Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда тағы да су тасқыны қаупі төніп тұр

Таудағы қардың еруі мен мұздықтардың көлемін есептеген мамандар осылай деп дабыл қағуда. Қауіптің алдын алу үшін құтқарушылар қазірден бастап дайындық шараларын бастап кеткен. Тіпті өткен аптадан бері ауа-райының жылып кетуі де төтенше жағдай мамандарын қатты алаңдатқан. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

9224040

Сурет newskaz.ru сайтынан алынды

Тасқыннан қауіптенген төтенше жағдайлар департаменті қазірдің өзінен дайындықты бастап кеткен. Тікұшақпен тау аралап, қар көшкіні жүруі мүмкін деген жерлерді жарылғыш заттардың көмегімен залалсыздандыруда. Өйткені алдағы көктем Алматыны тағы әбігерге салуы мүмкін.

“1500 метр биіктіктегі қардың қалыңдығы, осы 6-шы ақпандағы мәлімет бойынша, 15 см-ге кем екен. Және мұздықтардың барлығы қысқы режимде, мұздың астында жатыр”, – дейді  Алматы қаласы Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Бейбіт Еңсебаев.

Соның бәрі бір уақытта ери бастаса, былтырғы оқиғалар қайталануы мүмкін екен. Өткен жазда бір ғана Қарғалы өзені Наурызбай ауданының айран-асырын шығарғаны есте. Қапелімде қызыл су жайлап, тұрғындар не қайран қыларын білмей дағдарған. Құтқарушылар енді осы жылы кез-келген қауіп-қатерге дайынбыз деп отыр.

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті диспетчерлік қызметінің телефонына қазір тыным жоқ. Сәт сайын тұрғындардан қоңыраулар түсіп жатыр. Сондай-ақ, мұнда мамандар қала төңірегі мен облыс аумағындағы қаупті жерлерді де компьютер арқылы бақылауда ұстап отыр.

“Қазселденқорғау» мекемесі күніне екі мезгіл бізге мынадай ақпарат береді. Мұнда таудағы ауа температурасы мен қардың қалыңдығы,бір айлық қардың мөлшері мен өзендердегі су қорының көлеміне дейін көрсетіліп отырады. Қауіп төндіретіндей мәлімет болса, біз дереу шара қолданамыз”, – дейді Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметтің қызметкері Дана Попова.

Қалалық төтенше жағдайлар қызметі қазір сақтық шараларына көшіп, өзен аңғарларын тазартуда. Одан бөлек, 2100 құтқарушы, 336 техника, 3 айға жететін жанар-жағармай қоры мен 36 мың құм толы қапшық дайын тұр.

Талқылау