Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жол ақысын қолма-қол алатын қоғамдық көлік жүргізушілері жазалана бастады

Әкімдік пен жол сақшылары арнайы муниципиалдық автопарк қызметкерлерін де аяп жатқан жоқ. Яғни олар «Оңай» электрондық картасы арқылы емес, ақыны ақшалай алғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуда. Алайда жекеменшік компания өкілдері осы жүйе енгізілгелі, шаш етектен шығынға баттық деп шырылдайды.

водитель

Бұл туралы ктк арнасы хабарлайды.

Жол ақысын тек «Оңай» картасы арқылы төлеу керек деген талап алматылық жүргізушілерге әлі жете қоймаған секілді. Алғашқы тексеруде-ақ ашылып жатқан былықтар соған дәлел. Атап айтқанда қаладағы қоғамдық көліктерде қолма-қол есеп айырысу тәсілі тиылмай тұр. Әсіресе жекеменшік автопарк жүргізушілері заңды белшеден басқан. Тіпті кейбірі төлем терминалдарын өшіріп қойып, ақшаны ашық жинап жүрген.

Алайда оңай ақша табуды әдетке айналдырғандар бүгін шетінен жазаланды. Тиын жинағандар енді 10 мың теңгеден айыппұл төлеуі тиіс.

Айыппұл арқалаған 65-ші бағыттағы автобус жүргізушісі ақша алмасқа амалым жоқ дейді. Себебі автопарк басшылары жанармай құюға қаржы бөлмейді екен. Оның үстіне көптеген жолаушылар әлі электронды билет алып үлгермеген. Сондықтан қолма-қол есеп айырысуға қарсы емес.

«Енді мен қалтамнан төлемеймін ғой солярканы. 9-10 мың теңге кетеді»,-дейді автобус жүргізушісі Сәбит Шардаров.

Бүгінгі шара барысында муниципалды автопарк жүргізушілері де жазасыз қалмады.

Жаппай тексерістен кейін жекеменшік жолаушы тасымалдаушы компания өкілдері де жедел журналистерді жинады. Көлік холдингін кінәлаған олар, билет тексерушілердің жеке компанияға тиесілі автобустарға бас сұқпайтынын айтып отыр. Яғни тиісті бақылау болмағасын жолаушылар да жол ақысын төлеуден жалтарады екен. Сондықтан соңғы бір аптада табыстың тең жартысынан қағылдық – дейді.

«Біз қазір бұрынғы жинап отырған қаржымыздың 40-50 пайызын ғана жинап отырмыз. Біздің күткеніміз жинап отырған қаржымыздың үстінен 30 пайыз пайда көреміз дегенбіз. Бізде ол жоқ»,-дейді «Киікбай» ЖШС директоры Ерсін Көбдікбаева.

Сондықтан жолаушы тасымалдаушылар «Оңай» жүйесін әлі де жетілдіруді талап етіп отыр. Ал ақша алып ұсталған жүргізушілер енді жұмыстарынан қуылатын болады. Сондай-ақ келесі дүйсенбіден бастап билетсіз жүрген жолаушыларды да жаппай жазалау басталмақ.

Талқылау