Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Антиресейлік» санкциялардың салқыны Қазақстанға тиеді

Ресейге салынған экономикалық шектеулер Қазақстанға ауыр соққы болмақ,-деп жазды КТК арнасы.

тууу

АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресейге қарсы санкцияларды күшейту туралы заңға қол қоюы тек төл теңгеміз емес, жергілікті банк секторларына да теріс әсер етеді дейді мамандар. Бұл шектеулер еліміздегі мұнай компанияларының жағдайын да қиындатуы бек мүмкін.

Әсіресе, Ресеймен бірлесіп жұмыс істейтін ірі кәсіпорындардың ісі құрдымға кету қаупі бар. «Санкция соғысының» салдары қаншалықты болмақ? Сарапшылардың пікірін Нұргүл Нұрланқызы тыңдады.

АҚШ президенті санкцияны күшейту туралы заңға кеше қол қойды. Ақ үйдің қаһарына Ресей, Иран және Солтүстік Корея ілігіп отыр. Әсіресе, Ресейге қатысты шектеулер күшейтілген. Бұл Қазақстанға да кері әсер етері сөзсіз.

Өйткені, экономикамыз осы елмен тығыз байланысты. Ал санкция солтүстіктегі көршіміздің қазынасын толтырып отырған мұнай өндірісіне тікелей қатысты. Мұны «нағыз тауар соғысы» деп атаған Ресей басшылығы қиындықты еңсереміз деп өз-өздеріне басу айтуда.

«Бұл заң, сөзсіз, біздің қарым-қатынасымызға әсер етеді. Құжатты ойлап тапқандар біздің саясатымызды өзгертеміз деп ойласа, қатты қателескені. Мұны тарих талай рет дәлелдеген. Олар біздің сағымызды осылай сындыра алмасын түсінуі керек еді»,-дейді БҰҰ Ресейдің тұрақты өкілі Василий Небензя.

Бірақ, әрине, бұл Ресейге АҚШ тарапынан жіберілген ауыр соққы. Санкцияны Путин негативті қабылдады. Оны Ресей президентінің заң күшіне енбей жатып, елдегі АҚШ дипломаттарының санын қысқарту туралы берген бұйрығынан байқауға болады.

Тіпті, ел билігі осыдан кейін АҚШ-пен арадағы жағдай ешқашан жақсармайды деп отыр. Бірақ, бұлай дейтіндей, қазір одақтасымыздың жағдайы мәз емес. Яғни, Ресейдің күшті досы қалмады дейді сарапшылар.

«Ресейдің сенімі Қытай араша болды деп еді. Қытай да онша көңілі жоқ Ресейге көмектесуге. Халық наразылығы тағы бар. Тұрмыс төмендеп келе жатыр.

Экономика алдыға жылжымай жатыр. Мысалы санкциялардың мазмұны – Ресейге кредит бермейді. Ақша жеткіліксіз. Оның үстіне технология бермейді»,-дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали.

Яғни, енді америкалық бизнесмендерге Ресей банктерімен келісім жасауға шектеу қойылған. Бұған қоса, бұл елдің энергетикалық компанияларымен келісім толыққанды үзілмек. АҚШ Ресейге мұнай өндіретін құрал-жабдықтарды сатуға да тыйым салды.

Мұндай шектеудің саны көп. Санкция Ресейге қатысты болса да, ол қара алтынға тікелей тәуелді Қазақстанға да теріс әсер етеді дейді мамандар.

«Бізге келіп кетері бар. Өйткені, Ресеймен экономикалық қатынастарымыз өте тығыз. Оның үстіне Ресейдің өте жақын одақтастарының бірі ретінде біз де санкцияға ұшырап қалмауымыз керек»,-деді саясаттанушы Әзімбай Ғали.

Ресейдің басына түскен күн тек төл теңгеміз емес, еліміздің экспортына да ауыр тиейін деп тұр. Әрі мұнайға байланып отырған Қазақстанның қара алтын нарығы да тығырыққа тірелуі мүмкін. Өйткені, Ресейдегі жағдай біздегі осы елмен бірлескен ірі мұнай компанияларына әсер етеді. Қиындық банк саласын да айналып өтпейді деген болжам бар.

« Менің ойымша, банк секторлары зардап шегеді. Өйткені, Ресей банктері капиталды Қазақстаннан іздей бастайды. Ал, қазір бізде банк секторы әлсіз. Сондықтан, жергілікті қаржы ұйымдарына Ресейлік банктермен бәсекелесу қиын болады»,-дейді  кеңесші Бек Артықов.

Айта кетсек, антиресейлік санкцияға Ресейдің АҚШ-та өткен жылы болған сайлауға араласуы, Қырымды аннексиялап, Украинаның шығысындағы сепаратистерге қолдау көрсетуі себеп болған. Енді АҚШ-тың барлық саланы қамтыған санкциясы ондаған жылдарға созылуы мүмкін. Әрі оны Трамп Конгрестің келісімінсіз өз бетімен жоя алмайды.

Оқи отырыңыз:

Білім министрі Мұхтар Тайжанмен пікірсайысқа түсуден бас тартты

Әділбек Жақсыбеков туған күнін таңертеңгілік жүгіруден бастады

Нұрсұлтан Назарбаев демалысқа шықты

Қазақстандық мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 50 пайызға өсуі мүмкін

 

Талқылау