Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық атқыш Руслан Күлекбаев көздегенін жайратып салатын кәнігі мерген болып шықты

Алматыда алты адамды атып өлтірген Руслан Күлекбаевтың басқа да қылмыстары ашылып жатыр. Лаңкес кісі тонап, қарақшылық шабуыл жасаумен айналысқан дейді полицейлер. Бұған дейін екі рет істі болған Күлекбаев нәпақасын осылайша қылмыстық жолмен тауыпты. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

8e5a7bde6838a421765ff680002870ae

Ол қару ұстауды да сол кезде үйренсе керек. Лаңкестің тапанша мен ұңғылы қаруды қатар қолдана алатын шеберлігіне кәсіби мамандар да таң қалып отыр.

Руслан Күлекбаевты төрт күннен бері тергеуге алған тәртіп сақшылары оның тағы да бірнеше қылмысын әшкереледі. Лаңкестің төрт қарақшылық шабуылға және екі ұрлыққа қатысы бар екен. Яғни сұрақ-жауап кезінде қаскөй базар маңын торып жүріп, азық-түлік арқалаған әйелдерге шабуыл жасағанын мойындапты. Тіпті тағы бір жолы жемтігін соққыға жығып, 500 мың теңгесін тартып алған. Осылайша еш жерде жұмыс істемейтін жігіт нәпақасын қылмыстық жолмен тауып келген дейді полицейлер.

“Күлікбаев әсіресе әйел адамдар мен қарсылық көрсете алмайтын қорғансыз жандарға шабуыл жасаған. Сондай-ақ оны 15 жасында отбасымен бірге әкесі тастап кеткен екен. Осы жағдай оның бұрыс жолға түсуіне әсер еткен. Тергеу кезінде 2 әйел алғаны анықталды”, – деді Алматы қалалық ІІД бастығының орынбасары Ғазиз Нұрқаев.

Тергеушілер лаңкестің өзге қылмыстарын әшкерелеп жатқанда, кәсіби мамандар оның әр әрекетін зерттеуге кіріскен. Еліміздегі атқыштар қауымдастығының төрағасы, Руслан Күлекбаевтың кез-келген қаруды қолдана алатынына назар аударыпты. Өйткені күдікті, атқан оғының бәрін де нысанаға дәл бағыттай білген. Бар-жоғы 24 минуттың ішінде 30 оқпен 6 адамды жер жастандырып, жетеуін жаралауы сөзіме дәлел – дейді Александр Тен.

“Таспаларды қарап отырып күдіктінің ұзын ұңғылы қаруды жақсы ұстай алатынын байқадым. Бірақ кәсіби деңгейдегі жауынгер дей алмаймын. Әскер қатарында немесе өз бетінше атып үйренгені айдан анық. Мүмкін аңшы болған шығар. Себебі оның мергендігіне қарап қаруды қолына алғаш рет ұстап тұр деп айта алмайсың”, – деді Қазақстан мылтық атушылар қауымдастығының төрағасы Александр Тен.

Ал психолгтар Русланның жүйке жүйесі де өте төзімді екенін айтады. Себебі көп жағдайда кісі өлтірген адам қолы қалтырап, сасқалақтап қалады екен. Ал лаңкес керісінше көзіне түскен тәртіп сақшыларына оқ жаудырып, мейлінше көп адамды өлтіруге тырысқан.

“Күдіктінің бұл қылмысқа жоспарлы түрде барғаны анық. Қанды көрген сайын өршеленіп, алдына шыққанның бәріне қару кезенді. Тіпті қорыққан жоқ, керісінше суыққанды болған”, – дейді психолог Оксана Гулак.

Қаскөйдің қаруды қайдан алғаны, атыс өнерін кімнен үйренгенін тәртіп сақшылары анықтайтын болады. Тіпті тергеу барысында басбұзардың басқа да былықтары ашылуы мүмкін. Өйткені қазірдің өзінде Руслан Күлекбаевқа алты бап бойынша айып тағылып, бұрынғы өткен өмірі бастан аяқ тексеріліп жатыр.

Қаншама адамның өмірін қиған күдікті туралы бұған дейін оның келіншегі, мұғалімі және енесі түсініктеме берген еді.

Дүйсенбі, 18 шілде күні Алмалы аудандық полиция басқармасына, сосын ҰҚК департаменті ғимаратына шабуыл жасалды. Салдарынан 6 адам қаза тауып (үш полицей, бір шекара қызметкері және бір бейбіт тұрғын), 8 адам зардап шекті. Билік аталған оқиғаға теракт деп баға берді.

Ал ішкі істер министрі қаскөйдің полициядан кек алмақ болып шабуыл жасағанын айтты. Кейінірек қалада болған атыстың бейнежазбасы да пайда болды.

Талқылау