Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыны жайпап өткен нөсер тағы қайталануы мүмкін

Алматы мен оның маңайындағы тұрғындарды толассыз жауған жаңбыр әбігерге салып жатыр. Таулы аймақта көшкін жүріп, үйлерді басса, қаланың төменгі жағы мен іргедегі Талғар тұрғындарының баспанасын қызыл су басып қалған. Қазір залал келген аудандарда лайдан тазарту жұмыстары жүргізілуде. Ал құтқарушылар өзен арналарын нығайтуға кіріскен. Себебі, алдағы уақытта жауын-шашын жалғасуы мүмкін. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

мымы

Сурет dixinews.kz

Үш күннен бері толастамаған нөсер әсересе тау етегіндегі үйлерге кесірін тигізді. Жаңбыр суынан жер жұмсартып, бүгін шамамен 2 мың текше метр көшкін Алатау ықшамауданындағы үйлердің бірін басып қалды. Салдарынан баспананың бір қабырғасы қираған. Көшкіннің жүруіне жардың шетіне салынған монша кешені себеп болса керек.

“Көршілес орналасқан нысан құрылыс қалдықтары төгілген жерде салынған. Сондықтан кез келген үй еңістен 50 метр жерден бой көтеруі тиіс болатын”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Равиль Шахмаев.

Қазір бұл маңды тазарту жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Себебі, көшкен лайды қозғаса, екі қабатты монша құлап, бірнеше үйдің тас талқанын шығаруы мүмкін. Ал қаланың төменгі бөлігі жаңбыр суымен күресуде. Арыққа симаған су аулаға жайылып, жертөлелерге жиналған.

“Осыдан бір сағат бұрын ғана құтқару қызметінің арнайы көлігі суды сорып алған. Бірақ қазір қайтадан су деңгейі көтеріліп кетті. Бұл – арықтарды жаңарту кезінде төмен емес, жоғары орналастырғанына байланысты”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Лариса Павлуцкая.

Ал Талғардағы таудан аққан Бесағаш өзені арнасына симай, көшелерді шайып кеткен. Үш баспана суға, ал онға жуық аула лайға толған. Жиған-тергені су астында қалып, есі шыққан жұрт апаттың алдын алуға болар еді деген ойда.

“10 күн бұрын тура осындай жағдай болған. Ол кезде су біздің үйді айналып өткенімен, төменгі көшедегі бірнеше үйге кіріп, онға жуық ауланы шайды. Күн ашылғанда осы апаттың алдын алу керек еді. Бірақ оның жасалмағанын көріп тұрсыздар” – дейді тұрғын Анна Розинке.

Тасқынның зардабын тартқан тұрғындарға көмекке коммуналшылар мен құтқарушылар келген. Жұмысшылар тонналаған лайды күректеп шығарса, атқамінерлер резеңке етіктерін балшыққа салмай-ақ жұртқа кінә артудан тартынбады.

“Арасы 3 күннен арнаны тазалауды бастағанбыз, тазалап үлгермедік. Бірақ айта кетуге болады, кеше тазалық жүргізген кезде халықтың өзінен де бар. Қоқыстың барлығын арнаға тастайды. Оны айтып та жатырмыз елдерге” – деді Талғар қаласының әкімі Дәулет Баталғазиев.

Су басқан саман үйлер енді тұруға жарамсыз. Ал тұрғындарына уақытша жатын орын беріліпті.

Толассыз жауған жауын соңғы 10 күнде талғарлықтарды екі мәрте әбігерге салды. Ал адасқан судың әзірге тынышталар түрі жоқ. Сондықтан бірінші кезекте өзен арнасы тазартылып, оның жақтаулары құм толтырылған қаппен емес, бетонмен бекітілмек.

Талқылау