Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жол ақысы қымбаттайды

Қаладағы негізгі бағыттар бойынша қызмет көрсететін муниципалды автопарктың Шымкенттен келген жаңа қожайындары жақын күндері билет құнын өзгертпекші.

жол

Бұл туралы ктк арнасы хабарлайды.

Өйткені қосалқы бөлшек бағасы шарықтап кетіпті. «Алматыэлектротранс»-тың 70 пайыз акциясын алған шымкенттік «Green bus» компаниясының басшылары «енді жол ақысын өсірмесек болмайды» деп отыр.

Онсыз да автобустардың біразы бұзылып, жолға жарамай тұр екен. Одан қалды, компания автопарктің қордаланған қарызын өтеуі тиіс. Осының бәрін алға тартқан шымкенттік кәсіпкер бар жағдай жолақыға тірелгенін айтады.

Бұл тасымалдаушы Шымкентте де билет құнын көтермекші. Ол жақта да қоғамдық көліктерге қожалық еткен компания бағаны 50 теңгеден бірден 70 теңгеге өсіруді жоспарлап отыр.

Атап өтсек, өткен жұмада ғана Алматыдағы муниципалдық автопарктің 70 пайызы жекенің қолына өткен болатын. Қоғамдық көліктердің жартысынан көбі тендерге түскенімен, тозығы шыққан трамвайлардың әзірге ешкімге қажеті болмай тұр.

«Мынау девальвациямен 70 теңге емес, 120 теңге сұрау керек тариф Шымкентте өзінде! Ал Алматыда өзіңіз ойлаңыз, 3 жыл бұрын көтерген бағаны. Теңге курсы 180 болған, қазір уже 360! А запчасттар барлығы шетелден алып жатырмыз. Запчасттар, май бәрі полностью екі есе қымбат болды. Көтермесе, мен білмиеймін мынау біздің перевозчиктар шыдамайды осы жерде»,- дейді «Green bus company» ЖШС директоры Бауыржан Құлышев

Талқылау