Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арада делдалдар жүреді: Елімізде көлікті тіркеу үшін ақша жасайтындар көп

Елімізде көліктерді тіркеу және ауылшаруашылық саласында жемқорлық фактісі өршіп тұр. Мұндай тоқтамға жемқорлыққа қарсы бюро өкілдері анонимді хаттар мен арыздарға мониторинг жүргізу барысында келген.

Арада делдалдар жүреді: Елімізде көлігін тіркеу саласында жемқорлық әрекеттер өршіп тұр

Олардың сөзінше, бір ғана көліктерді тіркейтін, жүргізуші куәліктерін беретін арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарының маңын ауадан ақша жасап жүрген делдалдар жайлап алған. Тексеру барысында пысықайлармен ауызжаласқан қызметкерлер ұсталып, кейбіреулерінің үстінен қылмыстық іс те қозғалған. Сондай-ақ, ауылшаруышылығы саласында да пара беру фактісі анықталған. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Елімізде көлік құжатын рәсімдейтіндерге тексеріс жүргізген жемқорлыққа қарсы бюро өкілдері бірқатар былықтың бетін ашты. Мәселен, көлік құжатын алу үшін келген жұртты сол маңайды торуылдап жүрген делдалдар арбауына түсіретін көрінеді. Бюроның қара тізіміне Алматы, Семей, Тараз, Шымкент қалаларының арнайы орталықтары енген. Тексеріс барысында қарапайым халықты майшелпекке айналдырған пысықайлар сақтандыру агенттіктерінің атын жамылып, істерін дөңгелетіп отырғаны белгілі болған.

Арнайы мониторинг барысында Алматы және Ақтөбе қалаларындағы орталық қызметкерлері заңсыз делдалдармен бірігіп пайда тапқаны белгілі болыпты. Олар қазір ұсталып, үстерінен процессуалдық шаралар қолданылып жатыр. Ақтөбедегі қызметкерлердің сотта әрекеті толық дәлелденіп, 2 жылға бас бостандығынан айырылыпты.

“Мемлекеттік қызметті сапалы ету мақсатында біз арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында жасырын сатып алушыларды қосу арқылы талдау жасадық. Мониторинг кезінде жүргізуші куәлігін беру барысында көптеген заң нормаларының сақталмағандығы белгілі болды”, – дейді ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттік қызмет көрсету департаментіің директоры Ильдар Үйсімбаев.

Алайда, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының өкілі агенттік тізіп шыққан кемшіліктер жуық арада шешілетінін айтады. Тіпті, мүмкіндігі шектеулі жандарға да арналып тиісті көліктерге тапсырыс беріліпті. Ол үшін еліміздің барлық аймағында қосымша арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашу жоспарда бар екен. Ал, делдалдардың қармағына түспеу үшін, халықты құжаттарды электронды жүйеде өткізуге шақырады.

“Айта кететін жайт, өткен жылдың шілдесінен бастап біз көлік құралдарын электронды жүйеде тіркеу әдісін бастаған болатынбыз. Былтыр 2 миллионнан астам автокөлік тіркелді. Бірақ, өкінішке орай электронды жүйеде 5 мың ғана адам өтініш берген. Оны қолданудың еш қиындығы жоқ”, – дейді “Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорация” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсемгүл Балташева.

Сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы агенттікте өткен брифингте ауылшаруашылығы саласы да сөз болды. Арнайы мониторинг тобы өкілінің айтуынша, бір ғана гектарына субсидия төленетін салада жемқорлық өршіп тұр. Себебі, шалғайдағы аймақтардың жері көлемі 300-500 мың гектарды құрайды. Оны комиссия өкілдері толық аралап шығуға мүкіндігі жоқ. Сондықтан, мұндай әдістер тек кабинеттерде шешіліп келгенін айтады.

“Тек қана субсидияның көлемі соңғы 15 жылдың ішінде 100 есе өсті. 2003 жылы 3,5 млрд теңге болатын болса, соңғы жылдары 300 млрд теңгеге жетті. Арзандатылған кредит беріледі. Тиісті мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Бірақ, өкінішке орай осы көмектің жанында да көптеген сыбайлас жемқорлық фактілері де тіркеледі”, – дейді арнайы мониторинг тобының өкілі Төлеутай Рахымбеков.

Мамандардың сөзінше жемқорлық фактілері жиі тіркелетін бұл салада соңғы уақытта субсидияның 11 түрі қысқарып кеткен. Оған себеп те дәл осы “бармақ басты, көз қыстылық” көрінеді. Сондықтан, аталған жағдайлардың алдын-алу үшін ауылшаруашылық мамандары жол картасын әзірлеп жатыр. Бірақ, оның игілігін фермерлер қашан көреді деген сұрақтың басы әлі ашық тұр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау