Алуа Қонарова RinGo World продюсерлік орталығына үлкен өзгерістер енгізбек. Біріншіден, продюсер екі бірдей жеке әншімен жұмыс істеуді бастап кетті. Ал екіншісі – продюсер қарамағындағы топтардың бірін өз жөнімен жібермек.
Бұл туралы НТК арнасының “Ревю” бағдарламасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Қазіргі уақытта Қонарованың продюсерлік орталығында үш топ бар: Ringo, құрамы жаңарған Ayumi және Renzo тобы. Алғашқы топтың құрылғанына 11 жыл болған. Топтағы солистердің жартысы отбасын құрып, үйлі-баранды болды, кейбірі жеке жобалармен айналыса бастады. Соған қарамастан, RinGo бұрынғыша тыңдармандарын қуантуда.
Қыздар тобының құрамы өзгеріске ұшырағанымен, республикалық алаңдарда белсенді түрде өнер көрсетіп жүр. RenZo тобының да жетістігі аз емес. Топтың әр фан-митингіне келетін жанкүйерлер залға сыймай қалып жатады.
“Өкінішке қарай, мүмкін қуанышқа да орай, топтардың бірін таратып жіберемін. Нақты шешім қабылдап қойдым. Келісімге сәйкес, бірнеше ай жұмыс істеген соң ол топты тарқатамын”, – дейді Алуа Қонарова.
Алайда продюсер әзірге қай топтың жұмысын аяқтайтынын құпияда қалдырды. Қонарова жақын күндері бұл сырдың құлпын ашпақ. Бұдан өзге, продюсер қарамағана алған жас жігітті елге таныстырмақ ниетте.
“Алдымен келісімге қол қоюымыз керек, кейін міндетті түрде жариялайтын боламын. Қазақстандықтар бұл жігітті таниды. Тек оған бағыт беретін адам екен. Оған продюссинг пен менеджменттің керек екенін түсінемін. Өте талантты жігіт”, – деп атап өтті Алуа Қонарова.
Бұдан өзге, продюсер көктемде тағы бір жеке әншіні жұртқа таныстыратынын айтты. Ол – әнші Асылтас Аяп.