Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жолаушыны пышақтаған кондуктор кінәсін мойындаған жоқ

Жолақыға тиыны болмай, жер жастана жаздады! Алматыда №303-ші бағыттағы қоғамдық көлік кондукторы ақы төлемеген азаматты пышақтап тастаған. Мұнымен қоймай, қасындағылармен жабылып тепкілепті. Басқа жолаушыларға шұғыл автобусты тоқтатып, полиция шақыруға тура келді,-деп жазды КТК арнасы.

3033

80 теңге үшін қан-жоса болып жаға жыртысқандарды сол тәртіп сақшылары ажыратқан. Енді тентек кондуктор біраз жыл бостандық көрмейтін түрі бар.

Қанды оқиға кешкілік мына аялдамада болған. №303 автобустың кондукторы мен екі жолаушы арасында кикілжің шығыпты. Даудың басы – 80 теңге дейді куәгерлер. Жолақыға тиын жоқ деген жолаушылардың бірінің аяғына кондуктор сол жерде пышақ сұғып алған.
««Арзан» сауда орнының алдындағы оқиғаға куә болдым. №303 автобустың кондукторы жолаушының «Ақшам жоқ» деген сөзіне бола пышақтап тастады. Онымен қоймай 6 бала жабылып тепкінін астына алды»,-дейді оқиға куәгері.

Бұдан кейін автобустағы өзге жолаушылар тез арада көлікті тоқтатып, тәртіп сақшылары мен жедел-жәрдем шақыртқан. Дәрігерлер аяғынан жараланған жігітке сол жерде көмек көрсетіп, жарасын таңып беріпті. Қазір қоғамдық көліктегі оқиғаға қатысты іс қозғалып, жолаушы мен 21 жастағы кондуктор Айбек Сембайдан жауап алынып жатыр.
«Кондуктордың айтуы бойынша екі азамат мас күйінде қоқан-лоқы көрсетіп,оған жұдырық жұмсаған. Сондықтан оларға төтеп беруге мәжбүр болдым деп әлек айтуда. Ал, жәбірленуші жақтың түсініктері басқаша»,-деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Расымен, жолақысын төлемей, пышақталған азаматқа жасалған сараптама барысында оның ішімдік ішкені анықталған. Автопарк басшылығы да бар кінәні енді сол жолаушыға артып жатыр. Тіпті пышақ та соныкі деп салды бүгін «Қаскелең автокөлік паркінің» директоры.
-«Пышақ біздің кондуктордікі емес. Пышақ біздің жүргізушінікі емес. Пышақ сол жолаушынікі»,-дейді «Қаскелең автокөлік паркі» ЖШС директоры Еспай Әшімбаев

Суық қарудың кімге тиесілі екені алдағы уақытта анықталатын болады. Бір анығы жолаушыны пышақтаған Айбек Сембай сол автобус жүргізушісінің туған інісі екен. Енді, кінәсі дәлелденсе 80 теңге үшін жолаушыны қан-жоса еткен кондуктор 7 жылға дейін темір торға қамалуы да мүмкін.

Талқылау