болды. Жуырда мұның барлығын түзетіп, үлкен сахнаға қайта оралмақпын.

– Халықтың көңілінен шыққан “Қара қызым” әнін кімге арнаған едіңіз?

– Сүймейтін жүрек болмайды ғой. Жүрегімді жылатқан қара қызға ғашық болдым. Бұдан өзге мұның шығуына жақын досымның інісі себепкер болды. Оның жақсы көретін қызын бөтен біреулер алып қашып кетіп, артынша сол адамға тұрмысқа шығуға мәжбүр болды. Осы жағдай өзіме өте қатты әсер етіп, артынша бірден “Қара қызым” өлеңі жазылды.

– Етікші етіксіз жүреді демекші, бойыңызда өнер адамына тән қандай қасиет жоқ деп ойлайсыз?

– Оттай лаулап жанбасам да, еш жерде жасқанған емеспін. Шақырған жерден қалмаймын. Қолымнан келгеннің барлығын жасап, талпынып жатырмын. Алла сәтін салмай тұрған шығар. Десе де, әлі алға ұмтылып, өнерден өзгесін шетке ысырмақпын. Қолымнан барлығы келеді деп ойлаймын.

– Өмірде өзіңіз туралы қандай сөз айтылмаса екен дейсіз?

– Кезінде Алтынбек Асабаев деген ағам “Танымал болу да, танымал болып жүру де оңай емес” деп айтатын. Сол секілді танымал бола берген сайын артыңнан түрлі сөз еретіні анық. Сөз ермесін деп тілемеймін, керісінше Алла ұялатындай жағдайға қалдырмаса екен деген ойда боламын. Дұрыс жүріп, дұрыс өмір сүруге тырысамын. Ал басқасына дайынбыз.

– Соңғы 5 жылдың ішінде имиджіңіз өзгерді ме?

– Арнайы стилист мамандармен жұмыс істеген жоқпын. Менікі жәй ғана қарапайымдылық, елдер қалай киінсе, соларға еліктеу. Өзімнің талғамыма жүгіне отырып киім таңдау. Қатты өзгердім деп те айта алмаймын. Бірақ стилист мамандардың орны бөлек екенін түсініп, алдағы уақытта олардың көмегіне жүгінбекпін.

– Қазақ шоу бизнесіне қандай жаңалық әкеле аласыз? Жұртты қалай таң қалдыра аламын деп ойлайсыз?

– Бастапқыда әнші боламын деп ойлаған емеспін. Тек өлең мен ән жазып, сазгерлікке бет бұратын шығармын деп ойладым. Қазір екеуін де қатар алып жүрмін. Соңғы кезде сазгерлікке көп бет бұрып кеттім. Қайрат Нұртас, Ернар Айдар және Руслан Мамытов сынды әншілерге біраз ән жаздым. Өзбек, қырғыз ағайындарымыз “Қазақтар бізден ән алды” дегені намысыма тиеді. Әрине, олардың әндерін аударып айтатындарға тағар еш мінім жоқ. Десе де, керісінше олардың бізден ән алғанын қалаймын.

Бұдан кейін Қазақстанда бұрын-соңды болмаған шоу жасағым келеді. Мысалы, сахнаға көрерменді қорқытатындай алып құс ұшып келіп қонады. Кенет әлгі құс әншінің өзіне айналып шыға келеді. Немесе сахнада тұрған кезде жарық сөніп, бірнеше секунд ішінде көрерменнің ортасынан табылу сынды дүниелер жасағым келіп жүр. Нақты осы уақытқа жоспарлап жатырмын деп айта алмайын. Әйтеуір алдағы жоспарлар тізімінде бар.

– Көп қыздың көкейінде жүрген сұрақ – отбасын құрдыңыз ба?

– Бірден айтайын, жасым 29-да болса да, мен бойдақпын. Қазақстанда мен сүйетін қыз жоқ демеймін, Алла бұйырса, тек қазақ қызына үйленгім келеді. Осы уақытқа дейін мені сүйген, мен де өз жүрегімнен ойып орын берген қыздар болды. Айырылысқан соң олар тұрмыс құрып, бүгінде музама айналған. Көп қыз өзімді емес өнерімді сүйді. Өнер адамының жары болу қиын ғой. Төзімді де инабатты аруды жолықтырамын деген ойдамын.


Жіберіп алмаңыз:

Қарақат Әбілдина: Мен маймыл емеспін, табиғи болмысым осындай

Сәдуақасова: Мен бұл өмірде серігім Олжастан артық таза да тәртіпті жан көрген емеспін

Меруерт Түсіпбаева: Ажырасқан соң отбасылы адамға ессіз ғашық болдым

Талқылау