Арбаға таңылған ақын өзінен біршама жас кіші қызды қалай жар еткенін айтып берді

Сейсенбі, 16 Тамыз , 2016 18:12

Оның есімі ендігі бүкіл қазақ еліне мәшһүр. Оның есімін әйгілеп, айды аспанға шығарған оның арбаға таңылған мүгедек тағдыры емес, қайсарлығы мен табандылығы, таланты мен ерекше ақындығы еді.

e34608c99c0a43c8d96fb22c364e7d7e

«Шабытыммен қасылар қотырым бар,

теңіздей тасытатын толқыным бар,

Денсаулықтың қадірін білмейтіндер,

Бір күн менің арбама отырыңдар» – деп жырлап, тағдырдың теперішіне төзімділік танытып келе жатқан ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымовты қазір ел таниды, – деп хабарлайды Асыл арна.

Ол – өмірге құштар жан. Мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан Нұрмұхаммед ақын бірнеше жыр жинағының авторы. Ол өмірдегі барлық қиындықты төзіммен, сабырмен жеңген ақын. Өлеңдерін аузына таяқша тістеп, ұялы телефонға хабарлама түрінде жазып, не бары 4-5 жылдың ішінде ақындық әлемде төселіп, екі жыр жинақ шығару деген – үлкен жетістік.Ол бүгінде отбасын құрып, жар сүйді, арманына қол жеткізді. Алматы мен Астанадан алыста жатса да, ақынды ауылына арнайы іздеп барып, сұхбаттасқан едік…

– Ассалаумағалейкум, Нұрмұхаммед аға! Денсаулығыңыз қалай? Осыдан тура бір жыл бұрын шаңырақ көтердіңіз. Бүкіл қазақ елі болып қуанып қалдық. Қазір міне, Аллаға шүкір, бір басыңыз екеу болды. Сіздің әрбір жақсы жаңалықтарыңызды естіп, бізден шалғайда болсаңыз да әрдайым тілектес болып, қуанып отырамыз. Бізді қуантатын тағы қандай жақсы жаңалықтарыңыз бар?

d25052b06c362ff0effcc93bd2e7535e

– Уағалейкумассалам! Рахмет, қарындасым! Алланың берген күш, қуатының арқасында өмір сүріп жатырмыз, денсаулығым бірқалыпты. Бір Алланың жәрдемімен, сосын ата-анамның, қасымдағы асыл жарымның арқасында жолымда кездескен қиындықтарды жеңіп келемін. Алланың қалауымен шаңырақ көтергеніме  міне, биыл бір жыл толды. Маған Алла бұл күнді де көрсетті. Жасаған Иеміз барлық сынақтардан алып өтіп, бақытын ұсынды. Осыған дейінгі өмірім мың күдікпен арпалысып өткен еді. Осылай өмірден өтермін дейтінмін. Жоқ, менің де көрер жарығым бар екен. Қасиетті Құрандағы «Ибраһим» сүресінің 7-аятында айтылған:  «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты»  деген сөздерді жиі қайталап, іштей өзіме күш алатынмын, үмітімді үзбейтінмін. Күні-түні Алладан дұғамның қабыл болуын тіледім. Менің осы бір арманым мен тілегімді қабыл алып, мені де елеусіз қалдырмағаны үшін қазір Аллаға сансыз шүкіршілік айтамын. Мүмкін, бұл барша мұсылман бауырларымның маған деген аппақ тілегінің әсері шығар, сол тілектердің қабыл болғаны шығар…

e220c28e35836166a97af3a804b5923e

Отбасын құрғаннан кейін менде ерекше бір күш пайда болды. Бұрын темір арбаға танылып, іштей өзімді-өзім жей беретін едім. Қазір Аллаға шүкір, барлығы керісінше. Қасымда маған қолдау білдіретін,  шынайы жанашырлық танытатын адал жарым бар. Бұрын қуана қалсам, не қайғы бұлты төне қалса бірден ұялы телефоныма қарай ұмтылып, ішімдегіні ақтара салып, тынышталатынмын. Қазір міне, қасымда өміршең өлеңіме айналған өмірлік сырласым бар.

– Аға, сіз мектеп партасына отырып, бүгінгінің оқушылары сияқты қалам мен қағазға өз қолыңызбен шимайлап жазуды армандадыңыз. Міне, сол арманыңызды Алла осы шағыңызда орындаған екен. Жақында ғана мемлекеттік грант иегері атандыңыз. Құтты болсын!

– Жарымның қолдауымен, демеуімен жақында Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің «Журналистика» факультетіне құжат тапсырып, емтихан тапсырдым. Шығармашылық емтиханнан ең жоғары 50 балды  жинап, қазақ тілі мен тарих пәнінен 43 балл жинап, барлығы  93 баллмен мемлекеттік грант иегері атандым. «Егемен Қазақстан» газетіндегі мемлекеттік грант иегерлері тізімінен өз аты-жөнімді көргенде ерекше қуандым. Менің де ел қатарлы білім алып, менің де сауат ашқым келеді. Міне, енді Алла қаласа мен де ел қатарлы студент атанып, білім алатын боламын.

– Бәрекелді! Алла берекесін берсін! Аға, жарыңыздың есімі – Әйкерім екен. Кезінде хәкім Абай өз Әйкеріміне жолығардан бұрын ән салған Шүкімәнді түсінде көреді ғой. Сол сияқты сіздер қалай таныстыңыздар? Әлде игі жандар себепші болды ма?

– «Жасым­ 37-ге келсе де, әлі шаңырақ құра алмай жүрмін» деген ой жиі мазал­айтын. Соңғы 2-3 жылдың ішінде қатты шаршап, ашушаң болып кеткенімді  байқадым. Артымда егер ізім қалмаса­, жиған дүниенің не қажеті бар? Сөйтсем, Алла Тағаланың тартуы алдымда тұр екен. Мен оны сезбеппін.

Біз бұрын да таныс болатынбыз. Бізді жақын таныстырған спорт. Мен әдеттегідей шахматтан облыстық жарысқа қатыстым. Ол теннистен қатысып, бағын сынады.  Әйкерімнің  өте иманды, ибалы екені бұрын да мені сырттай сүйсіндіретін. Ойын арасындағы үзілісте біздер жақын сөйлесе бастадық. Әңгіме арасында Әйкерім менің оқырманым екенін, жинақтарымды, мен туралы газет-журналға, әлеуметтік желілерге шыққан мен жайлы мәліметтерді қалдырмай оқып тұратынын айтты. Іштей риза болып қалдым. Әйтпесе, қазір өлең оқылмайтын заманда, мен тұрмақ тірі классик ақындардың өзін оқымайтын заманда бұл маған қуаныш болды. Әңгіме арасында ол: «Аллаға шүкіршілік, сіз өз ортаңызда танымалсыз, зерек жансыз. Аға, сіздің ендігі арманыңыз не?» деп сауал тастады. Көкейімде қанша жылдан бері тұншығып жатқан асыл арманымды айтуға жүрексіндім. Жымиып қоя салдым. Аздаған үнсіздіктен соң: «Арманым – отбасын құрып, сәби сүйіп, Алланың разылығын алу» дедім. Әйкерім маған таңданыспен қарады. Сөйтсем, ол менің отбасым, балаларым бар деп жүр екен. Туғаннан осы ауыр халмен дос екенімді қайдан білсін…

– Әйкерімнің жасы не бәрі 18-де ғана екен. Бұл заманда бұл жастағы қыздарымыз бір отбасының еркетотайы.

Сіздердің араларыңызда біршама жас айырмашылықтарыңыз да бар. Сезіміңізді қалай білдірдіңіз?

– Жоғарырағы әңгімеден кейін ол менімен жақын әңгімелесіп, сырласа бастады. «Менің осы жағдайымды біле тұра маған  жар болатын аяулы ару болса ғой шіркін» деген тілегімді білдіріп, арбаммен алға қарай жөнеле бергенімде ол мені тоқтатып:

« – Аға, мен бұрын сіздің отбасыңыз бар шығар деп ойлайтынмын. Өмірлік азаппен, арбамен арпалысып келе жатқан тағдырыңызға қарап, сіздің әрбір өлеңіңізді оқыған сайын сізді іштей түсінетінмін. Алланың разылығы үшін сіз секілді қазақтың бір ақынын бақытты етсем деген тілегім де бар» деген сөзін естіп, еріксіз жылап жібердім. Шынымды айтсам, соңғы рет бұлай қуаныштан қашан жылағаным есімде де жоқ. Осы уақытқа дейін азаптан, қасіреттен жылаған шығармын. Бірақ, бұл көптен күткен шынайы қуаныштың көз жасы еді… Көп кешікпей құда түсіп, Әйкерімді қазақы салтпен сырға салып, той жасап шаңырағыма келін етіп алып келдім. Көпшілігі сұрап жатады, араларыңыздағы жас айырмашылығы сіздерді қалай байланыстырды деп. Оның ешқандай айырмашылығы немесе қиындығы болмайтын секілді. Екеуміз замандас сияқтымыз. Ол мені, мен оны жақсы түсінеміз, ең бастысы осы. Ол өзінің сабырлы, ибалы болмысымен келіндік міндетін бұлжытпай орындайтын ата-анамның аяулы келіні атанды. Ұзақ жылдар бойы күткен бақытыммен таныстырған, табыстырған Аллаға мадақтар болсын!

– Аға, ақылына көркі сай сіздің Әйкеріміңізге сырттай қатты сүйсініп отырмын. Батыл, батыр қыз екен. Жарыңыздың қандай қасиеттерін ұнаттыңыз?

– Шыншылдығын, имандылығын ұнаттым. Жас болса да аузынан Алласын тастамайтын иманды, ибалы болмысын ұнаттым. Мені түсінетін, жағдайымды айтқызбай ұғатын сабырлығын, темірден де мықты төзімін ұнаттым. Маған деген шексіз мейірімін, кіршіксіз көңілін ұнаттым. Міне, бүгін таңғы асымды аяулы жарымның қолынан ішіп отырмын. Әлемде мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ! Қазір көпшілігіміз мейірімге мұқтаж жандармыз. Бір жылы көзқарастың өзі адамға үлкен бақыт сыйлайтын заманда өмір сүріп жатырмыз. Мені осындай шексіз мейіріміне бөлеген Алла Тағалаға сансыз шүкіршілік айтамын…

(Әңгіме арасында ақынның жары Әйгерімді де сөзге тарттық)

– Әйкерім, ақынның жары болу жауапкершілігіне қалай қадам бастыңыз?

–  Кеше ғана орта мектепті бітіріп, бүгін ақ босаға аттап, өзінен біршама үлкен әрі арбада отыратын азаматтың жары атану – бұл Алланың менің маңдайыма жазған тағдыры, маған сыйға тартқан бақыты деп есептеймін. Қыз баласының ең бірінші миссиясы, яғни басты міндетін кейбір құрбыларым сияқты карьера жағалап, білім-ғылымның соңынан қуып кету деп есептегенім жоқ. Бар болғаны, қазақтың аяулы бір азаматын қолымнан келгенше бақытты еткім келді. Сол азамат қазақтың аяулы ақыны, мақтанышы – Нұрмұхаммед екеніне көзім жеткенде шыны керек менен асқан бақытты адам болған жоқ. Иә, қазір таныстарым, көрген сырт көз адамдардың барлығы «сен әлі жассың ғой» деп таңданысын білдіріп жатады. Ең бастысы, жас айырмашылығында емес, шынайы ниет пен дұрыс ойдың үйлесімділігінде. Алғаш көргенімде Нұрекеңнің сабырлы, қайсар мінезін ұнаттым. Тағдырын темір арбаға байлап қойған құрыш қазақтың мықтылығына сырттай қарап қызығатынмын. Көз алдыма сыр бойылық талантты ақын – Зейнолла Шүкіров елестегендей болатын. Ақындығы мен ақылы, таланты мен төзімі қатар өрілген өнерлі, иманды азаматтың жары атану мен үшін үлкен мақтаныш! Бір сөзбен айтқанда, Аллаға шүкір, мен бақытты жанмын!

– Сіз бұған дейін келін атану ұғымын қалай ұғынған едіңіз?

– Келін атану ұғымын келесі бір әулеттің мақтанышына айналған қыз баласы деп түсінемін. Ең алдымен әйел адам мықты болуы керек деп есептеймін. Барлық қиындықты сабырмен жеңіп шығуы керек. Сонда ғана бақытты отбасының керемет көрінісін көре аласыз. Аллаға шүкір, қазір мен жарымды өзімнің әкемдей сыйлап, ағамдай құрметтеймін. Аяулы жары болып аялаймын. Еркелетемін, еркелей де аламын. Жарымды еркелетіп, «Нұреке» деп атайтын болдым. Бұл да бір сыйластықтың бастауы. Әйел адам ерінен бір саты төмен екенін ешқашан естен шығармаса сонда ғана отбасының берекесі артады деп ойллаймын.

– Алла ұзағынан еткей! Әйкерім, жүрек түкпіріңізде тағы қандай да бір армандарыңыз бар шығар…

– Менің өмірдегі ең басты арманым орындалды! Қазір, Аллаға сансыз шүкіршілік, аяулы жар, ардақты келін атандым. Ата-енем мені өз қыздарынан артық көрмесе, кем көрмейді. Жарымның күнделікті тамағын әзірлеп, киімдерін тазалап, үй шаруасымен айналысып, ата-енемнің және жарымның разылығын алғаннан асқан бақыт жоқ екен. Өзімнің қателеспей жасаған таңдауыма ешқашан өкінген емеспін, өкінбейміне де. Қайта мақтанышпен, ерекше сезіммен айта аламын ақынның, адал азаматтың жары екенімді. Әрине, енді тағы бір арманым бар. Ол – Нұрекеңнің ізін жалғастыратын сәбилерді дүниеге әкелу. Алла нәсіп етсе, ендігі осы арманыммен табысқым келеді. Болашақ ақынның ізін жалғастыратын, иманды, салиқалы ұрпақты дүниеге әкеліп, солардың анасы атанғым келеді…

– Әңгімелеріңізге рақмет! Алла разы болсын! Отбасыларыңызға амандық тілейміз.

Жіберіп алмаңыз:

Арбаға таңылған спортшы көп балалы әке атануды армандайды (фото)

Алматыдағы марафонға қатысқан арбаға таңылған мүгедек жанға көпшілік қайран қалысты (видео)

Ақтөбеде мүгедек балаларды атқа мінгізіп емдеуде

Қол-аяғы жоқ кемтар баланың қайсарлығы көрген адамды қайран қалдырады (фото, видео)

 

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Источник: Stan.kz

7
Комментариев

Leave a Reply

Your email address will not be published.

Орташа айырбас бағамы
22.09.17
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар