Арқалық – болашақтың қаласы: аты дүркіреген бұрынғы Торғай облысының бүгінгі халі қандай? (фото)

Бұрынғы дүркіреп тұрған Торғай облысының орталығы, арайлы Арқалық, жастар қаласы деп атанып кеткен шахар қазір мүшкіл күйге түсіп, Қостанай облысының кішкентай ауыл іспетті қалаларының біріне айналды. Ал тұрғындары жаңа мүмкіндіктер іздеп, Астана, Қостанай, Алматы қалаларына қоныс аударуда. Қалған 30 мың шақты тұрғынды қаңыраған қалада не ұстап тұр? Аймақтағы Stan.kz тілшісі біліп қайтты.

Кезінде атағы күллі Қазақстанға дүркіреп тұрған Торғай облысының орталығы Арқалық гүлденген шағын қалалардың бірі еді. 90-ншы жылдардағы тоқыраудан кейін облыс жабылып, қала да үлкен күйзеліске ұшырады.

70 мыңға жуық халқы бар қаланың жұмысқа қабілетті тұрғындары жақын маңдағы Астана, Қостанай, Атбасар қалаларына, Алматыға қоныс аударды. Қазір қалада сол жерде туып-өскен арқалықтықтар некен-саяқ.

Қаладағы шағын аудандар жабылып, қаңыраған ғимараттар мен үйлер қалды. Жұрт ондаған жылдар тұрған баспанасын тастап кетті. Ғимараттардың құрылыс материалдарын алып, өндірмек болған талай адам қирандылар астында қалып, өмірімен қош айтысты.

Қаланың қазіргі халі мүшкіл, адам тұратын ғимараттардың өзінің тоз-тозы шыққан. Подъездердегі баспалдақтар осыдан 20-30 жыл бұрын шіріп, қазір тек қаңқасы қалған. Тұрғындар шама-шарқыларынша ағаштан баспалдақ жасап қойған.

Қалада жұмыс та жоқтың қасы. Тек “Тургай Алюминстрой” деген ЖШС, мектептер мен жалғыз жоғарғы оқу орны, полиция, әкімдік қана азғантай халық бөлігін қызметпен қамтамасыз етеді.

Біз әлі де Арқалықта қалып, күн көріп жүрген бірнеше тұрғынды сұхбатқа тартып едік.

Олардың айтатыны: “Арқалық – моноқалалардың ішінде ең қарқынды дамып келе жатқан мекен. Өз ойым. Сол себепті Арқалықта жұмыс істегім келеді, істеп жатырмын. Арқалық – жастардың қаласы. Болашағы бар деп ойлаймын, тұрақты жұмысым бар, тұрақты жалақымды аламын. Барлық туған-туыстарым осында. Бәрі түзелетініне сенімдімін”.

Облыстың жабылғанына биыл 21 жыл толса да (1997 жылы жабылған – ред.), оқтын-оқтын әлеуметтік желілерде” облыс қайта ашылайын деп жатыр екен”, “Назарбаев қайтадан ашайын деп жатыр екен” деген алыпқашпа әңгімелер дүрліктіріп жатады, жұмыссыздықтан, тұрмыстың төмен деңгейінен шаршаған тұрғындар үміттеніп қалатыны бар. Алайда, өкінішке орай қаланың жас тұрғыны айтқандай, қарқынды дамудың ешқандай нышаны да байқалмайды.

Раушан есімді балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін келіншек, Арқалықтың болашағы бар ма? деген сауалымызға “Білмеймін, оны айта алмаймын, түбінде кететін шығармын Қостанайға. Бір-екі жылда” деп қысқа қайырды.

Арқалықта туып өскен зейнеткер Ажар Жансейітова: “Осы қалада туып-өскенмін, енді ешқайда да көшпейміз, неге десеңіз біздің еліміз, жеріміз осы жақ. Болашағы болады, өйткені мекемелер бар, рудоуправление бар, ет өңдеу комбинаты бар екен. Өзім ойлаймын, болашағы болады ғой деп. Ешқайда да көшпеймін. Қазір пенсиядамыз. Пенсиямызды уақытында аламыз, жылу бар, су бар, жағдайымыз жақсы”, – дейді оптимизмге толы зейнеткер.

Қаладан бұрыннан келе жатқын жалғыз жоғарғы оқу орнын Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты жұмыс істейді. Ең қызығы студенттердің дені – оңтүстік аймақтардан келген жастар. Аталған институтта кезінде этнограф Сейіт Кенжеахметов, ғалым Жүмаш Сомжүрек талай жылдар қызмет кеткен. Сондай-ақ бірнеше колледж бар.

Соңғы жылдары қалады бірнеше жаңа ғимараттар, ойын-сауық кешендері, тойханалар, моншалар және мемлекеттік тұрғын-үй баспанасы бойынша үйлер салынды.

 

 

 

“Арқалықтан көшпейтін себебіміз, мұнда отбасымыз бар, жұмысымыз тұрақты, достарымыз бар. Арқалық – болашақтың қаласы, себебі жастардың бәрі осында. Оларға арналған түрлі ойын-сауық орталықтары салынып жатыр, мемлекет тарапынан үлкен көмек көрсетілуде. Сондықтан үмітіміз зор”, – дейді жас келіншек.

 

Материалды дайындаған Жұмагүл Нұрханова, Арқалық қаласынан

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter © stan.kz

Источник: Stan.kz

Загрузка...
Орташа айырбас бағамы
10.12.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Соңғы жаңалықтар