Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы: Токио Олимпиадасынан кейін Райымқұлова отставкаға кетуге міндетті

ҚР Ұлттық музейінің директоры, экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы Токио Олимпиадасындағы Қазақстан құрамасының нәтижесі жайында пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Жетінші арна” бағдарламасына сілтеме жасап.

Еске салайық, Токио Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 8 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық рейтингте 83 орын алды. Бұл осыған дейін өткен жазғы Олимпиада ойындарындағы Қазақстан құрамасының ең төменгі көрсеткіші.

"Рио Олимпиадасында қола жүлде алғанда қуанбай, қайта өкініш білдіргенбіз. Риода 10 спортшы қола жүлде алды, 5 спортшы күміс жүлде алды. Күміс алғандардың алтын медаль алуға да мүмкіндігі болды", – деді экс-министр.

Арыстанбек Мұхамедиұлы Токио – 2020 алдында қазақстандық спортшылардың дайындығы жоғары болғанын айта келе, не себепті алтын медальға қол жеткізе алмағанына қатысты ойын жеткізді.

"Олимпиадаға дейін министрлікте спортқа жауапты үш вице-министр ауысты. Елдос Рамазановты орнынан босатып, Сәкен Мұсайбековты тағайындады. Кейін бұл жерге Ерлан Қожағапанов келді. Спорт комитетінің төрағасы Серік Сәпиевті Олимпиадаға алты ай уақыт қалғанда декреттік демалысқа жіберді. Тіпті оны қызметінен босатпақ болған. Оның орынбасары Серік Жарасбаевты Олимпиадаға аз уақыт қалғанда орнынан алып тастады. Тур де Франс турнирінде 7-орын алған Алексей Луценконы тәрбиелеп жүрген Александр Винокуровты шеттетті", – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Бағдарлама соңында журналист "Осы Олимпиададан кейін министр отставкаға кетуі керек пе?" деген сұрақ қойды.

"Көп министрді мысалға келтіруге болады. Мәселен, Ерболат Досаев, Жер мәселесіне қатысты Елбасыдан отставкаға жіберуін сұрады. Ол бұдан жеңілген жоқ. Мәдениет және спорт министрлігінің ерекшелігі – жеңіс пен жеңіліс бар. Жетістік болса, жеңімпазсың. Көрсеткіш болмаса, ол түсінікті", – деп жауап берді экс-министр.

Журналист министрдің отставкаға кетуі туралы сұрақты тағы да нақтылап қойып, "Иә, немесе Жоқ" деп жауап беруін өтінді.

"Міндетті. Жауапкершіліктен қашпау керек", – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Айта кетейік, Арыстанбек Мұхамедиұлы 2014-2019 жылдар аралығында мәдениет және спорт министрі қызметін атқарған. Ал 2019 жылдан бастап ҚР Ұлттық музейінің директоры. Ақтоты Райымқұлованың алдында министр міндетін атқарған Арыстанбек Мұхамедиұлы ел тарихында ең ұзақ отырған министр екенін де естеріңізге сала кетейік. 

Талқылау