Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы жерасты өткелдері дәретханаға айналған

Алматы тұрғындарының жер асты өткелдеріне көңілдері толмайды. Жарығы жоқ, ішіне су толған, қоқыс басқан өткелдермен амалдың жоқтығынан өтеміз дейді.

Безымянный

Сурет: yvision.kz 

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Ал, зулаған көліктердің астына түспеудің жалғыз жолы – жер асты өткелдері арқылы келесі бетке шығу. Жиі жөнделіп, қыруар қаржы бөлінетін өткелдердің бірнешеуін әріптесім Жарас Ниязбек көріп қайтты.

Алматыда 70-ке жуық жер асты өткелі бар. Адам аяғы үзілмейтін, қала орталығындағы өткелдер жалға беріліп, онда сауда дүңгіршектері орналасқан. Ал орталықтан ұзай бере ірі көшелердегі жер асты жолдары үрейлі фильм түсіретін дайын орын. Тәуліктің түнгі бөлігі былай тұрсын адамдар ол өткелдерден күндіз де сақтықпен өтеді.

– “Мен өтіп жүрген осы Райымбек көшесінің бойында, Төле бидің бойында қоқыс болып тұрады, су болып тұрады.  Жарық та жанып тұрған жоқ”, – дейді Алматы тұрғыны Асхат Бұйымбаев.

– “Айналасы екі сағатта Алматының ең ірі деген көшелеріндегі 5 бірдей жерасты өткелінде болдық. Мұнда тұрғындар өткел ішіндегі қолқаны қабар өткір иістен мұрындарын тұмшалап, көлшіктерден аттап өтіп жолдың келесі бетіне шығады екен. Жерасты өткелдерінің барлығы дерлік тас қараңғы болып тұр.

Бес өткелдің тек Ақкент кешені маңындағы жерасты жолында аздаған жарық бар екен. Ұзыннан орналасқан 20 шырақтың тек 4-еуі жанып тұр. Өзгелері сынған, кейбірі ұрланған. Ал бейнебақылау камераларының орны ғана тұр. Мәселен, Райымбек пен Момышұлы көшелерінің қиылысындағы жерасты жолын су басқан. Жаяу жүргіншілер қараңғы қуыстан қалтылдап өтіп, суға түсіп кетпеу үшін секіріп өтуге мәжбүр.

-“Салынған кезде жарығы бәрі болатын. Кейін бәрі қиратылды. Тұрғындардың өздері қиратты ғой, басқа кім дейсің. Сосын ішінің бәрі лас болып жатты. Неше түрлі мусор бар, басқа бар, иісінің өзінен кейде адам өте алмайтын жағдай болады кейде”, – дейді Алматы тұрғыны Тұрғанжан Төлебаев.

Өткелдерді пайдаланушы тұрғындар оларды таза ұстап, тартымды ету үшін жалға берген жөн дейді. Жарығы жоқ, су басқан, қаңғыбастардың мекеніне айналған жер асты өткелдеріне дұрыс көңіл бөлінбесе, қала келбетіне нұқсан келері анық.

Талқылау