Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық келіншек қиындыққа тап болған талай адамды құтқарып қалғанын айтып берді

Сөздің шыны керек, кейде көше бойында аунап жат­қан адамды көрсек ішіп алған біреу болды ғой деген оймен зер салып қарамаймыз. Ал шындығында ол адам­ға шұғыл көмек керек болса ше? Бәлкім ол жүрек талмасы ұстап, өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатқан шығар? Міне, осындай сұрақтарды көп адам күйбең тіршіліктің қамымен асығып бара жат­қанда өз-өзіне қоя бермейді.

kiyndykta

Ал біздің Замана газетінің бүгінгі кейіпкері Бақыт Досжан қанша жерден жұмысы қауырт болса да айналасында болып жат­қан әрбір оқиғаға, алдынан кезікке әрбір жанның әңгімесіне арнайы уақыт бөледі. Ол – жанашыр жан. Таяуда ғана ол жол бойында шарасыз күйде қалған жап-жас екі қызды құтқарып, олардың айдалада тентіреп қалуына кінәлі адамдарды тауып, тізерлете кешірім сұратқан. Бақыт ханым оқиғаның қалай болғанын «Замананың» тілшісіне баяндап берді.

«Күн жұма, яғни 27 қараша болатын. Әдеттегідей жұмыстарымды бітіріп, үйіме келе жатқан едім, телефоным шырылдады. Алсам күнде өзім көріп жүрген бір қыз екен. «Апай, біз қиын жағдайға тап болдық. Қапшағайға барар тас жолдың бойында, «ГРЭС» маңында тұрмыз. Бізге көмектесе аласыз ба?» – деді жыларман халде. Содан дереу әлгілерге барып, көлігіме отырғызып алдым. Сұрастыра келе олардың әлдебір автобус жүргізушісінің кесірінен қиындыққа тап болғанын білдім”, – дейді Бақыт Досжан.

Қаладағы колледждердің бірінде оқитын екі қыз сол күні кештете «Сайран» автобекетінен Қапшағайға қарай жүретін автобусқа отырған. Бірақ жолда автобус бұзылып, ішіндегі жолаушылардың бәрі түсіп, өз жөндерімен кетіп қалады. Ал әлгі екі қызға шопыр жігіт: «Отыра беріңдер, қазір жөндеп болғасын барар жерлеріңе жеткізіп саламын», – деп уәде берген.

Содан не керек, әлгі шопыр мен оның кондукторы көлікті жөндеп болғасын автобусты басқа бағытқа қарай бұрып айдайды. «Біздің баратын жеріміз басқа жақта ғой!» – деп секемденген қыздарға біреуі: «Мен сендерді алып қашамын», – деп жауап береді. Онысымен қоймай анасына телефон соғып: «Үйге келін әкеле жатырмын, дайындалыңыздар!» – деп айтады. Мынадай сөзді естіген соң «шок» болған екі қыз сол жерде әлгі шопырға жалынып-жалпайып, жылап-еңіреп жүріп жолдан түсіп қалады. Қыздар түсіп бара жатып әлгі шопырдың кондукторынан жолкіреге ұсынған ақшаның қайтарымын сұраса, ол: «Бізде ұсақ ақша жоқ!» – деп бермей жіберіпті. Бұл жағдайға қалай күйінбессің?!»

Қысқасы, Бақыт ханым әлгі қыздардан автобустың мемлекеттік нөмірін сұрап алып, араға таныстарын сала жүріп автобус паркінің басшысын тауып алыпты. Содан оқиғаның қашан және қалай болғанын баяндап беріп, кінәлі көлік жүргізушісін тауып беруін талап еткен. Не керек, әлгі автобустың жүргізушісі мен кондуктор соңында екі қыздан, олардың аналарынан кешірім сұрап, екінші рет мұндай әрекетке бармауға уәде етіпті.

«Екеуі де үйленген екен, 23-24 жастағы жап-жас жігіттер. Автобус паркінің басшысы: «Бұл оңбағандарды жұмыстан шығарамын!» – деп ашуланып еді, үйіндегі балаларын аядым. Бар уәдені үйіп-төгіп берген екі жігітке: «Егер дәл осы қыздардың орнында өз қарындастарың болса не істер едіңдер?! Осы жағын ойландыңдар ма?» – деп білген ақылымды айтып кеттім», – дейді Бақыт Досжан.

…Жалпы, жоғарыда айтып өткеніміздей, Бақыт ханым мұндай оқиғаларға жиі тап болып тұрады екен. Осыдан біраз уақыт бұрын Алматы қаласында, балмұздақ сататын бір дүңгіршектің жанында жатқан бір кісіні өлім аузынан арашалап қалыпты.

«Әлгі адамның жатысынан біртүрлі секемденіп қалдым, – дейді ол. – Балмұздақ сататын қыздан сұрап едім: «Ішіп алған біреу шығар, неңіз бар, тиіспеңіз», – деді. Бірақ оның сөзін елемедім. Жанына барып, жағдайын сұрап едім, жүрегі ауырып тұрғанын әрең жеткізді. Содан дереу «жедел жәрдемге» хабарласып, науқас адамды ауруханаға жібердім. Сосын бірнеше күнге дейін телефонына хабарласып, хал-жағдайын біліп тұрдым.

Ал осыдан біраз жыл бұрын, нақты қай кезде екені есімде жоқ, бір орыс кісіні құтқарып қалғаным бар. Ол кезде сауыншы болып істеймін фермада. Сиыр саууға барар жолда, шөптің үстінде бір жұмысшының жатқанын көрдім. Қатты қиналғаны соншалық, тілін жұтайын деп жатыр екен. Дереу шелегімдегі суды бетіне бүркіп жібердім де, еш ойланбастан қолыммен тілін тартып шығардым. Қазір ол кісі аман-есен, шауып жүр. Өзінің жасы менен біршама үлкен, соған қарамастан: «Сен маған мына өмірді екінші мәрте сыйлаған анам сияқтысың», – деп риза болды. Шынымды айтсам, тілін жұтуға шақ қалған сол кісіні құтқар­ғандағы ішкі сезімім өзгеше болды. «Менің де елге пайдам тиеді екен-ау», – деп қуандым».

Бақыт Досжан Алматы қаласындағы бір фирмада сауда өкілі болып жұмыс істейді. Екі ұл, бір қызы бар. Балаларына да қиын жағдайға тап болған жандарға қол ұшын беріп жүруді үнемі айтып отырады екен. Содан ба, балаларының да басынан осыған ұқсас түрлі жағдайлар өткен.

«Жалпы, мына бес күндік жалған өмірде бір-бірімізге қамқор, жанашыр болып жүргенге не жетсін! Мейлі, ол қазақ па, басқа ұлт па, қиналғанға қош ұшын беріп жүрейік. Одан өзіңе деген сенімділігің оянады, ал Алла алдында зор сауапқа кенелесің», – дейді Бақыт ханым.

Жіберіп алмаңыз:

Көшеден ақшасы бар әмиян тауып алған азамат иесін іздеп жүріп қайтарып берген

Жастайынан жетім қалып жақындарынан қорлық көрген қыз адам сенбес күйде тұрып жатыр

Жыныс мүшесіне зақым келген еркек пәктігінен 44 жасында айырылған

Қалыңмалға он мың доллар әкелген құдалар үйдегі үлкен әжейге ешнәрсе кигізбеген

Талқылау