Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арқалықта әйел 60 жастағы күйеуін өлтіруге тапсырыс берген

Арқалық қалалық полиция басқармасы 60 жастағы өз күйеуін өлтіруге тапсырыс берген әйелге қатысты қылмыстық іс қозғады. Тәртіп сақшылары күдіктіні тұтқынға алған. Бұл туралы ІІД хабарлайды.

b442b98742f4dd0a1b9c91ca00e60dbd

Сурет finance.bigmir.net

Полицейлерге 54 жастағы әйел киллер іздеп жатыр деген ақпарат түседі. Өлтіру әрекетін жүзеге асырған адамға ол 70 мың теңге сыйақы да дайындап қойыпты.

“Аталған дерек бойынша арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Оны Арқалық қаласы полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Төрехан Жаңғылышев басқарады”, – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Полицейлер іс сеніп тапсырылған “орындаушыны да” тапқан. Ол өлтіруге тапсырыс беруші әйелмен байланысқан. Әйел алдын-ала 5 мың теңге беріп, қалған ақшаны қылмыс іске асқаннан кейін беруге уәделескен. Бірнеше күн өткен соң ер адам күйеуінің ұялы телефоны мен жеке заттарын әкеліп беріп, өлтірдім деп келген.

Полицияның хабарлауынша, барлық арнайы операция аудио және бейне құрылғыларға жазылып алынған. Ақшаны беру кезінде күдікті қолға түсті. Полиция қызметкерлерін көрген әйел қатты таңқалған. Ол бұл әрекетке күйеуімен арадағы ұрыстан кейін бардым деген. Ол күйеуімен 14 жылдан бері некеде екен. Бұрын да бір мәрте үйленіп, жесір қалған.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 99 бабы 2 бөлімі негізінде қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тексеру жұмыстары басталып кетті. Күдікті 15-20 жыл аралығында бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Талқылау