Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әнші Диная: Құранды дауыстап оқитын 97 жастағы әжей менің өмірімді өзгертті

Жаз маусымында шет елге, бейтаныс жерлерге жиі баратын отандық жұлдыздардың басынан сан түрлі қызықтар өтетіні белгілі. Сондай бір есте қалар оқиғасын Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне «Жаңа толқын-2015» музыкалық байқауының екінші орын иегері Диная (авт. шын есімі Динара Қайырова) баяндап берді.

Әнші Диная: Құранды дауыстап оқитын 97 жастағы әжей менің өміріміді өзгертті

«Бір жылы жазғы демалысымды жұмыспен ұштастыруға тура келді. Түркия мемлекетінің Анталия қаласында өткен «Еуразия аруы» сұлулық байқауында қазылық еттім әрі сол елде демалдым. Түркияға келе салысымен өзімді нашар сезініп, мені ауруханаға апарды. Көптеген анализдер тапсырып, ендігі терапевтке кіруге кезегімді күтіп тұрдым. Бір кезде терапевттің кабинетінен мүгедектер арбасына таңылған әжейді шығарды. Жасы шамамен 90-ға келген әже, бірақ кәрімін демей, Құранды дауыстап оқығанын естідім. Өте әсерлі, мешіттегі молдалар тәрізді оқыды. Осы кезде қасымда анам да болған. Бұл көріністі көріп, таңырқаған анам маған: «Көрдің ба, дұғасын оқып, жасы келсе де өмірге деген құштарлығы өшпеген. Ал сен болсаң, жап-жас бойыңда күш-қуат қалмағандай», – деп бір ұрсып алды. Әлгі әжейге қарап, менің таңырқағаным басылар емес. Сонымен дәрігерге кіріп, ем-дом қабылдап, денсаулығым жақсарды.

Жарты жыл өткен соң, Анталия қаласына фототүсірілімге бардым. Ол кезде қасымда тағы да анам бар. Қызық болғанда Түркия мемлекеті жақпады ма, омыртқама суық тиді ма, әйтеуір, тағы ауруханадан бірақ шықтым. Анам «ақыры ауруханадамыз, омыртқаңа мрт жасатып алайық» деді. Ол кезде мені қай ауруханаға әкелгендерін де білмеймін, мрт-ға түсіретін кабинеттің алдында кезекте тұрдым. “Әшекейлеріңді шешіп дайындал” деген дәрігерге менде клаустрофобия екенін айтып, мың сұрақ қойдым. Ол жердегілердің ешқайсысы орысша білмегендіктен, әңгіменің бәрі ағылшын тілінде болды. “Оларға жабық жерден қорқамын, маған бірдеңе болып қалса қайтемін” деп түсіндіріп әлекпін. Іштегі адам неге сонша ұзақ шықпай қойды деп тағы мазам кетті. Дәрігерлер ол кісінің барлық денесін мрт-ға түсіріп жатқанын, ал менікі тек арқамның бір бөлігі ғана, сол үшін тез өтетінін айтты. Кезегім келіп, дайындалып тұрсам, қызықтың көкесі сол кезде басталды.

Әлгі кабинеттен тағы сол жарты жыл бұрын кездестірген әжей шығып келеді. Сол бұрынғыдай мүгедектер арбасында отыр, кәріліктен шамасы жетпесе де әлі Құранды оқып жүр екен. Міне, осы жерде аузым ашылып, қатты таңырқағанымды жасыра алмадым. Бір мемлекет емес, тіпті бір дәрігерде де емес, әуелі бір аурухана да емес сияқты. Кім біледі, жай ғана кездейсоқтық па, әлде Алланың белгісі ма?!

Әлгі әжейдің күші қалмағаны көрініп тұр, дәрігерлерден жасын сұрасам, 97-де екен. Жазда көргенде 90-дар шамасында деген едім, алайда 97-ге келген екен. Бірақ сол кезде Құранды анық дауыстап оқығанын естігенмін, аурухананың жаңғырығымен қосылып, жаныңды түршіктірердей болған. Екі жолы да көргенім – ол адамның күш-жігері кетсе де өмірге деген құштарлығы өшпеген.

Ары қарай мен мүлде ауырмағандай, өзімді жақсы сезініп кеттім. Анам да таң қалып, «бұл өзі жоғарыдан келген белгі, сондықтан тек жағымды ойлармен өмір сүру қажет» деді. Басымнан өткен осы жағдайдан кейін өмірдегі құндылықтарды қайта бағалап көрдім», – дейді қызықты оқиғасымен бөліскен Динара Қайырова.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

 

Талқылау