Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арман Шұраев Мүфтиятты жемқорлық пирамидасын құрды деп айыптады

Қазақстанда әлеуметтік желі қолданушылары екі күннен бері Арман Шұраевтың мүфтилердің елімізде сәлафиттердің пайда болуына себепші болғандығын айтып айыптаған жазбасын талқыға салуда. Бірі қоғам белсендісін қоштай түсіп, нақты деректер келтірсе, енді бірі керісінше бұл сөздерінің жалған екенін айтқан. Кейінгілердің қатарында Мұрат Манапұлы да бар.

image

Фото: vlast.kz

Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

“Сәлафиттер қайдан шықты?” деп ат қойған жазбасында қоғам белсендісі осыдан 7 жыл бұрын әзірлеген журналистік зерттеу жұмысы туралы баяндаған. Аталған зерттеу жұмысының аясында КТК арнасының қызметкерлерімен бірге еліміздегі Діни басқарманың немен айналысатынын анықтауға тырысқан.

“Бұлар қару кезеніп, оңды-солды неге оқ атып жүр? Меніңше, бұған ең алдымен жастар келешегіне сенімді болуы үшін лайықты жұмыс, баспана және басқасымен қамтамасыз ете алмаған мемлекетіміз кінәлі. Екіншіден, имамдарымыз бен ҚМДБ-ның үлкен кінәсі. Тәуелсіздік жылдары мешіттің санын көбейттік рас, бақандай 2 мыңға жеткіздік! Тек мешітті көбейткенімізбен сол мінәжат үйлері ішіне сенім дәнін себе алдық па?!

Осы жылдардың бедерінде жамағат алдына еркін шығып, қиын ұғымдарды қарапайым тілмен тәпсірлеп, тура жолға жөн сілтеген бірде-бір мүфтиді көргем жоқ. Бұл бұл ма, бүкіл біздегі Мүфтият жүйесі тұтастай жең ұшынан жалғасып, қоғамды жегідей жеп жатқан жемқорлық, парақорлық және заңдастырылған бопсалаумен әбден шырмалған”, – дейді ол.

Ары қарай Арман Шұраев өз сөздеріне дәлел келтірген. Түркиядағы имамдардың керісінше қара жамылған отбасыға өзі келіп көмектесетінін, ақша ұстатпастан, тегін жылумен қамтамасыз етіп, қажет дүниесін ұсынатындығын айтқан.

“Бізде болса бәрі керісінше. Алдымен мешітке бару керек, имамды көндіру керек, алып кету-алып бару, төрге отырғызу, етке толтырып, пакет ұсыну, қалтасына ақша салу. Мұның бәрі Исламға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дөрекі жоралғылар деп білемін. Бұдан бөлек, тағы да сол Түркия мен Саудиттерде су апаты, зілзала сияқты табиғи апаттар болған жағдайда төтенше жағдай жөніндегі қызметпен бірге молдалар да қоса келеді. Жұртқа тамақ үлестіріп, мал-мүлік үлестіреді. Біздің жалған молдаларға мұндай ізгі іс бастарына кіріп те шықпайды.

Осыдан жеті жыл бұрын мен КТК арнасында журналистік зерттеу ұйымдастырдым. “Біздің Діни басқарма немен айналысады?” деген мәселені көтеріп, мұсылмандар беретін садақа қалай жұмсалатынын зерттедік… Сол тұста мен меншікті тілшілерімізге облыстардағы мешіттерге барып, камералар көзінше садақа жиналған жәшіктердегі ақшаны санау сәтін түсіріп алуды сұрадым.

Қазіргідей есімде, жеті бірдей облыстағы тілшілерімізге бұлай жасауға рұқсат берген жоқ. Тек Ақтөбеде алдында ғана имам келіскен сияқты еді, алайда кешкісін камерамен барғанда айнып шыға келді. Айтуынша, діни басқармадағылар телефон соғып, түсірілім жасалса, имам жұмыссыз қалатынын қатаң ескерткен екен. Осылай болғасын, садақа, пітір мен басқа да қайырымдылықтардың есеп-қисабын өзімізше жүргізіп көрдік”, – дейді Арман Шұраев.

Зерттеу нәтижесінде, елдегі мешіттердің жылдық айналымы шамамен 70 млн доллар екендігі анықталған. Шұраев мұны вертикал бойынша жолға қойылған жемқорлық пирамидасына теңеді.

“Бұл Мүфтият емес, вертикал бойынша жолға қойылған жемқорлық пирамидасы. Мұны мен ғана емес, жүздеген балалар да түсінеді. Олар мәрмәрмен апталып, күмбезін алтын жалатқан мұнаралы сарайлардан сенім таба алмай қынжылып, өзге дүмше діндерге ұрынып қалып жатуы да содан. Осы жағдай өзгермейінше, сәлафиттер қаптаған үстіне қаптай береді. Ағынан жарылғандағы сөзім осы”, – дейді қоғам белсендісі.

Шұраевтың бұл жазбаны жазуына Алматы қаласында 18 шілде күні болған қанды оқиғаның тікелей әсер еткен екен. Мұнымен қатар, ол өзіне желі қолданушылары тарапынан жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді. Әдетте оған “зекет, садақа” тақырыбына қатысты сұрақтар жиі қойылады екен.

Айтуынша, өткен жылы жас отбасыға науқас балаларын Сеулге апарып емдеу үшін 3 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткен. Туған ауылындағы ескі су тартқыштарды жөндеу үшін 600 мың ақша жұмсаған.

Аталған жазба желі қолданушылары арасында көптеген талас тудырды. Бірі қолдау көрсетіп, енді бірі имамдардың “әрекетін” жақтай түскендей болды. Алғашқылардың қатарында Айдос Сарым да бар.

“Шындығында, діни ұйымдарды қаржыландыру тақырыбы бізді қуанта қоймайды. Менің жобалауымша, дәл қазір ҚМДБ бірнеше ондаған млрд теңгені белгілі бір мақсаттарына жұмсайды. Бұл жәй ғана көшеде жүрген адамдардан түсетін ақша. Және бұл ақшаның айтарлықтай бөлімі нағыз кэш.

Бұл ақшалар банкоматтар мен терминалдар арқылы салынуы тиіс қой. Біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. “Кіріске түскен” кез келген ақша салыққа қатысты қылмыстық іс ретінде қаралуы тиіс әрі салдары да болуы керек. Екінші бір маңызды пункт. Экстремизмді қаржыландыру”, – дейді Айдос Сарым.

“Арман Шұраевты толықтай қолдаймын. Осы тақырыпты үнемі көтергім келіп жүретін. Алайда батылым бармайтын еді. 10 жыл бұрын президентіміздің қатысуымен Астанада өтетін шараның ұйымдастырылуына атсалыстым. Ол жерде көптеген беделді тұлға болды. Алайда ең мықты кортеж еліміздің бас мүфтиінікі болып шықты.

Айналасында күзетшілері де толып тұрды. Бұл мәселеде Құранға жүгінсек, ол Алладан өзге ешкімнен қорықпауы керек қой. Өз басым автокөліктерден бағасын кереметтей айыра алмаймын. Алайда менің жанымдағы адамдар мүфтидің көлігінің бағасы 1 миллион АҚШ долларынан асатынын айтты”, – дейді Жанна Исабаева.

Астана қаласынның үш мешітіне қойылған “Садақаға” арналған банкоматтар жұмыс жасамай тұр екен. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің дінге жауапты Комитетінің орынбасары Ғалым Шойқын өзінің Facebook желісіндегі парақшасында айтып өтті.

“2015 жылы Дін жұмыстары комитетінің кеңесімен Астананың үш мешітіне “Садақаға” арналған 8 банкомат қойылған болатын. Алайда бүгінде жергілікті халыққа дұрыс түсіндірмеу, аталған техника жұмысының қымбат бағасына байланысты жұмыс істемей тұрса керек.

Осыған орай, комитет ҚМДБ-ға банкомат басшыларымен келісіп, кез келген қайырымдылықтың осы банкоматтар арқылы жүзеге асырылып, Мүфтияттың ресми шотына түсуіне жағдай жасауды ұсынады. Мұнымен қатар, Мүфтиятқа қанша қаржыны қай жерге жұмсағандығы туралы ақпаратты БАҚ өкілдері арқылы таратып отыруды ұсынады. Меніңше, осының барлығы шындықты айқындап, жергілікті халықтың Мүфтиятқа деген сенімін арттыра түседі”, – деп жазады Ғалым Шойқын.

20160722110627

Енді бір желі қолданушылары керісінше қоғам белсендісінің бұл пікірімен келіспейтіндігін айтты.

“Жазбаларыңызды оқып отырғанымда көзіме жас келеді. Біз мешітке әдетте бірнеше мың ғана береміз. Ал тойымызға Мұзартты шақырсақ, оларға бірнеше мың доллар ұсынамыз. Біздің мешіттер мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Олар коммуналдық салықты жамағаттан жиналған ақшадан алып төлейді.

Барлық дерлік мешітте тәжид оқудан үлкендерге және балаларға арналған курстар өткізіледі. Мұғалімдерге де жалақы төлеулері керек. Имамдар да өз отбасыларын асыраулары керек. Мұның барлығына ақша керек. Мүфтиятқа еш қатысым болмаса да, сіздің сөздеріңіз үшін ренжіп тұрмын”, – дейді Гауһар Атақанова.

“Имамдар өз қызметіне ақша алады дегенге қатысты айтқым келіп отыр. Имамдар да отбасын асырайды. Сіз де тегін жұмыс істемейсіз ғой”, – дейді облыс имамының әйелі Гүлмира Менянбаева.

Жұртты шулатқан жазба әлі де қызу талқыланып жатыр. Арман Шұраевтың бұл жазбасына қатысты Мұрат Манапұлы өзінің фейсбук желісіндегі парақшасында жауап берген-ді.


Жіберіп алмаңыз:

Дін жолындағы 1182 баланың ата-анасы сәбиіне екпе жасатпай жүр

Астанада дінінен жерінген келіншек хәл үстінде жатқан қызына қан құйғызбай шу шығарды

Алматыда полицейлерді қырған лаңкестің әйелі халықтан кешірім сұрады

Танымал неміс журналисі айт кезінде ислам дінін қабылдады

Талқылау