Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алтынбек Қоразбаев: Төреғали жұлдыз ауруынан айығып, алдымда “көкелеп” жүр

Алтынбек Қоразбаев пен Төреғали Төреәлі татуласты! Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген Халық әртісі дәл осындай мәлімдеме жасады. Композитор мен «Ұлы дала баласының» арасындағы текетірес осы жылдың ақпан айында басталған. Алғашқыда сазгердің концертіне қатысатынын айтып, кейін сертінен тайған Төреш, өнердегі ағасын қатты ренжіткені ел есінде.

Алтынбек Қоразбаев: Төреғали "жұлдыз ауруынан" айығып, алдымда көкелеп жүр

Алайда, араға уақыт салып Төреәлнің ұлы Қоразбаевтан кешірім сұрапты. Қазіргі таңда қос тараптың қарым-қатынасы көңіл қуантарлықтай екенін хабарлады.

«Төреғали деген ол – қазақтың жұлдызы. Құдай оған дауыс берген, өнер берген. Енді мына «жұлдыз ауруы» деген бар. Соған ол бала сәл-пәл ілініп қала жаздады ма деймін. Ештеңе жоқ өзі келіп, көкелеп бетімнен сүйіп, кешірім сұрап, алдымнан шықпайды. Көкелеп жүр. Оған енді бұдан артық дейін. Соттауым керек пе? Кішкентай балалармен салғыласып нем бар, маған оның керегі жоқ», – дейді Алтынбек Қоразбаев.

Қоразбаевтың ендігі өтініші бұдан былай Төреғали «жұлдызды дертке» шалдықпаса дейді. Ағатттың басқан хитменді кешірген композитор, өнер жолында «Ұлы дала баласының» болашағынан үлкен үміт күтеді.
«Ол әлі халықтың алдында жұмыс жасайтын азамат. Оның келешегі алдында. Әлде ақылы болса, ақылға келіп тоқталған шығар. Онда тұрған ештеңе жоқ. Шекесіне тиді ғой енді. Бірақ ренжігенім бар. Келешекте «жұлдыз ауруымен» ауырмаса екен деймін. Менің ренжігенім сол ғана», – дейді Халық әртісі.

Қоразбаев атағы аспандаса, адам танымастай өзгеретін өнерпаздардың талайын көргенін айтады. Бірақ, кезінде Мейрамбек Бесбаев пен Тоқтар Серіков сынды қос шәкіртінің танымалдылықты сезе бастағанын байқаса, ұстазы оларды дер кезінде жөнге салып отырған.

«Мейрамбек, Тоқтарлар қатты «жұлдыз сырқатына» шалдыққан жоқ. Көкірек болса оларды құлағынан бұрап отыратынмын. Бірақ енді кейбір кезде халықтың өзі қатты еркелетіп жібереді. Мазасын алып, көлікке мінгізбей, «бүйтейік-сүйтейік» деп қолынан тартып… Сол кезде ренжіген кездері болған шығар. Бірақ енді олардың тәрбиесін мен жақсылап бердім ғой. Негізі «жұлдыз ауруына» көп адамдар шалдығады. Бірақ Құдайға тәубе, менің шәкірттерім сол өткелден аман-есен өткен сияқты. Барлығы қазір байсалды. Қырықтан асты. Немере шәкірттерімнің құлағын бұрап жүрмін. Олар ешқашан ауырмайды», – дейді Қоразбаев.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау