Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әрқайсысы өз бетімен": Смайылов инвестиция саласындағы олқылықтарды сынады

ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов Қазақстанға инвестиция тартудағы олқылықтарды атады. Бұл туралы ол Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Смайыловтың айтуынша, Қазақстанға тартылатын таза инвестициялар көлемі 2016 жылғы 8,5 млрд доллармен салыстырғанда, 2018 жылы 3,8 млрд долларды құрап, екі есеге төмендеген. Экономиканың шикізаттық емес секторларына тікелей шетелдік инвестициялар олардың жалпы көлемінің үштен бір бөлігін ғана құрайды. ҚР премьер-министрінің тапсырмасы бойынша осы мәселе жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, қолданыстағы механизмдерге егжей-тегжейлі талдау жүргізіліп, ағымдағы қызметтің тиімсіз болуының себептері анықталған. 

"Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасында инвестициялар саласында іс-қимылдарды жалпы үйлестіру жоқ. Инвестициялық климатты қалыптастырумен министрліктер, ұлттық компаниялар, әкімдіктер және басқалар айналысады. Бірақ олардың әрқайсысы өз бетімен жұмыс жасайды. Астана халықаралық қаржы орталығында жасалған құралдар пайдаланылмайды. Әлемдік инвестициялық қоғамдастық үшін түсінікті форматта рәсімделген және ұсынылған тартымды жобалардың саны жеткіліксіз. Елдің инвестициялық имиджін шетелде ілгерілету жөніндегі жұмыс тиісті деңгейден әлі алыс", - деп тізбектеді Смайылов.

Министрдің айтуынша, осы жүйелі проблемаларды шешу үшін 19 сәуірде жұмыс тобының ұсыныстары негізінде Үкімет "Қазақстан Республикасына шетелдік инвестициялар тарту жөніндегі шараларды күшейту туралы" қаулы қабылдап, инвестициялар тарту бойынша жұмыстың жаңа архитектурасы жасалды. Жаңа архитектурада ҚР премьер-министрінің төрағалығымен инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды.

Кеңес құрамына премьер-министр орынбасарлары, негізгі министрліктердің, Астана халықаралық қаржы орталығының, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық компаниялардың, "Атамекен" ҰКП бірінші басшылары, сондай-ақ, жоғарғы соттың, бас прокуратураның және ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары кірді. Инвестициялар жөніндегі Омбудсмен болып Қазақстанның премьер-министрі тағайындалды.

Талқылау