Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арақтың сыртындағы қазақтың шапаны мен сәукелесін киген қаракөздеріміздің суреті елдің ашуын келтірді

Ұлттық киімдерді тағы да қорлады. Бұл жолы арақ-шараптың сыртына жапсырылған қазақтың шапаны мен сәукелесін киген қаракөздеріміздің суреті дүйім жұрттың ашу ызасын тудырды. Алайда, бәрі сонымен ғана шектелмепті. Ұялы телефоныңызды жақындатсаңыз, жігіт ұлы Абайдың өлеңдерін оқып, қыздары «Қамажай» әнін айта бастайды.

Арақтың сыртына қазақтың шапаны мен сәукелесін киген қаракөздеріміздің суреті жұрттың ашуын келтірді

Сорақысы, мұндай жайттер алғаш болып жатқан жоқ. Сонымен бұл өндірушілердің тым еркінсіп кетуі ме, әлде жазаның тым жеңіл болуы ма? Қоғам белсенділері, мұндайларға ең қатал шаралар қолдану керек деген бастама көтеріліп отыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. 

Желідегі жұрттың ашуын туғызып, намысына тиген бейнежазба бұл. Мұнда белгісіз ер азамат арақтың сыртына жабыстырылыған мына суретті арнайы бағдарлама арқылы әндетіп, мазақ етуде. Ең сорақысы шарап шөлмегінің сыртына ұлттық киімдегі адамның бейнелегені былай тұрсын, ол бас ақын Абайдың өлеңін оқып, өзге де ұлттық әндерімізді орындауда.  Ал мұндай жаға ұстатарлық жәйтті көрген қоғам белсенділері, арам суды шығарған өндірушілерді жауапқа тарту керектегін айтады. 

«Қазақтың бүкіл салт-дәстүрі, ою-өрнегі болсын, қамажайы, Абайы болсын, оның барлығы қазақ үшін қасиетті және киелі. Ол ұлттық дүниелермен ойнауға келмейді. Бұны жасап жатқан азаматтар қатты ойлану керек. Ертеңгі күні оның салдары өзінің, біздің келешек ұрпаққа зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан бүгін әсерін тигізбесе де, ертең үлкен кесір-кесапаттың бастауы болуы мүмкін», - дейді қоғам белсендісі Қарлығаш Бекпатшақызы.

Аталмыш ішімдіктің қалайша дүкен сөрелеріне таралып  кеткені белгісіз. Тек Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы бұл  қазақ елін қорлаумен тең дейді. 

«Алла тағала Құранның бірнеше жерінде тыйым салған арақтың сыртына біздің ең құнды дүниеміз  ұлттық киімдерді іліп және оны халыққа ұсынып, және де Абайдың өсиетті өлеңдерін, осы жерге тықпалау- бұл біздің ұлтымызға, дінімізге, қазақ еліне үлкен айып, және қорлау деп есептейміз», - деді ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы. 

Тұрғындар да бұл жайтқа бей-жай қарамады. 

«Мен түсінем егер ол қымыз-шұбат болса, бірақ арап-шарапқа ол дұрыс емес деп ойлаймын» 

«Кез келген ортада ақымақтар болады. Бұл ақымақтың істегеніне назар аударсаң, сен де ақымақ боласың. 

«Не қыласындар біреудің арақ-шараптың ішіп жүргенін. Сен ішпесең, болды емес пе?» 

Сорақысы, мұндай жағдай алғаш рет тіркелген жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ақтөбеде де шу шыққан еді. Онда  арақтың сыртқы қаптамасына Құран сүрелерін жазған отандық өндірушілер дүйім жұрттың  намысына тиіп, наразылығын тудырған еді.  Одан бөлек Жамбыл облысында арам су өндірушілер "Қара Жорға" биін билеп тұрған қыздардың суретін жабыстырған. Сонда мұндайларға жаза жоқ па?    

"Жасалып жатқан бұзушылықтар  ол әкімшілік құқықтық кодексінің ұсақ бұзақышылқ деп танылады. Бұл заңнамаға сәйкес,   5 АЕК жауапқа тартылуы мүмкін немесе 10 тәулікке қамаққа алынуы мүмкін. Егер де бір жылдың ішінде тағы да  осындай дөрекіліктер қайталанса, 15 тәулікке қамаққа алынады", -- дейді заңгер Думан Дүйсенбаев. 

Белгілі болғандай, аталмыш ішімдік әуелі қырғыз елінде өндірілген екен. Ұлттық құндылықтарды бірінші орынға қоятын көршілеріміз бұған қалай жол бергені белгісіз.   

"Қалай болғанда да,  бұл ішімдіктің таралуына жол берген әр адам заң алдында жауап тартуы тиіс", -дейді қоғам белсенділері.  

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

 

Талқылау