Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жойқын жол апатын жасаған тәртіп сақшысы сот залында айқайлап жылап жіберді

Алматыда ҚР ІІМ арнайы күзет қызметі басқармасының қызметкері жасаған шу тудырған жол апаты оқиғасы бойынша сот басталды. Айыпталушы өз кінәсін мойындады. Ол екі бірдей адамның өліміне себепкер болған. Бұл туралы №2 Жетісу аудандық соты хабарлады.

мфы

Өз кінәсін мойындаған Санат Жанатбеков, оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

“Мен достарыммен бірге келе жаттым. Бәріміз түнгі ауысымнан жұмыстан шыққанбыз. Мен ойланып кетіп, автобустар жүретін жолға түсіп кетіппін”, – деді де айыпталушы сот залында қатты айқайлап жылап жіберді. Судья оны тынышталып, баяндауды жалғастыруын өтінді. Сосын барып сөзін жалғаған Жанатбеков ол күні ішімдік ішпегенін, әйтсе де өзін нашар сезінгенін айтты.

“Мен жұмыстан кейін қатты шаршап тұрдым, әрі тісім де ауырды”, – деді Санат Жанатбеков. Сотқа сондай-ақ, зардап шегуші Әбілда Әбішев те қатысты.

“Жол апатынан әйелім мен бір туысым қайтыс болды. Маған хабарлаған кезде, мен сонда жүгірдім. Дереу жеткенімде жерде сұлқ жатқан әйелімді көрдім”, – дейді ол.

Тағы бір зардап шегуші Алексей Трегубов сол күні Daewoo көлігінің тізгінінде келе жатып, Жанатбеков мінген BMW көлігіне соққан. Трегубовтың сөзінше, оның көлігінің оң жақ қанатына зақым келіп, өзі басы мен омыртқасынан жарақат алған. Оның айтуынша BMW аса қатты жылдамдықпен келе жатқан.

“Мен Жангелдин көшесімен жоғары қарай келе жатып, бұрылу жарығын қосып Сидоркин көшесіне қарай бұрылуға ыңғайландым. Сол жақта тек автобустар жүретін жол жатты. Барлық айнаны қарап шықтым. Осы кезде өте қатты соққы болды. Полиция қызметкерлері оның сағатына 160 шақырым жылдамдықпен келгенін айтты”, – дейді Алексей Трегубов.

14 сәуір күні Алматыда болған жол апаты куәгерлерді шошытқан болатын. Автобус жолағында өте қатты жылдамдықпен жүрген BMW әуелі Daewoo көлігіне соғып, сосын тротуарға шығып кетіп үш адамды қағып кеткен. Олардың екеуі – бір әйел мен ер адам қайтыс болды.

Жүрісін әрі қарай жалғастырған BMW тұрақта тұрған Volkswagen-ге соғып, сосын жанындағы Land Cruiser көлігін де сырып өткен.

Талқылау