Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Америкадағы танымал телевизиялық би шоуы Қазақстанда да ұйымдастырылып жатыр

“Биле, Қазақстан!” деп аталатын жаңа би жобасы “Хабар” арнасынан көрсетілетін болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі хабарлады.

еее

Сурет fox.com

ОКҚ мәліметінше “Биле, Қазақстан!” америкалық танымал “So You Think You Can Dance” би шоуының қазақстандық франшизасы болмақ. Мұндай жоба Қазақстанда алғаш рет жасалғалы отыр. Құқықты иеленуші “Endemol” компаниясының өкілі Қазақстанға келіп, қазақстандық нұсқаның халықаралық деңгейге сай болуы үшін кеңестер бермек.

Шоудың түпнұсқа жобасы алғаш рет 2005 жылы Америка Құрама Штаттарында “So You Think You Can Dance” деген атаумен көрсетілген еді. Қазірге дейін эфирде жобаның 13 маусымы көрініс тауып, 10 “Эмми” сыйлығына ие болған. Конкурстың ұқсас нұсқалары әлемнің 37 елінде көрсетілді. Оның ішінде Қытай, Австралия, Ұлыбритания, Украина және басқа да мемлекеттер бар.

“Біз әлемдік жобаның өзімізше табысты нұсқасын жасау үшін ұзақ уақыт келіссөздер жүргіздік. Біз де керемет билей алатын қаншама талантты жастар бар. Әрине, оларға даму үшін осындай жоба мен қолдау керек. Сонымен қатар, бұл жоба салауатты өмір салтын да насихаттайды. Жоба көрермендерге ұнайды деп үміттенеміз”, – деді “Хабар” арнасының директоры Ринат Кертаев.

Сайыс шарты бойынша тәжірибелі бишілер де және енді бастап келе жатқан 10-60 жас аралығындағы үміткерлер де қатыса алады. Олар әртүрлі жанрдағы бимен қазылар алқасының назарын аудара алуы тиіс. Конкурсқа жақын және алыс шет ел үміткерлерінің де қатысуына жол ашық.

Жоба бірнеше кезеңнен тұрады: іріктеу турында қатысушылар жобаға кіру үшін www.bile.khabar.kz сайтында онлайн-видео арқылы өтініш береді немесе он қалада өтетін кастинг алды іріктеуге қатысады; Негізгі кастингтер Қазақстанның үш қаласында: Астанада 23, 24 шілдеде, Алматыда 30, 31 шілдеде және 6, 7 тамызда көрермен дауысымен таңдалған үшінші қалада өткізіледі.

Іріктеу кезеңінен кейін 60 қатысушы арнайы жарақтандырылған үйге шақырылып, танымал хореографтардың жетекшілігімен сайысқа дайындала бастайды. Кезең қорытындысы бойынша 20 конкурсант (10 жігіт, 10 қыз) келесі турға өте алады. Үшінші кезеңде 20 қатысушы жұптарын анықтап, әр апта сайын көрермендер мен қазыларға әртүрлі жанрдағы (балет, контемпорара, хип-хоп, брейк-данс, джаз) би нөмірлерін көрсетуі тиіс. Қазылар алқасының көңілінен шықпаған қатысушы жобадан шығарылады.

Финалдық шығарылымда бишілер бірінші орын үшін әрқайсысы жеке-жеке таласады. “Биле, Қазақстан!” шоуы күзгі телевизиялық маусымнан бастап көрермен назарына ұсынылмақ.

Талқылау