Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық депутат ақтөбелік жұмысшылардың жалақысын төлемей қашып жүр

Ақтөбедегі шпал шығаратын зауыт жұмысшылары бір жылдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Кәсіпорын жүзден астам адамның әрбіріне жарты миллион теңгеден қарыз. Жұмысшылардың маңдай тер ақыларын даулап бармаған жері жоқ. Тіпті, қолдарында сот шешімі де бар. Алайда зауыт құрылтайшысы –алматылық депутат әлі күнге дейін ұстатпай жүр екен,-деп хабарлайды ктк арнасы.

жұмыс

Жалақыларын даулаған бұл жұмысшылардың зауыт қақпасының алдына келіп, айқайлаудан басқа амалдары жоқ. Бастық атаулы мұнда көрінбегенімен, есесіне күзетті күшейтіпті. Ал айлық көрмей ашынған жұмысшылар енді қолтықтарына бір бума арыз-шағымдарын қысып, құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздыруға мәжбүр.

«Бір жылдан асып бара жатыр айлықтарымызды алған жоқпыз. Бәріміздің бала-шағамыз бар. Бастықтарға да бардық. Прокурорларға жаздық. Сотқа да бардық. Ешқандай нәтиже жоқ»,-дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Әмірғали Шәкібаев

Қазір сот орындаушылары да зауыт басшыларын таба алмай жүр. Шпал шығаратын « ASBI SAT GROUP» компаниясының құрылтайшыларын жұмысшылардың өздері іздеп көрген. Бас директор Нұрбек Айтбаевтың Алматыда Мәслихат депутаты болғанын естігенде шалқаларынан түсіпті.

Қарамағындағыларды қарық қылмай жүрген адамнан халыққа қайран жоқ дейді олар.
«Ол қандай адамдарға жақсылық істейтін депутат. Адамдарды қанаушы ғой. Егер оған қарсы заң жоқ па?. Қалай сонда?»,-деп сұрайды Ақтөбе қаласының тұрғыны Темірғали Самұратов

Еңбек инспециясының да зауыт басшыларына шамасы келмей отыр. Алғашқыда айыппұл салыпты. Жұмысшыларына берешігін бермегені үшін сотқа да берген.

«Енді ұйғарымдарда көрсеткен мерзімдегі уақыттар өткесін біз тексеріс материалдарының барлығын сотқа жібердік. Қазір қалалық сотта істері қаралуда»,-дейді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Бауыржан Оразаев

Зауыт басшыларына хабарласқанымызда, осы айдың соңына дейін қызметкерлердің жалақысын толық береміз деп отыр. Тіпті үш ай бұрын қызметін тоқтатқан кәсіпорынды италиялықтармен бірлесе қайта іске қоспақшы екен. Дегенмен бұған жұмысшылардың сенгісі жоқ.

Талқылау