Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Анасы: Димашты “мен таптым” деп мақтануға қазағымнан қорқамын

Анасы Димаш Құдайбергеновтың өзі үшін кішкене перзенті болып қала беретінін айтты. Мұнымен қатар, тұла бойы тұңғышының жетістіктерін барша әлеммен бөлісуге дайын екенін жеткізді.

ba4d0f0ea235e68ac2682b0260f0b21a_XL

Бұл туралы «Дат» газетінде жазылды.

– Дегенмен, Димаштың Қытайдағы жанкүйерлері миллиондап дауыс жинап жатқанда, біздің елдегі жекелеген қызылкөз көреалмаушылардың әлеуметтік желіде жазып жатқан керіауыз сөздері көңіліңізге тимеді ме?

– Әрине, неше түрлі пікірлер болды. Бірақ бір қуантатыны, қисынсыз пікірлер өте аз. 90 пайыз тек жақсы пікірлер. Қанша дегенмен, мен анасымын, әйел адаммын, ондай кереғар пікірлерге жаным ауырады. Оған Димаш мән бермеуі мүмкін, тіпті оны оқуға уақыты да болған жоқ. Кейбір артық айтылған пікірлер менің көңіліме келетіні рас. Дегенмен, ондай ұсақ-түйек сөздерді жалпы жұрттың керемет пікірі, ағылған ақ баталары, қолдау көрсетулері шайып кетіп отырды. Димашқа үлкен қолдау көрсеткен қарапайым халқыма қатты ризамын!

Қалай десек те, қоғамдағы әртүрлі құбылыс пен оқиғаларға әр адам өз пікірін айтуға қақысы бар деп ойлаймын. Сондықтан анау-мынау айтылған ұстақ-түйек пікірлерді елең қылғым келмейді. Димашқа даңқты Бибігүл апасы Төлегенова, атақты опера әншілері Сүндет Байғожин, Майра Мұхамедқызы, ешқайда бұрып тартпайтын Лаки Кесоглу, әйгілі компазитор Кеңес Дүйсекев ағамыз – тіпті бәрін тізіп шығу мүмкін емес, көпшілік майталмандар батасын берді. Егер ән өнерінің осындай хас шеберлері сыни пікір айтса, расымен уайымдайтын едім.

Қазаққа танымал Сәкен Майғазиев, Тоқтар Серіков, Мейрамбек Бесбаев ағалары да Димаштың тілеуін тілеп жүр. Димаш осы жігіттедің қолында өсті деп айтса да болады. Себебі кішкене күнінде барлығы Димашты қолдарына алып, көтеріп жүретін. Димаш өнердегі аға-апаларының ортақ баласы. Ұлықпан Жолдасовтың отбасы бізбен бірге Қытайға барып Димаш балаларының жанкүйері болып қайтты. Тілеулес болған барша халқыма ризашылығымды білдеремін!

– Айтпақшы, Димаштың әкесі Қанат аға бұдан былай Димаштың қасында қала бере ме?

– Иә, продюссері болып қалмақ. Бұл біздің отбасымыз, туған-туысқандармен, жанашыр ағайынмен бірігіп шешкен мәселе. Тіпті облыс басшылығымен де ақылдастық. Димашқа бір-екі байқауға ғана қатысатын әнші деп қараған жоқ жұрт. «Бұл бала қазақ бетке ұстар, қазақтың өнер деңгейін жоғары көтеретін әнші» деп баға беріп отырғанда, оның қасында мемлекеттік қызмет деген не тәйірі? Димаштың жанында нағыз жаны ашитын адам болуы керек. Ол – әкесі, әрине. Қазіргі кезде Алпамыс Шаримов деген досы барлық жұмысын тастап, Димаштың қасында жүр. Жалпы қандай да болсын өсіп келе жатқан баланы қатты назарда, қадағалауда ұстаған дұрыс қой…

– Әлемге танылған таланттың анасы болған қалай болады екен?

– Әлемге танылған жұлдыз болса да, Димаш мен үшін әлі де кішкентай ғана бала. Баламның тек аман болуын тілеймін. Ғұмыры ұзақ болсын, тіл-көзден сақтасын деп тілеуін тілеп отырмын. Кейбіреулер «Димаштың Қытайдағы жанкүйерлері шулап жатыр, ал біздің қазақ үнсіз» дейді.  Үнсіз болғаны да жөн шығар: «біз – қазақ балаларымызға қатты назар салуға да қорқатын халықпыз. Себебі тіл-көз секілді сұқтанудан қатты қорқамыз. Сондықтан ішіміз елжіреп, жүрегіміз жанып тұрса да, ондай эмоциямызды сыртқа шығара бермейміз. Халқы үндемей отырып-ақ, Димаштың тілеуін тілеп отыр деп ойлаймын.

Шынымды айтсам, қазақты өнерімен әлемге таныта алған баланы дүниеге әкелдім деп, өз басым мақтана алмаймын. Ондай оғаш сөзден ұяламын, ішкі дүнием жібермейді. Талантты таптым деп, еліретіндей мен кіммін – әнші болсамда қалың қазақтың бір ғана әйелімін?! Қазақта мықты, керемет жігіттерді дүниеге әкеліп жатқан аналар көп қой. Сондықтан әр ана секілді қазақтың қара домалақ бір баласын өмірге әкелдім деп қана ойлаймын. Мен үшін құдайдың берген үш баласы, қазақтың өсіп келе жатқан ұрпағы аман болса – болғаны! Әйел анаға бұдан басқа қандай бақыт керек?

– Димаш енді сіздердің ғана емес, барша қазақтың баласы атанып кеткені қызғаныш тудырмай ма?

– Әсте солай болсын! Қазақ айтпақшы: «Баламның арқасын – елге, аяғын – жерге тапсырдым»! Оның даңқын асыратын да, қошемет-мейірімін төсейтін де  – өзінің халқы. Өнер – халықтікі, өнерпаз – сол өнерді арқалаушы адам. Ендеше Димашымның дүйім елге бала болғаны мен үшін мақтаныштан басқа сезім тудыруы тіптен мүмкін емес. Дәл осы арада «Димашты мен тапқам!» деп сәл-пәл мақтануға да қорқамын (күлді)….

– Димаштың бір ғана концерттік костюмі 20 мың доллардан артық бағаға сатылып жатқанда, оның болашақ жеңістері мен табыстарын көз алдыңызға елестете аласыз ба?

– Біз де баламыз арқылы табыс табайық деген ой ешуақытта болған емес. Әйтеуір қолымыздан келгенше біліммен сусындатып, тәрбие беріп келеміз. Әр баланың өз несібесі, маңдайға жазылған жазуы болады. Ондай тағдырдан айналып өту мүмкін емес шығар…

Ал концерттік костюмін сатқанын әлеуметтік желілердің бірінен естідім. Ол сол Қытайдағы жобаның ұйымдастырушылары жасаған қайырымдылыққа қосқан шарасы екен. Киген костюмін сатып, ақша табу – Димаштың қолынан келмейтін кәсіп. Оған оның ұяты жібермейді, тәрбиесі солай. «Киген киімін сатыпты…» дегенді естісе, мамасы мен папасы (атасы мен әжесі…- [ред]) Димаштың әкесін танытады, біз Қанат екеуміз араша түсе алмай қаламыз… Құдай сақтасын!

– Ал ендеше Қытайдан Димаш әкелген жеңісіміз құтты болсын! Димаш қазақтың ән өнерін жаңа биікке шығарды, ол эстрадаға құбылыс әкелді деген халықтың  бағы баянды болсын, Света ханым!

–  Рахмет! Мұндай сөзі естуге әдеттенбегендіктен бе – біртүрлі қораштанып қалады екенсің. Осы үш айдың ішінде Димашты қолдап, оның суретін саяси газеттің бірінші бетіне шығарып, тіпті арнайы сканворд құрастырған «ДАТ» газетінің редакциясына және қалың оқырманына алғыс айтамын!


Жіберіп алмаңыз:

Анасы: Димаш Америкада қалмайды. Ол тек қазақ үшін еңбектенеді

Гүлзира Айдарбекова: Сіздерге абыроймен қартаюды тілеймін (видео)

Гүлзира Айдарбекова жолдасымен бірге дуэт орындады

Астанада Димаш Құдайбергенді қошеметтеуге арналған салтанатты кеш өтеді

Талқылау