Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Артық салмағының кесірінен күйеуі Зарина Омаровадан ұяла бастаған

Зарина Омарова 10 жылға жуық үйде отырып, өзінің сырт келбетіне мән беруді доғарған. Әнші осы уақыт аралығында артық салмақ қосып алып, оған қарсы күресуді де қолға алмапты. Тек күйеуі арықтау жайлы меңзегеннен кейін салмақ тастаудың қамына кіріскен.

Артық салмағының кесірінен күйеуі Зарина Омаровадан ұяла бастаған

Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі “Ел аузында” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

“Біразы біледі, толық болдым. Күйеуім айтты, осылай отыра бересің бе, шығу керек, менің әйелім қасымда әдемі болып жүру керек, фигураңды түзе деп айта бастады. Күйеуің өмірде басты адам ғой, соның көзімен өзіме қарай бастадым. Мені жақсы көрмей қалды ма, не боп қалды деген ойлар келді. Арық қыздар ұнаған шығар, мен онша емес шығармын деп неше түрлі ойлар кетті”, – дейді Зарина.

Омарова бала кезінен сахнаға шыққанымен, өнер адамына тұрмысқа шығуды қаламаған. Себебі әртіс жігіттердің махаббатқа тұрақсыз келетінін жастай түсінген.

“25 жасыма дейін жүрдім. Нағыз еркекті іздедім. Жан-жаққа қарамайтын, тек мені ғана сүйетін адамды іздедім”, – дейді Омарова.

Әнші болашақ жарымен кездейсоқ танысқан. Сіңлісінің сөйлесіп жүрген жігітімен кездесуге барып, өзінің де болашақ жарын жолықтырған. Алайда алғаш кездескенде Зарина мен күйеуі бір бірін мүлде ұнатпапты.

“Сіңлім Мадина бір жігітпен араласып жүрді. Ол мені таныстырмақшы болды. Кафеге барып отырдық. Қазір келеді деді. Неге күтуіміз керек дедім басында… Бір кезде форма киген үш жігіт кіріп келді. Мені кекетіп отырды. Өзінше әнші, жұлдыз ауруымен ауыратын шығар деп ойлапты. Кейін мені ұнатып қалғанын өзім де сездім. Мен үшін өте ұмытылмайтын сәт. 2 жыл жігіт қыз боп жүрдік. Бір күні анам, осы жігіт біздің есік алда жүре бере ма, бірдеңе қылсаңдаршы, деді. Сөйтіп үйлендік. Биыл 12 жыл болады”, – дейді Зарина.

Иә, Омарова арманындағы жігітке тұрмысқа шығып, екі баланың анасы атанды. Алайда отбасылық өмірде де бәрі мінсіз бола қоймаған. Артық салмақ қосып алған соң, күйеуі Заринадан ұяла бастапты. Омарова осы уақытқа дейін айтпаған жан сырымен бөлісті.

“Бір отырысқа барғанда менен ұялып тұрғанын байқадым. Кейін түсіндіріп айтты. Арықтасаң, бейнебаян түсіремін, жұмысыңа қайта кірісесің деді. Екеуміз қол алыстық”, – дейді Зарина.

Әнші 20 келіден аса салмақ тастап, шоу-бизнеске қайта оралды. Бүгінде күйеуі айдай сұлу келіншегін қызғанатын дәрежеге жеткен. Алайда білдірткісі келмейді екен.

“Бірақ мен өзім сезіп, біліп тұрамын”, – деп күлді Омарова.

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау