Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арнайы шақыртумен баратын аспаз шетелге 500-литрлік қазанын арқалап жүреді (фото)

Қазақтың көптеген азаматтары ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, келер ұрпаққа мұра болып қалатын дүниелер жасауда. Солардың бірі аспаз Мұхит Әлібеков қазақтың ұмыт болған ұлттық тағамдарын жасап, тіпті оларды сонау ғасырлар бойы асыл мұра болып сақталып келе жатқан ыдыстарда дайындайды. Ол кісі басқа ешкімде жоқ 1800 жылғы 8 құлақты көлемі 500 литрлік қазанға қуырдақ пісіріп, екі ғасырлық 1812 жылы жасалған самаурында шай қайнатады екен.

Аспаз: Қазақстаннан көшіп кеткен басқа ұлт өкілдері қазақтың ұлттық тағамдарын сағынады

Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі аспаздың өнерімен танысып, қазақтың ұмыт болған ұлттық тағамдарының түр-түрін біліп қайтты.

1961 жылы дүниеге келген Мұхит Әлібекұлы аспаздықпен 5 жасынан бастап айналысқан көрінеді. Елге танымал болған сынықшы анасына Өзбекстаннан науқастар келеді екен. Солардың біріне ілесіп кеткен Мұхит ағамыз алғаш тамақ жасауды өзбектерден үйренгенін айтады.

«Менің сынықшы анама Өзбекстанның Самарқанд қаласынан науқастар келген еді. Біздің үйде адамдар айлап емделіп жататын. Осылайша әлгі өзбектермен ілесіп басқа елге барып көргім келді. Сол жақта 87 жастағы қария маған палау жасауды үйретті. Тамақ пісіруге деген қызығушылығым оянып, өзіме өскенде аспаз боламын деп уәде бердім. 10 жасымда анамнан айырылдым, сөйтіп үйде тамақтарды өзім істей бастадым. Бірақ аспаздықпен кәсіби айналысуды 17 жасымда бастап, халыққа өз тағамдарымды ұсына бастадым», – дейді Мұхит Тыныбайұлы.

Мұхит аға бүгінгі қоғамда ұмыт болған ұлттық тағамдарды ерекше тәсілмен дайындайды. Жаубүйрек, қарынқуырдақ сынды тамақтарды жасаумен аты танылған аспаз оларды тек табиғи отын астында жасайды. Қи, ағаш, сексеуілді жағып қазан қайнатады, ыдыстың ішінде бір тағам пісіп жатса, астындағы отқа да басқа тамақты дайындайды.

Арнайы шақыртумен баратын аспаз шетелге 500-литрлік қазанын арқалап жүреді

Тамақ жасау барысында ұстанатын ерекшеліктерінің бірі – ол қайнаған суға тасты салуы. Оның айтуынша тас оттың температурасын бір қалыпта ұстауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мақтаның майын қолданып, қазыны ұнда сақтайды екен. Ұлттық тағамдарды тек ұлттық ыдыстарда жасайтын ағамызда қазанның саны жеткілікті көрінеді. Олардың ең кішісі – 18 литрлік болса, ең үлкені жоғары айтып кеткендей 500 литрлік 8 құлақты қазан болып табылады. Аспаздың айтуынша, қазанда піскен тамақтың, самаурынға қайнаған шайдың дәмдері ерекше болады.

«Мен белгілі бір мейрамханада жұмыс істемеймін. Тек тапсырыстар бойынша тамақ әзірлеймін. Үлкен мереке кездерінде өз ыдыстарымды алып жүруге тырысамын. Мысалы, 500 литрлік үлкен қазаныма Астана қаласында өткен Наурыз мейрамында 250 кг күріш бастым. Экспо көрмесі өткен кезде бес күн бойы өзіміздің ұлттық тағамдарды жасадым. Қойды ұйытып, қуырдақ жасап, қарын-қуырдақ, кеспе-көже жасалды. Көптеген шетелдік қонақтар тамсанып жеген еді. Облыс әкімі Амандық Баталов марапаттаған болатын. Басқа да елімізде болып жатқан маңызды шараларда ұлттық тағамдарды жасап, халыққа дәмін татырған болатынмын», – дейді аспаз.

Ұлттық тағамдардың пайдасын дәріптеп жүрген аспаз ағамыз ұлттық ыдыстарды да жаңғырту керек дейді.

«Қазақтардың ұлттық тағамдары ғана емес, ұлттық ыдыстары да ерекше болған. Бір өкініштісі кезінде тоқырау заманда көптеген ыдыстар сынып, сатылып кеткен. Мысалы, Түркістандағы Тайқазан қайдан шыққан, міне солардың бәрі менің осы сөздеріме дәлел.

Менде қазіргі таңда 1800 жылғы 8 құлақты қазан және 1812 жылғы самаурын бар. Осы ыдыстар үшін маған көптеген азаматтар қомақты ақша ұсынды. Алайда мен оларды сатпаймын да, әрі басқа ешкімге жалға бермеймін де, оларды тек өзім ғана қолданамын. Жаңағы самаурын менің қолыма 1975 жылы берілді. Самарқанд қаласындағы 93 жастағы апам маған мұра қылып қалдырған еді. Мен бесінші иесі болып табыламын.

Бұл самаурындағы шай неге ерекше болады десеңіз, ол таза мыстан жасалған. Екі ғасыр өтсе де еш жері майыспай, сынбаған, одан кезінде хан мен билер шай ішкен. Самаурынға шайды тек сексеуілмен қайнатамын», – деп сөзін жалғастырды Мұхит аға.

Тапсырыс бойынша Қазақстанда ғана емес, басқа да елдерде болатынын мәлімдеген аспаз ағамыз қазіргі жастарды ұлттық тағам жасауға баулығысы келетінін айтты.

«Мен көбінесе тапсырыспен жұмыс істеймін, Қазақстанда туып-өскен басқа ұлт өкілдері де көшкеннен кейін мені шақырып жатады. Сонда таңғалғаным олардың қанына туған жерінің салт-дәстүрлері сіңіп кеткені соншалық, маған бірден қонаққа жылқының етін берейік деп ұсыныс жасайды.

Біздің ұлттық тағамдарымызды осынша құрметтеп жатқанда неге біз оларды келер ұрпағымызға мұра қылып қалдырмасқа. Сол себепті де менің ойымда бір арман бар. Алла қаласа соны іске асырамыз деген жоспарымыз да бар. Ұлттық тағамдарды дайындауды үйрететін арнайы тегін курстар ашсам ба деген. Қазіргі жастар көбінесе коммерциялық тұрғыдан шетелдік тағамдарды жасап сатқанды жөн санайды. Бірақ біз жеке тәуелсіз мемлекет болғандықтан бірінші орында өзіміздің ұлттық тағамдарымыз болуы керек», – сөзін аяқтады Мұхит Әлібекұлы.

Ендеше ұлттық тағамдарды жадына сақтап жүрген еліміздің азаматы Мұхит Тыныбайұлының жоспарлаған ойлары іске ассын демекпіз.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау