Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жұрт қазы мен етті талап алып жатыр

Ұлық мереке Наурыз алдында базарларда мерекелік дастарханның қамы қызу жасалып жатыр. Алты ай қыстан аман-есен шыққан жұрт құбыла беретін бағаларға қарамастан азық-түліктен ақшасын аяп жатқан жоқ. Бірі бекіре асса, ал қалтасы көтергендері Ұлыстың ұлы күнін уылдырықпен қарсы алмақ. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

гнгш

“Міне, дайын қазы. Қазыны осылай ішекке саламыз. Енді осыны 2 сағат тұзы сіңгеннен кейін Наурыз көжеге қоса беруге болады. Наурыз құтты болсын!”, – дейді сатушылардың бірі.

«Ет дегенде бет бар ма?» дейтін ағайынның бәрі Наурыз көженің қамымен базарда жүр. Бірі сүрленген етті қаласа, енді бірі қазанға қазы салмақшы.

“Қазы сол -1500 теңге. Қоспа етпен – 1600, ет қосып береміз қасына. Сол былтырғы бағамен сатып жатырмыз. Баға көтерілген жоқ. Халықтың қамын ойлап сол арзан сатып жатырмыз енді”, – дейді сатушы Әйгерім Тіленшиева.

Ал пендешіліктен тазарып, ар-ожданын ағартады деген ежелгі нанымға сенгендер сүр еттің сорпасына айран қатып ішпек. Саудагерлер оның да бағасын биыл өсірмеген. Литрі сүтпен бірдей 200 теңгеден сатылып жатыр. Көжеге құрт қосып ішкенді жанындай сүйетіндер де биыл бағадан ұтылмайын деп тұр.

“Былтырғы жаз айындағы жайылған қыстың құрты. Қыстай сақтап шығып мына Наурызға деп сатылып жатқан құрт. Данасы -100 теңгеден де, 30 теңгеден де бар”, – дейді сатушы Гүлзат Сатылғанова.

Десе де, бидай, жарма бағасы былтырғыға қарағанда сәл өскен. Келісі – 700 теңге. Жеміс-жидек пен көкөністің құны да әлі қол жеткізетін емес. Еттің өзін есептемегенде, азын-аулақ тағамға елу мың теңгем кетті дейді Сәуле Бөлтірікова.

“Енді 10 адамға жайылған үстел 50-60 мыңдай болады. Қалтаға батып жатыр. 50 мың деген бір мұғалімнің жалақысы ғой”, – дейді Сәуле Бөлтірікова.

Десе де, алматылықтар мерекелік дастарханнан ақшасын аяп қалып жатқан жоқ. Кейбірі, тіпті келісі 15 мың теңге тұратын уылдырық алып жатыр. Ал тойдың көкесі Ақтауда болайын деп тұр.

“Бешбармақты асып жейміз қызыл балықтан. Жақсы, тәтті, семіз. Денсаулыққа жақсы. Жеңіл балықтан жасалған бешбармақ. Отбасымен үйде мүмкіндік болса асып жейміз балықтан”, – дейді Ақтау қаласының тұрғыны Әлібек Жәлкеев.

Кешегі сайлаудан соң халықтың барлығы базарларға лап қойған. Ертеңгі ұлық мереке қарсаңында сауда-саттық қызып жатыр. Өзіміз аралап қарағандай, азық-түлік бағаларында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Тіпті тұрғындардың айтуынша, жылда мереке қарсаңында азық-түліктің, әсіресе, еттің бағасын қолдан өсіріп жіберетін саудагерлер биыл ол әдетін қойыпты.

Талқылау