Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматының шипажайына емделуге келгендерді қоймаға қамап қойған

Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау! Еліміздің әр аймағынан Алматыға емделуге келген мүгедектер тар қапаста тұншығып отырғандарына ашулы. Себебі бір ай бойы шипажайда демалып, протез жөндетеміз деп келгендерді Боралдайдағы бұрынғы қоймаға тығып қойған. Терезесі жоқ тар бөлмеде тынысы тарылғандардың тазалыққа да көңілдері толмай отыр. Өйткені бір бөлмеде бес адамнан жатып, ас-ауқатты шыбын-шіркейдің ортасында ішуге мәжбүр,-деп жазды КТК арнасы.

шипа

Бірі балдаққа сүйеніп, екіншісі арбада отырған бұл азаматтар еліміздің әр өңірінен Алматыға арнайы келіпті. Яғни, мүгедек жандар ем алып протездерін жөндету үшін жіберілген. Алайда бір ай бойы шипажайда демаламыз дегендердің қазір тынысы тарылып отыр. Өйткені олар уәде етілгендей демалыс орындарында емес Боралдай кентіндегі терезесі жоқ, қапырық ғимаратта ыстыққа қақталып жатыр. Тіпті, ем-дом алудың орнына күн ұзаққа уақыттарын есік аузында отырып өткізуге мәжбүр.

«Іші қапырық. Терезе жоқ, вентиляция жоқ. Бұл цех. Соның ішінде жатырмыз. Санаторий деп көрсеткен бұлар тендерден ұтқанда. Бірақ осында әкеліп тастады. Бір апта болады. Дүйсенбі келдім»,-дейді үшінші топтағы мүгедек Берік Амандықов

Бұрын қойма болған бұл ғимаратта қазір жеті адам жатыр. Олар протез алмастырумен айналысатын «Medicare» мекемесінің мүгедектерге мүлдем жағдай жасамағанын айтады. Яғни бір бөлмеде бес адам ұйықтап, сол жерден тамақтанады екен. Тазалық талаптары да сақталмаған. Бөлме ішінде шыбын-шіркей быжынап жүр. Берілетін ас-ауқатқа да олардың көңілдері толып отырған жоқ.

Ал «Medicare» фирмасының басшылары ақталып әлек. Айтуларынша, бұл жерде мүгедектер уақытша тұрып жатыр. Себебі шипажайда әзірге бос орын жоқ екен. Сондықтан сырттан келген азаматтарды осы орталыққа орналастыруға мәжбүр болыпты.

«Осы дүйсенбіден бастап бұл жерде ешкім жатпайды. Барлығы санаторийде болады. Бұл жер тек протезді киіп, үйретіп, қалай жүру, қалай баспалдақтан түсу керектігін протезистермен бірге үйретеді»,-дейді «Medicare» ЖШС директорының қаржы жөніндегі орынбасары Дәурен Алсаев

Десе де басшылар бізге орталықтың ішіне кіріп, азаматтардың айтқанын көзбен көруге рұқсат етпеді. Есесіне ғимараттың тазалық талаптары мен өрт қауіпсіздік ережелеріне сай келетінін растайтын құжаттарымыз бар дейді. Бірақ оны да көрсете алмай отыр.

Талқылау