Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық дәрігерлер алғаш рет бауыр ауыстырып, балаларды ажалдан құтқарды

Алматылық дәрігерлер алғаш рет бауыр ауыстырып, осы ағзаға мұқтаж 5 айлық және 7 жасар балаларды ажалдан арашалап қалды, – деп хабарлайды КТК арнасының сайты.

1453980159_d6ogmecp

Сурет: timeskz.kz 

Ұлттық ғылыми хирургия орталығында бұрын-соңды болмаған трансплантацияның бұл түрін отандық мамандар үндістандық әріптестерімен бірігіп жасады. Туабітті бауыр ауруына және циррозға шалдыққан бүлдіршіндерге туысқандары донор болған.

Дәрігерлер күрделі ота жасап, жағдайы тым мүшкіл екі баланы аман алып қалды. Сау бауыр сегіз бөлікке бөлінетін болса, операция арқылы соның екі бөлігі кішкентай науқастарға салынған. Туабітті өт жолдарының ақауына байланысты пышаққа түскендердің бірі 5 айлық Асылай. Нәрестеге туысы донор болған.

“Менің әпкем донор болды. Құдайға шүкір, қазір жағдайымыз жақсы. Донорымыз да жақсы. Операция жасаған күніміз қызымыздың екінші туған күні деп санаймыз”, – дейді Асылайдың анасы Құралай Қазақбаева.

Цирроз, яғни бауырдың іріп кету дертіне шалдыққан 7 жастағы Исмайылға да осындай ота жасалды. Себебі, аурудың басқа емі жоқ. 8 сағатқа созылған операцияның арқасында жағдайы жақсарған жеткіншек тіпті екі шумақ өлең де оқыды.

 

Қос операция да балаларға бауыр трансплантациясын жасаудағы ең тәжірибелі үндістандық мамандардың көмегімен жүзеге асқан.

“Екеуіне де операция жасалмаса белгілі немен бітетіні. Анау баланың енді өмірі күндерге саналып келе жатқан. Әрі кетсе бір апта өмірі қалған. Зерттеудің нәтижесі бойынша көрсеткіші өте нашар болған. Екінші бала да ұзаққа бармайтын еді”, – дейді Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов.

Ағза ауыстыру елімізде қарқынды дамып келе жатқанымен, донордың тапшылығы әлі де бар. Көп жағдайда доторлыққа тек науқастардың туысқандары ғана келісім береді екен. Өйткені, бүлдіршіндерге тек тірі адамның ағзасын салған дұрыс дейді дәрігерлер.

Тәжірибе жинаған отандық дәрігерлер енді мұндай операцияларды шетелдік мамандардың көмегінсіз жүзеге асырмақ. Қазір республика бойынша балалар бауыр трансплантациясына мұқтаж 2 науқас белгілі. Олардың ағзасын ауыстыру жақын күндері осы орталықта жүзеге аспақ.

Талқылау