Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ана сүтінің орнына саумал ішіп өскен бүлдіршіннің отбасы қымызды кәсіп қылып отыр (фото)

Қымыз тек ұлттық сусын ғана емес, емдік қасиетімен де баршамызға белгілі. Әр қазақ қымыз жайлы естігенімен бұл сусынның түрлері мен дайындау әдісін білебермесі анық. Бие байлап, қымыз дайындауды үйренгіңіз келсе Ұлттық сусынды әбден зерттеген кәсіпкердің кеңесіне құлақ асыңыз.

а3 — копия

Ақмола облысы, Зеренді ауданына қарасты Қойсалған ауылында тұратын Темірбаевтар отбасы қысы-жазы қымыз дайындаудан қол үзген емес. Оны отбасылық кәсіпке айналдырып, 18 жыл бойы шипалы сусынның саудасымен айналысып келеді. Отбасылық бизнестің қыр-сырын Гүлжиян Темірбаева Stan.kz сайтының аймақтағы тілшісіне айтып берді.

а1

Гүлжиян Темірбаева алдымен бұл кәсіпті қолға алған кезін есіне алды.

«1998 жылы Торғайдан Зерендіге көшіп келдік. Қолымызда бес баламыз бар. Мен өзім үй шаруасындамын. Жолдасым Тосынбек автобазада басты инженер болып істейтін. Ол кезде қосымша табыс көзін іздестіріп жүргенбіз. «Не істесек болады екн» деп ойланып. Сондай күндердің бірінде жұбайым «осы біз бие сауып, қымыз сатып, отбасылық бизнесті ашсақ қайтеді?» деп ой тастады. Өйткені, қымыз әрқашан сұраныста.

а6

Бірақ, оны сататын, кәсіпке айналдырған адамдар жоқтың қасы. Басында әрине, бұл бизнесті бастауға жүрексіндік. Бірақ, «нар тәуекел» деп, өз ісімізді дөңгелетіп кеттік. Жаз бойы мен Қойсалғанға барып, ағамның табынындағы бір биесін сауып көрдім. Жолдасым өз көлігімен қымызды Зерендінің бойында орналасқан туристік-демалыс орындарына апарып, сата бастады. Әрине, бастапқыда өте қиын болды.

«Мүмкін бәрі бекершілік» деген ойлар да болған еді. 2002 жылы Қойсалған ауылына біржолата көшіп, мемлекеттік бағдарламамен несие алып, бизнесіміздің өрісін кеңейттік. Қазір арнайы пластикалық құтыларға құйылған күйінде сатамыз. Бәрі де мемлекеттік стандартқа сай орындалған. Қымыздың сақталу мерзімі 30 тәулік, 3 градус.

а5

Егер, 30 тәуліктен асып кетсе, қымыздың градусы 10-12 көтеріліп, алкогольке айналады. Бұйырса, бизнес жоспарымды қорғап, күз маусымында Германия мемлекетіне барып, біліктілігімді арттыру үшін арнайы курстарды оқимын. Келесі жылы өз бизнесімізді одан әрі кеңейтіп, сүт цехін ашу жоспарда бар»,-дейді кәсіпкер.

а4

Темірбаевтар отбасы ұлттық сусынды саудаға шығармас бұрын қасиеттерін әбден зерттеген. Себебі, бөтелкеге құйылған сусынның өз күші мен табиғи қасиетін сақтап тұруы қажет.

«Емдік сусын ретінде қымызды ата-бабаларымыз халық медицинасында асқазан, өкпе, ішек ауруларына пайдаланып келеді. Қымыздың әсерінен асқазан сөлінің бөлінуі жақсарады, тәбеті артады, астың қорытылу жүйесі жақсы жұмыс істейді.

Қазіргі медицинада қымызды антибиотектермен және басқа да дәрі-дәрмектермен байланыстыра отырып, өкпе туберкулезінен, бүйрек, сүйек ауруларына және де ішек-қарын, жүрек, қантамырлары ауруларын емдегенде, сондай-ақ дәрумендер жетіспегенде қолданып жүр»,-дейді кәсіпкер.

қымыз5

Гүлжиян ханым қымыздың өзі бірнеше әдіспен дайындалатынын айтып өтті. Әрі ол әдістер қолданылған түріне қарай сусынның құрамы да өзгере түседі екен.

«Қымызды ыстау үшін алдымен күбіні дайындау керек. Ақ қайыңның қабығын жағып, сумен бүркіп жіберіп, түтініне күбіні 10-15 минутқа аударып қоямын. Негізі екі күбі бар. Біреуі ыстау, біреуі қор жинау үшін пайдаланамын. Жаңа сауылған бие сүтін сүзгіден өткізіп, жылы кезінде күбідегі немесе сабадағы саумалдың үстіне құямын.

Содан соң оны міндетті түрде 30-40 минут пісіп, аузын байлап ұстаймын. Алғаш рет қымыз ыстарда бие сүті сабаға арнаулы ашытқының немесе қордың үстіне құйылады. Ал қор дегеніміз – ескі қымыз, ол жақсы ашыған қымыздың саба түбінде қалатын арнайы сақталған сарқыны. Менің брендім қымызға араның балын қосамын. Оны «балғын қымыз» дейді.

қымыз3

Ерекше дәмді қымызды әзірлеуді кішкентай кезімде анам үйреткен енді. Қазіргі таңда 12 бием бар, екеуін қор жинау үшін сауып жүрмін. Бие басына күніне орта есеппен 12 литр сүт береді. Кейбір биелер 15-17 литрге дейін барады. Ал саумал биелерді 8 ай саууға болады»,-дейді шаруа қожалығының иесі.

Ұлттық сусынды зерттеп жүрген кәсіпкер бие сүтінен дайындалатын сусындардың түрі көп екенін атап айтты.

«Саумал – жаңадан сауылған бие сүті, аздап пісілген бірақ ашытылмаған. Түнемел қымыз – бір күндік, құнан қымыз – екі күндік, дөнен қымыз – үш күндік, бесті қымыз – төрт күндік деген атауларға ие»,-дейді Гүлжиян ханым.

Кәсіпкер сатылымға шығаратын қымызын дәмі басқалардыкінен ерекше болу үшін ашытудың басқаша әдісін қолданады екен.

«Өзім әзірлейтін балғын қымыз – бал, қант, өрік, мейіз қосылып ашылытылады»,-дейді кәсіпкер.

Қымыз сусынын әбден зерттеген кәсіпкер оның түрлеріне де тоқталып өтті.

«Сірге жияр қымыз – күздігүні бие ағытарда бірнеше күн жиналған қымыз. Салт-дәстүріміз бойынша сірге жияр қымызға елді шақырып, бөлісіп ішкен.

Уыз қымыз – бие сүтінің уыз дәмі тарамаған кезде ашытылған қою қымыз. Оны «май» қымызы деп те атайды. Қазіргі таңда ашытылып жүрген қымыз өте пайдалы. Оның құрамындағы дәрумендер әдеттегі қымыздан орасан көп.

Сары қымыз – жаздың ортасында шөп әбден піскен кездегі қымыз. Күбіде көп пісіліп, сарғылт болады. Сары қымыз өте жұғымды.

Қымыздың қай-қайсысын алсаңыз да, зәмзәм судай шипалы. Түрлі аурулардың алдын алуға көмектеседі. Тіпті, жаңа туған нәрестенің анасында сүт шықпаған жағдайда, саумалмен өсіруге болады. Өйткені, ол альбумдік қасиетке яғни, ананың сүтімен пара-пар. Менің бір балам саумал ішіп өскен»,-дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер ұлттық сусынды насихаттай отырып өз жұмысын жандандыра түспек. Гүлжиян Темірбайева алдағы уақытқа қойған жоспарларымен де бөлісті.

«Біз биені жыл он екі ай байлап, қымыз баптаймыз. Бұл бизнестің болашағына үмітім зор. Жаз маусымында қымыз өте жақсы сатылады. Өйткені, барша әлем мойындап келе жатқан ұлттық сусынға сұраныс айтарлықтай жоғары.

Қазіргі таңда тек Зеренді ауданының маңында орналасқан демалыс орындарына ғана емес, Көкшетау қаласында да сатылымға шықты. Бизнес жоспарды ұлғайтып, еліміздің түкпір-түкпіріне шипалы сусынды нарыққа шығарғым келеді»,-дейді шаруа қожалығының иесі.

Назым Сапарова, журналист
Ақмола облысы, Зеренді ауданы

Оқи отырыңыз:

Танымал шенеуніктің қарындасын алған Шоқанның тойына Ресей әншілері келді (видео)

Гүлзира Айдарбекова: Димаш Қайрат сияқты бола алмайды

Сәкен Майғазиев келіншектерін ашық-шашық киіндіретін әріптестерін сынап тастады

Ләйлә Сұлтанқызы анасының Пайғамбар жасына толуына орай дүркіретіп той жасады (фото, видео)

Талқылау