Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аружан Саин өзіне және Желтоқсан оқиғасына қатысқан қызметкеріне сес көрсетіп жатқаны туралы ашық айтты

Таяуда Аружан Саинның «Дом» қайырымдылық қоры даудың астында қалған еді. Оған қор қызметкерлерінің бірі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысып, қазақтарды жаншып, сабағандардың қатарында болғаны туралы ақпараттың тарауы себеп болды. Мұны білген қазақстандықтар Юрий Юринді қордағы қызметінен босатуды талап етті. Алайда Аружан Саин өзінің қорын қаралағандардың мәселесін сот арқылы шешпек, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Аружан Саин

Сурет: matritca.kz

Өз сөзінде Аружан Саин қор қызметкерін айыптаған адамдар тобының оның кінәсін заң жүзінде дәлелдеп, жауапқа тартудың орнына, қоғамда дау туғызып, жалған ақпарат таратып жатқандарын айтып ашынды.

«Мұнан кейін қордың жұмысы таза емес екенін айтып, қор қызметкерлерінің жеке басына, ұлтына тиісіп, басшы ретінде маған, отбасыма жала жауып, әлеуметтік және ұлттық алауыздық тудырып, маған және Юрий Владимировичке ашық түрде сес көрсете бастады», – деп жазды Саин Facebook желісінде.

Осы мәселеге қатысты қоғамда дау туғаннан кейін көпшілік Юрий Юринді қордағы жұмысынан босатуды талап еткен еді. Алайда Аружан Саин қор қызметкерінің осы күнге дейін көптеген игі істі атқарғанын алға тартты. Десе де егер оның сол оқиғаға қатыспағаны және скрин-шоттардың авторлығы туралы өтірік айтқаны дәлелденсе, қызметінен босату қиын емес, дейді ол.

«Юрий Владимирович сол оқиғаға қатысып, бұйрықты орындаса, бүгінгі заңнамаға сәйкес, оны қызметінен қууға заңды негіз жоқ. Еңбек кодексі бойынша, мен сол оқиғаны алға тартып, оны жұмыстан босата алмаймын. Алайда оның өтірік айтқаны дәлелденсе, қызметінен босатуға дайынмын. Түптеп келгенде, Желтоқсан оқиғасына қатысқан жүздеген адам бүгінде мемлекетімізде өмір сүріп, жұмыс істеп жатқанын түсінесіздер ғой. Олардың кейбірі саяси элитаның құрамында жүр», – дейді қайырымдылық қор басшысы.

Сонымен қатар Аружан Саин  өзінің қайырымдылық қорының жұмысын заңсыз әрі күмәнді санайтындармен соттасуға дайын екенін мәлімдеді.

«Қорқатын ештеңем жоқ. Қорға түсетін қаржы мен оның қызметі ашық жарияланған. …Біз Қазақстан азаматтарының берген ақшасына жұмыс істеп келеміз. Және 13 жылға жуық уақытта 18 миллион доллар (бағамның өзгеруін есепке алғанда), нақтылай айтқанда 3 млрд 955 млн 485 мың теңге жиналып, балаларға көмекке жіберілді. Көрсеткен көмегіміздің қарымын қайтаруды сұрамаймыз», – дейді ол.

Өз сөзінде Саин өзінің жиған байлығы, билігі, медальдары мен ордендері жоқ екенін атап өтті.

«Қор жұмысын бастамай тұрып-ақ танымал болғанмын. Маған көпшіліктің құрметі, әлдекімнің мойындағаны қажет емес. Бұл менің өмірім, сондықтан оны қалай сүру керектігін өзім білемін», – дейді Саин.

Сондай-ақ, Аружан Саин қор қызметкері Юрий Юринге қатысты істің тергеуіне қарамастан, бұл істі соңына дейін жеткізетінін айтты.

«Оның айтқанының дұрыс екендігі немесе өтірік айтқаны анықталады. Түптеп келсек, мен де, қор қызметкерлері де 1986 жылы болған оқиға үшін жауап бермейміз. Оған мүмкіншілігіміз жоқ және мұндай істерді тергеумен айналыспауымыз керек. Сонымен қатар біз Юрий Владимировичтің түрлі қиындыққа тап болған адамдарға көрсеткен көмегі мен қиындыққа душар болған балалардың  құқығын қорғағанын ескерусіз қалдыра алмаймыз», – деп түйіндеді Аружан Саин.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау