Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматының үздік оқушылары Президент шыршасына қатысты

Бүгін Алматыдағы Республика сарайында Қазақстан Президенті атынан Жаңа жылдық шырша мерекесі өтті. Оған қаладағы орта мектептерден үздік оқитын 200 оқушы қатысты.

20141224140829

Мерекелік шараның басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бейнеүндеу арқылы барлық қазақстандық балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

«Жаңа жыл – жақсылық пен жаңалықтың жаршысы. Сол себепті бәріміз де оны асыға күтеміз. Бүгін Шырша тойы еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр. Бұл мерекеде бірде бір бала сыйлықсыз қалмайды. Біз сендердің спортпен шыныққан, сапалы білім алған, рухани толысқан азамат болғандарыңды қалаймыз. Бұл әрбір ата-ананың ғана емес, сүйікті отанымыздың, күллі Қазақ елінің қалауы. Қазақстан бүгінде әлемге бейбіт әрі жасампаз ел ретінде танылып отыр. Оның беделін арттыруға есейгенде өздерің де үлес қосасыңдар деп сенемін. Өйткені, сендер рухы биік, тәуелсіз мемлекеттің зерек те зерделі ұрпағысыңдар!», – деді Елбасы өзінің бейнеүндеуінде.

Бұдан кейін балаларды Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек құттықтады.

«Бүгін Елбасының атынан елімізде осындай керемет Шырша тойы өтіп жатыр. Жаңа жылдық шырша құтты болсын! Алматы қаласы бойынша ең таңдаулы 200 оқушыны осы Шырша тойына шақырып отырмыз. Елбасы айтқандай, Сіздер Қазақстанның болашағысыздар! Еліміздің кемел болашағы сіздердің білімдеріңіз бен болашақтағы игі жұмыстарыңызға байланысты. Сондықтан, Сіздерге денсаулық, бақыт тілеймін. Жаңа жыл сіздерге тек жақсылық әкелсін!», – деді қала әкімі.

Президент шыршасында балаларға арналған қызықты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Балалардың барлығы ҚР Президенті атынан Балалар жаңа жылдық сыйлық ретінде спорттық киімдер, жылы күрте, кітаптар, кеңселік тауарлар мен планшет алды.

 

Талқылау