Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматының Арбаты түбегейлі өзгермек

Бүгін сәулетшілер оның жаңа жобасын көпке таныстырды. Енді бұл алаңда жасыл-желек пен субұрқақтар көбейіп, балалар алаңқайы болады. Ал Арбатты қайта жаңғыртуға бюджеттен бақандай 3 миллиард теңге жұмсалмақ, – деп хабарлайды КТК арнасы.

3ZF83o7vANX2Mizf9b4CpcQbE60hqC

Фото: Yvision

Құрылыстың кәсіпкерлер мен тұрғындарды да шығынға батыратын түрі бар. Өйткені әркім өзіне тиесілі нысанның сыртын өз ақшасымен әрлеуге міндетті екен. Арбаттың қазіргі кейпі белгілі дат сәулетшісі Ян Гейлге ұнамай қалған екен. Сөйтіп, ол алаңды қайта жаңғырту туралы кеңестерін айтып кетіпті. Міне, соның негізінде жасалған жоба бүгін көпшілікке таныстырылды. Енді бұл жер адам танымастай өзгермек.

“Мақсат – Алматыны жаяу жүргіншілер қаласына айналдыру. Велосипедшілерге де жағдай жасалады. Оларға кедергі келтіретін ернеулерді алып тастаймыз. Демалатын жаңа орындар ашылады”, – дейді жоба авторы Роман Шнайдерман.

Сондай-ақ, кәрі ағаштардың орнына жаңасы егіледі. Субұрқақтарды көбейтіп, балалар алаңқайын салу да жоспарланған. Бұған қоса, осы Жібек жолы көшесінде күміспен қапталған жолақтар пайда болады. Ол Жібек жолының тарихынан сыр шертеді екен. Мұндағы әбден ескірген көпқабатты үйлердің сырты да жаңаруы тиіс. Тек оны тұрғындар өз қаржысына жасауға міндетті.

“Қазір нарық заманы. Сондықтан, әр ғимараттың өзінің иесі бар. Жұмыстың бәрі сол иелерінің есебінен жүргізілуі керек болады”, – дейді Алматы қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанат Айтілеу.

Есесіне, Арбаттағы суретшілер мен өнерпаздарға қолайлы жағдай жасалмақ. Мұндағы қоғамдық орындар да ретсіз орналасқан. Оның кейбірі сүріліп те жатыр. Енді, мұндағы қалған қоғамдық орындарды иелерінің өзі талапқа сай жаңартуы тиіс. Десе де, бұл жолы сүруден аман қалған нысандардың қуануына әлі ерте.

“Панфилов көшесінің бойымен жеңіл рельсті трамвай жүруі керек. Әрине, сондықтан жалғыз «Компот» емес, оның төмен жағында тұрған ғимарат та құлатылуы керек”, – дейді Жанат Айтілеу.

Арбат 5 жыл бұрын да жөнделген. Бірақ жұмыс сапасыз болып шықты. Сол кезде орнатылған тас төсеуіштер қазір қирап жатыр. Дегенмен, шенеуніктер бұл жолы олқылық болмайды деп сендіріп отыр. Ал, әзірге бұл жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Одан кейін құрылыс та басталмақ. Шенеуніктер оған бюджеттен 3 миллиардтан астам қаржы жұмсауға дайын. Сөйтіп, жаздың соңына дейін Алматының Арбаты түбегейлі өзгереді.


Жіберіп алмаңыз:

Ақтөбеде жатақхана дәлізінен табылған сәби анасына қайтарылды

Депутат бюджетті тиімді жұмсамағандарды қылмыстық жауапқа тартуды талап етті

Қызылордалық 14 жастағы шабандоз тапсырыспен ақшаға атпен шабады

Астанада арнайы жасақ қызметкері бөлімшеде асылып қалған күйінде табылды

Талқылау