Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да ірі жол апатын жасаған әйел жауапкершілікке тартылмаған (фото)

2016 жылдың 18 шілдесінде, таңғы сағат 07.30 шамасында Семей-Курчатов тас жолының 39-ыншы шақырымында жан түршігерлік жол апаты болды. Hyundai Elantra көлігі жолдың қарсы бетіне шығып, Ваз-21 көлігімен соқтығысады. Ваз-21 көлігінде отырған екі адам тілге келместен жан тапсырса, тағы төрт жолаушы ауыр жараланған.

20160802151957

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Жол апатында жақындарынан айырылып, туыстары жараланған адамдардың жан айқайын естіген соң, екі аптаға кері “шегініп” отырмыз. Анықтағанымыздай, бұл істің жұрт білмейтін “құпиясы” көп екен…

Сонымен, 2016 жылдың 18 шілдесіне қайта оралсақ. Сол күні таңертең Ваз-21 автокөлігінің жүргізушісі қасына бес жолаушы, соның ішінде жеті жастағы баланы отырғызып алып, Семей қаласына жол тартады. Ал, Hyundai Elantra көлігінің 1978 жылғы жүргізушісі, әйел адам мас күйінде рульге отырып, Семейден Курчатовқа қарай беттейді…

20160802152023

“Семей-Курчатов тас жолының 39 шақырымында Семейден Курчатов қаласына келе жатқан Hyundai Elantra автокөлігі жолдың қарсы бетіне шығып, Ваз-21 көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы Бесқарағай ауданының аумағында орын алғандықтан, Бесқарағай аудандық ішкі істер бөлімінің жедел тергеу бөлімі апат орнына жөнелтіледі. Алдын ала белгілі болғандай, Hyundai Elantra көлігінде бір ғана адам отырған. Яғни, 1978 жылы туған әйел адам. Ал, Ваз-21 автокөлігінде алты адам келе жатқан, бірі жүргізуші, қалған бесеуі – жолаушы. Автокөліктердің қақтығысы салдарынан Ваз-21 көлігінің жүргізушісі, 1969 жылы туған Курчатов қаласының тұрғыны мен оның жанында отырған 1942 жылғы егде жастағы әйел адам оқиға орнында тіл тартпай қаза тапты. Төрт жолаушы, соның ішінде 7 жасар ұл бала әртүрлі жарақаттармен ауруханаға түсті. Сот-медициналық сараптама көрсеткендей, Hyundai Elantra көлігінің жүргізушісі орташа деңгейде мас болған” – дейді ресми ақпарат жариялаған ШҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Торғаев.

Б.Торғаевтың айтуынша, бұл оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345 бабы 4 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Жолдың қарсы бетіне шыққан және алкогольді ішімдік ішіп рульге отырған жүргізушіні Бесқарағай ауданының Ішкі істер басқармасы уақытша ұстау изоляторына жапқан екен. Бақытжан Торғаев жол ережесін бұзған адамның аты-жөнін жариялаған жоқ.

Былай қарасақ, таныс жағдай: тәртіп бойынша жүргізуші ұсталу керек, оның кінәсі дәлелденіп, тиісті жазасын алу керек. Себебі, жол апатында бір емес, екі адам көз жұмған. Бірақ… бірақ, бұл істі зерттеу барысында шалғайдағы Курчатов қаласының тұрғындары бізге адам сенгісіз ақпараттарды жайып тастады.

Ең алдымен айтарымыз, құзырлы органдар, соның ішінде ШҚО ІІД баспасөз хатшысы да заңды жолдың қарсы бетіне шығып бір, алкогольді ішімдік ішіп, рульге отырып, екі рет бұзған жүргізушінің аты-жөнін “жасырып” отыр. Ал, жол апатында жолдасы Ерланнан айырылған Жібек Исанова, апатта әжесі қайтыс болған, ал өзінің 7 жастағы ұлы екі аяғы, белі сынып, өмір мен өлім арасында жатқан баланың анасы Елена Пархатская мен өзге де зардап шегушілер Hyundai Elantra көлігінің жүргізушісі – Динара Акишева екенін жария етті.

Жібек Исанованың адвокаты Сергей Скворцовтың айтуынша, Семей қаласында жасалған сараптама “Динара Акишеваның қанында алкоголь болмады” деген қорытынды шығарыпты.

“Мен зардап шегуші, яғни, жолдасы қаза тапқан Жібек Исанованың мүддесін қорғаймын. Екі және одан да көп қаза тапқан соң, бұл іс облыстық ішкі істер департаментіне жіберілген. Ал, аудандық прокурор мен аудандық соттың Динара Акишеваны босатудағы мотиві – абайсызда орын алған жол апатына байланысты адамды 72 сағаттан артық изоляторда ұстай алмайды. Динара Акишеваның аты-жөнін осынша жасырып, қайтадан сараптама өткізіп, алкогольді ішімдік ішпегенін растағанына қарағанда, оның жеке байланыстары мықты шығар. Бірақ, біз соңына дейін күресеміз. Осы аптада Курчатов қаласына облыстан тергеуші келеді”,-дейді С.Скворцов.

20160802152002

“Абайсызда болған жол апаты” дейді. Сонда ішімдік ішіп, жолдың қарсы бетіне шыққаны – абайсыздықтан ба? Ол әйел Семейден 90 шақырым жүріп өткен. Яғни, қаладан таңғы алты шамасында шыққан. Сонда оны бір де бір жол полициясы байқамаған ба? Оның тас жүректігіне қайранмын. Жол апаты болған жерде тергеушілер келгенше, көлігінің артына барып, ұйықтап жатқан. Менің екі ұлымнан да, менен де келіп кешірім сұраған жоқ. Құрбым оған ұрсып, “анасың ғой, жүрегің ауырмайды ма” дегенде ғана, екінші ұлыма келіп, “кешір” депті. Жақындары жерлеуге де, үйге де келді дейді. Бірақ, менің оларға қарайтын жағдайым болған жоқ… Ерланым бұл жолмен төрт жылдан бері жүріп жүрген. Жолды жатқа біледі. Тіпті, куәгерлердің айтуынша, соқтығысудан қашқан Ерлан көлікті жолдың шетіне қарай бұрған. Бірақ, жардан құласа, бәрі қаза табатынын біліп, өзі отырған жақты тосқан сыңайлы…”,-дейді марқұм жүргізушінің жары Жібек Исанова.

Динара Акишева – “Семей ет комбинаты” ЖШС-ның Астанадағы аймақтық директоры. “Семей ет комбинатына” телефон шалып, “сіздердің Астанадағы аймақтық директорларыңыз кім” деп едік, комбинаттың коммерциялық директоры “Динара Акишева” деді. Бірақ, бір таң қалғанымыз дардай ет комбинатының коммерциялық директоры әлі күнге дейін Динара Акишева адам өлімі бар жол апатына түскенін білмейді екен.

“Іс жүргізуі кезінде Hyundai Elantra жүргізушісін уақытша ұстау изоляторына жіберген болатынбыз…” деген еді бізге комментарий берген ШҚО ІІД баспасөз хатшысы Б. Торғаев. Бірақ, Бесқарағай ауданының прокуроры Ержан Сайлауұлы Кошкин “адамдарға орташа деңгейде дене жарақатын тигізді” деген мотивпен Динара Акишеваны уақытша қамау изоляторынан босату туралы өтінішті қанағаттандырған.

“Мен сіздерге ант етейін, рульде Динара Акишева отырды. 38 жаста. Апат кезінде ол өте жоғары жылдамдықпен келе жатқан. Апат орнына барғанымда, маған куәгерлер оның зуылдап келе жатқанын айтып берді. Сосын, тергеушілер маған істің құжаттарын көрсеткісі келмеді. Бірақ, мен құқығымды пайдаланып, құжаттарды көрдім. Хаттамада Динара Акишева деп жазылып тұр. Жол апатында менің әжем қаза тапты. Ол шөбересін, яғни, менің жеті жастағы ұлымды Семейге каникулға апара жатқан еді. Ваз-21 көлігінің жүргізушісі қаза тапты. Менің ұлымның екі аяғы сынған, белі сынған, дәрігерлердің болжамы бұлыңғыр, балам енді аяғынан тұра ала ма, жоқ па, ол әлі белгісіз. Міне, әлгі прокурордың “орташа деңгейдегі дене жарақаты” дегені осы ма?”,-дейді Елена.

Прокурордың бұл шешіміне басқа да маңызды “себептер” бар болған шығар деген үмітпен, Бесқарағай ауданының прокуратурасына хабарластық. Бірінші күні кеңсе қызметкерлері “Ержан Сайлауұлы жұмыс бабымен басқа жиналыстарда, сіздің телефоныңызды берейік, өзі хабарласады” деді. Прокурордан хабар болмаған соң, олардың телефонын қайта тергенімізде “ол кісі еңбек демалысында, отбасымен қайда демалуға кеткенін білмейміз” деген жауап естідік. Бұндайда “no comment” деуші ме еді?!

Бұл іс бойынша тергеу жүргізген Бесқарағай аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері Мейрам Жетпісов “зардап шеккендер бізге мүлде сенбейді” деп, “реніш” танытып отыр.

“Зардап шеккендер бізге сенбейді. Сондықтан, іс облыстық ішкі істер департаментінің тергеу бөліміне жөнелтілді. Ал, рульде отырған кім екенін енді мен айта алмаймын, менің құзіретімде емес”,-деді Мейрам Жетпісов. Мейрам Жәнібекұлынан “неге сенбейді” деп сұрадық. Телефон артындағы екі-үш секундтық үнсіздіктен кейін “сау болыңыз” деген жауап естідік…

20160802152017

Облыстық ішкі істер департаменті тергеу бөлімінің басшысы Ербол Әнуарбекұлына да, оның орынбасары Елдос Дәулетқазыұлына да жұмыс күнінің бірінші жартысында хабарласу мүмкін болмады. Кабинеттері жабық, өздері жиналыста екен.

Жол апатында күйеуі зардап шеккен Эльмира Тастанованың айтуынша, оған облыстық ішкі істер департаментінен Арман атты тергеуші хабарласып, жолдасының жағдайын сұраған. Біз бірден осы тергеушіге хабарласып едік, “бүкіл сұрақты ІІД баспасөз қызметіне ресми сауалмен жолдаңыздар, телефон арқылы ештеңе айтпаймын!” деп жекіді.

Эльмира Тастанова да Hyundai Elantra көлігінің тізгіні Динара Акишевада болғанын растап отыр. Ал, Динара Акишеваның өзі жол апатынан кейін қаза тапқандардың жақындары бір ауыз көңіл айтпаған және зардап шеккендерге көмегін ұсынбаған екен. Елена Пархатскаяның айтуынша, жол апатынан кейін Динара Акишеваның туыстары келіп кеткен. “Бірақ, маған міндетсінгендей, “ертең біз келмеді деп айтпаңыздар” деді де кетіп қалды”,-дейді Е.Пархатская.

Бұл фактіге қатысты Шығыс Қазақстан облысының Ішкі істер департаментіне ресми сауал жолдадық.

Айтпақшы, осыған ұқсас оқиға еске түсіп отыр. Мас күйінде рульге отырып, бір адамды өлтірген, қалған бес адамды жаралаған атақты Мақсат Үсеновтің қоғамға тигізген бір пайдасы – сол істен кейін Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізіліп, зардап шеккен тарап пен айыпты жүргізуші келісімге келе алмайтын болған.

Кенжекей Тоқтамұратқызы

Талқылау