Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Армяндық әртістер Қазақстанның Әнұранын орындап жүр

Қазақстанның Әнұраны Арменияда орындалып жүр. Қос ел арасында мәдени байланыс орнату мақсатында армениялық өнер ұжымы осындай жобаны қолға алған.

туууу

Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

«Достық қарым-қатынасты арттырудың бірден-бір жолы руханиятта», – дейді музыканттар. Сондықтан да болар, қазақтың Әнұранын репертуарларына қосып қойыпты. Астана мен Ереван арасы – 3 мың шақырым. Арадағы қашықтық мәдени байланыс орнатуға еш кедергі емес. Мемлекеттік камералық хордың солисі Гагик Арутюнян өз тәжірибесімен осы заңдылықты дәлелдеді. Әншінің қазақша ән шырқауы қиынға соқпады. Бар болғаны екі-үш мәрте дайындық қажет болды.

«Өзге елдің әнұранын орындау үлкен жауапкершілікті қажет етеді», – дейді орындаушы. Осыны ескеріп сахнаға шықпас бұрын ол қазақ тілінің қыр-сырына қанық болып, сөздердің аудармасымен танысқан.

” Мен қазақ тілін білмеймін, сондықтан сөздердің айтылуында қате болып қала ма деп уайымдадым. Кейбір сөздердің айтылуы да қиындау болды, арнайы мамандардың кеңесіне жүгіндік. Ал әуен маған еш қиындық тудырмады. Өте әдемі әрі үйлесімді. Маған Қазақстанның Әнұраны ерекше ұнайды, сондықтан оны үлкен сүйіспеншілікпен орындаймын”, – деді Ереван мемлекеттік камералық хор солисі Гагик Арутюнян.
Қазақ тіліндегі шығарма Армениядағы белгілі өнер ұжымының репертуарына енді. Бұл орындаушылар бірнеше тілде ән шырқайды. Әлемнің әр түкпірінде өнер көрсетеді. Жақын арада қазақстандық көрерменмен жолығуды да жоспарлап отыр.

“Біз Қазақстанның мемлекеттік хорымен ынтымақтастық көкжиегін кеңейтіп, бірлесе бірқатар жобаны жүзеге асыруды көздейміз. Өнерде көршілес елдермен етене араласу ауадай қажет. Ереванның мемлекеттік хор ұжымы Қазақстанмен мәдени байланысты бекемдеп, болашақта өз репертуарларына бірнеше қазақша әуезді ән қосып, өнерсүйер қауымды тәнті етуді жоспарлауда”, – деді Арменияның еңбек сіңірген өнер қайраткері Арутюн Топикян.

Талқылау