Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әр аймақтағы қазақтың салт-дәстүріндегі өзіндік ерекшеліктер

Атырау мен Алтайдың арасын кең жайлаған қазақтың ұлттық дәстүрі қаншама ғасырлардан бері еш өзгермеген. Бірақ, климаты мен жергілікті әдеттерге байланысты кейбір өңірлерде ет тарту дәстүрі мен қонақ күтуде біршама айырмашылық бар.

T--rknideu

Фото: neke.kz

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Осы ретте батыс пен шығыстағы, оңтүстік пен солтүстіктегі сондай жөн-жоралғылардың бір парасына назар салып көрген едік. Мысалы, Шымкентте “махаббат шайы” деген ерекше шай бар екен.

Ал, еліміздің батыс бөлігінде орналасқан Ақтөбе облысында қонақ күту мен қонақ кәделерінің өзге өңірлермен салыстырғанда өзіндік ерекшеліктері бар. Ақтөбеліктердің келген қонақты аспен емес, қабақпен қарсы алу керек деген ұстанымын аймақтағы әр адам түсінеді. Құда-құдағай, иә Ақтөбеде құдағиды “құдағай” дейді… мен өзге де қадірлі қонақтарды шашумен қарсы алып, үйге кіргізеді. Үйдің кенже баласы әр қонақтың қолына су құйып бата алса, келіндері келген жұртты шайға қандырады. Және батыстың келіндері иіліп сәлем салумен де ерекшеленеді. Ал ет табағын алғанда келген қонаққа иіліп құрмет көрсетіп барып алады. Ақтөбеде табақ тартудың да өзгешеліктері жетерлік. Келген қонаққа міндетті түрде мал сойылып, басы мен жамбасы тартылады. Ал соғым кезінде көрші-қолаң, тума-туыс, құда-жекжатқа сыбаға ретінде шекесі асылады. Ал құда түсіп, үкі тағуға келген қыздарына қалың мал мүлдем сұралмайды. Қыздың жасауында да ерекшеліктер жоқ емес.

“Қыз баланың қыс киетін немесе жаз киетін киімдері, сырт киімі, аяқ киімдері қысқы- күзгі деген сияқты осылардың барлығын қыздың артынан әкеліп жатады. Бірақ мұндай үрдіс біздің Ақтөбе облысында жоқ. Көбіне біздерде енді қыз баланың үлкен үйге не керек болса, кіші үйге де сол керек деген сияқты, өздерінің күнделікті тұтынатын тұрмыстық заттарын, яғни көрпе – төсегін міне осыларды алып барып, сол балаларды үй болып кетуіне септіктерін тигізіп жатады”, – деді Алмагул Сарыбай.

Ал еліміздің шығысында асқан етті тек сыйлы қонақтарына туратады. Сондай-ақ, алдымен жаңа сойылған малдың етінен қуырдақ дайындалып ұсынылады, кейін ет асылады. Және мейманға сорпасы мен қымызын бірге әкеліп, қалағанын құйып береді.

Ал солтүстік өңірде қадірлі қонаққа дайындалған ет, әсіресе малдың басы, жамбасы, омыртқасы, қазы-қартасы мен шұжығы астауға молынан, толтырып салынады. Бұл молшылықтың белгісін білдіреді. Дастарханға әкелінген етті үй иесі турап болған соң, сорпаға пияз қосылған тұздық құяды. Еттің алдында қымыз берсе, кейін сорпа ұсынылады.

“Жамбасты қалдырады. Турамайды. Келе алмаған қонаққа дәм татсын деп. Ол тойымдықта емес мағынасы”, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Жұмаш Сейітбек.

Ең алдымен үй иесі алу керек, етті. Үй иесі үлкен адам “бісміллә” деп құрметті тағамнан татайық деп алады. Кейін отырған үлкен адамдарға алыңыздар дейді.

Оңтүстіктің қазақша ет тарту дәстүрі өзге өңірден көп алыс емес. Ал, дастархан мәзіріне қара шай мен көк шайдан араластырып демделетін «махаббат шайы» пайда болғалы да біраз уақыт өтіпті. Қоғамдық тамақтану орындарында оған «Тәшкент шайы» деп ресми атау таңылғанымен, қалың жұрт ауызекі тілде «махаббат шайы» деп атайды.

“Махаббат” шайы ол қара шай мен көк шай екеуін араластырып демделеді. Лимон саламыз кішкене. Тәтті болу үшін қант саламыз”, – деді Шымкент қаласы тұрғыны Кәбира Сәмбетова.

Қоғамдық тамақтандыру орындарынан бөлек, қазір Шымкентте, әрбір отбасында “махаббат” шайын ішетіндер саны көбейген. Лимон мен көк шай қоспасы бар, осы бір шайдың түрін мамандар ағзаға пайдалы екендігін айтады. Бірнеше қоспадан тұратындықтан, дәмі де өзгеше.

Талқылау