Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық спортшы бала көпбалалы отбасына көмектесу үшін 82 алтын, күміс алқасын сатуға дайын

12 жастағы Бекзат Сералы тхэквандодан алған өзінің 82 алтын және күміс алқаларын шағын үйге немесе жер теліміне ауыстыруға дайын. Ол көпбалалы отбасында екінші бала. Одан басқа төрт ұл мен үш қыз бала бар. Үлкені 16-да, кенжесі 7 айға келген. Сегіз бала үшін мемлекеттен берілетін ай сайынғы жәрдемақы көлемі 16 мың теңге. 36 жастағы «Алтын алқа» иесі Әлима Жұбаева отбасындағы ақша жетіспеушілігінен спортшы баламызды жаттығуларға да дұрыстап жібере алмаймыз дейді.

Біз Әлимаға хабарласқанда, ол жағдайына қарамастан, жұрттан көмек сұрауға, БАҚ беттерінде жылтыңдай беруге намыстанатынын айтты. Осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкенттен көшіп келген Сералы отбасы Алматының Алатау ауданыныда шағын үйді жалдап отыр, айтуларынша мұнда да үйді жалға таныстары арқылы алғандықтан 80 мың теңгенің орына 50 мың төлейді. 46 жастағы отағасы алыс жолдарға шығатын жүргізуші болып істейді, алатын жалақысы 100 мың теңгенің маңайында. Барлық тапқан-таянғандары азық-түлік пен үйдің пәтерақысына кетеді.

Батыр ана бірнеше рет жергілікті атқару органдарына баспана немесе жер телімін беру туралы өтінішімен барғанын айтады, алайда құлақасар шенеунік болмаған. Осыдан 5 жыл бұрын мемлекеттік баспана кезегіне тұрған отбасының кезегі әлі жылжыр емес. «Ол кезде 8 000-шы орында едік, қазір 2535 орынға жылжыдық», – дейді Әлима.

Былтыр қала әкімі Бауыржан Бәйбектің қабылдауына бармақ болғанда, хатшысы кабинетінен әрі кіргізбей, кезегіңізді күтіңіз деген желеумен шығарып салыпты. «10-15 баласы бар адамдар да бар. Олар да күтіп жатыр» депті.

Әлиманың сөзінше, осы күнге дейін талай мәрте «асырай алмасаңдар несін туасыңдар»  деген сөзді естіп келгендерін айтады.

«Бірақ мен қайыр сұрап жатқан жоқпын, заң бойынша өзіме тиесілі дүниені ғана алғымыз келеді», – деп налиды көпбалалы ана.

20 жасында тұрмысқа шыққан Әлима балалары тамақ, киім талғамайтынын айтады. Жолға ақша болмаған күндері мектепке дейінгі бірнеше шақырымдық жолды жаяу еңсереді екен. Бірақ тұрмыстық қиындықтарға қарамастан балалары мектепте үздіктер қатарында, сабақтарын жақсы оқиды. Ұлдарының барлығы спортпен шұғылданады.

Осыған дейін отбасына азық-түлік, киім-кешекпен көмектесіп келген бірнеше кәсіпкерге отбасы алғысын айтады. Тіпті қала сыртындағы саяжайларын ұсынған адамдар да болыпты. Бірақ маңында мектеп болмағасын, онда көшу қиынға соғып тұр.

Отбасы ең басты мәселеміз – баспананың жоқтығы болып тұр дейді.

«Үкіметтен ештеңе сұрамаймыз, тек үй кезегін жылжытса екен», – деген шенеуніктерге өтініші бар.

Көпбалалы отбасыға қандай да бір көмек көрсетемін деген қайырымды жандарға Әлимәның телефон номерін жариялаймыз: 8 778 427 72 82

Талқылау