Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Альварес жас әрі жылдам: Қазақстандық боксшылар Головкиннің жекпе-жегіне болжам жасады

Бүгінде бокс сүйер қауым Головкин мен Альварестің екінші жекпе-жегін тағатсыздана тосып жүр. Күллі әлем күткен додаға да санаулы сағаттар қалды. Осы орайда Stan.kz ақпараттық агентігінің тілшісі, аталмыш айқасқа қатысты отандық спортшылардың болжамын білген болатын.

Альварес жас әрі жылдам: қазақстандық боксшылар Головкиннің жекпе-жегіне болжам жасады

«Головкин менің шәкіртім. Бір сөзбен айтқанда бізге жеңіс керек. Бірақ Генаға жылдамдық жетіспей тұр. Адамның жасы ұлғайған сайын күші жоғала бастайды ғой. Ал, Альварестің ұтымды тұсын айтайын. Альварестің жілік майы толық. Ол әлдеқайда Головкиннен жасырақ және рингте жылдамырақ. Өте тез қимылдайды. Және де оның соққысы соңғы 12-ші раундқа дейін өте қауіпті. Ал кемшін тұстары ол рингте өзінің дұрыс позициясын ала алмайды. Бірінші раундтан бастап Генаның ырқына көнеді. Головкин бір сөзінде: «Тең ойын болмайды. Мен ұтам немесе Альварес ұтады. Бұл жекпе-жек 12 раунд болмайды» – деген екен. Яғни, Генадий тәуекелге бел буып отыр. Гена бірінші ойыннан сабақ алды. Екінші рет ол қателік жібермеуге тырысады», – дейді Ермахан Ыбырайымов.

Кәсіпқой бокста атой салған отандастарымыздың бірі Жанхош Тұраров та бұл жекпе-жекті сарыла күтуде. Былғары қолғап шеберінің сөзінше, бұл айқаста Головкин қарсыласын ауыр соққымен сұлатпаса, жеңіске жетуі екіталай дейді.

«Головкин үшін бұл кездесу оңай болмайды. Бірінші жекпе-жекте де өзі көрді оңай емес екенін. Бұл жолы Головкин Канелоны нокаутқа жібермесе, ұпай санымен Канелоға жеңісті беріп жіберуі мүмкін. Бұл жерде тек құлату керек. Альварестің мықтылығы – ол жас. Сосын жылдам десем болады. Головкинді әлсіз деп айта алмаймын. Соққысы мықты. Тек кішкене жасы өтіп бара жатыр дегені болмаса. Бірақ менің ойымша Головкин әлі боксты тастамайды», – дейді Жанхош Тұраров.

Әділбек Ниязымбетов те Генаға жанкүйер. Бірақ, олимпиаданың күміс жүлдегері Головкиннің дәл осы жекпе-жектен кейін кәсіпқой бокстағы мансабына нүкте қойғанын қалайды.

«Екеуі бір-бірінің қателіктерін жақсы біледі. Канело шаршап қалатын сияқты. Егер Гена алғашқы раундтан қысым жасаса, Альварестің шыдамы 12 раундқа дейін жетпейді. Гена ағамыз соққыларды көп жібермеу керек деп ойлаймын. Мәселен, бірінші жекпе-жекте бірнеше соққыларды өткізіп алды. Сол қорғаныс жағына күшейтсе дұрыс болар еді. Содан кейін мансабын осы жекпе-жекпен тоқтатқан дұрыс сияқты. Неге десеңіз, адам баласында қанағат жоқ қой. Сондықтан, жеңімпаз ретінде қалса нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын», – дейді Әділбек Ниязымбетов.

Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы айқасы Лас-Вегастың 20 мың орындық «T-Mobile» аренасында 16-шы қыркүйек күні таңертең өтеді. Ғасыр жекпе-жегіне «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей трансляцияны ұсынады.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау