Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыны көлік кептелісінен құтқаруға француздар көмектеспек

Алматыдағы көлік қозғалысы осыдан 40 жыл бұрынғы Францияның кейпіне ұқсайды. Қазақстанға жұмыс бабымен келген Халықаралық автокөлік федерациясының президенті Жан Тодтқа біздің мегаполис осылай көрінеді екен. Бұл туралы КТК арнасы хабарлап отыр.

83dcd3d7acde00c49197b643870dc0aa5fbdd7

Фото: motor.kz

Дегенмен, арнайы жолақтар, ақылы автотұрақ секілді жол қауіпсіздігін күшейтуге арналған шаралар шетелдік қонаққа ұнап қалыпты. Айта кетейік, осы күзде шаһарда тағы үш бірдей көшеде автобус жолдары пайда болмақ.

50 жыл өмірін автоспортқа арнап, әлемдік деңгейдегі барлық автожарыстарда жеңіп шықан Жан Тодт бүгінде халықаралық көлік федерациясын басқарады. Қазір федерацияға мүше елдердегі автоспорттың дамуы мен жол қауіпсіздігін жетілдіруге атсалысып жүр. Қазақстанға екінші рет келген Тодт мырза Алматының көлік қозғалысы туралы былай деді.

“Алматыдағы көлік қозғалысы тура Францияның осыдан 40 жыл бұрынғы кейпіне ұқсайды. Мұнда жол қауіпсіздігінің жетілдіретін тұстары баршылық. Бірақ қала басшылығының жол қауіпсіздігімен қатар, автоспортты да дамытуға деген ынтасы қуантады”, – деді Халықаралық автокөлік федерациясының президенті Жан Тодт.

Бұл ретте қала билігі алдымен автобустардың қалыпты жүруіне жағдай жасап, арнайы жол салып жатқаны белгілі. Былтыр Абай даңғылынан басталған бұл үрдіс биыл да бірқатар көшелерде жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта Желтоқсан мен Наурызбай көшелерінің бір шетіне жеңіл көліктерді жүргізбейтін тыйым белгілері салынуда.

“Бұл көшелерде автобустар көп жүре бастайды. Қазірдің өзінде жүру аралығы бірқалыпқа түсіп келеді. Бұрын екі жағы көліктерге болып тұратын. Енді ол кедергіден құтылатын боламыз”, – дейді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Румиль Тауфиков.

Сондай-ақ, осыдан екі ай бұрын Байбек өзі барып ашқан ақылы автотұрақ жүйесі де қала аумағын түгел қамти бермек. Қала басшыларының ойынша, соның арқасында көлігін қаңтарып, автобусқа отыратындар қатары көбеймек.

Қырық жыл бұрынғы Францияның кебін киген Алматының көшелерін ретке келтіру үшін әзірге қала басшылығының ойлап тапқаны ақылы автотұрақтар мен арнайы автобус жолдары. Шілде айында Райымбек даңғылында қоғамдық көлік жолы сызылып бітсе, бүгінде Желтоқсан және Наурызбай батыр көшелеріне салынып жатыр. Соның арқасында 59 автобус бағыты оңтайландырылып, оның ішінде жетеуі мүлде алынып тасталған. Ал алдағы қараша айына дейін Төле би көшесіне арнайы автобус жолы жүргізілмек.

Талқылау