Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жерге таласқан жұрт бір-бірімен төбелесуге дейін барды

Алматыда ондаған адам өз үйлеріне емін-еркін кіріп-шыға алмай жүр. Бұған себеп, тұрғындар жүріп өтетін бірде-бір көшенің жоқтығы.

image61414

Бұл туралы ктк арнасы хабарлады.

Жоспарда болса да 150 метрлік жолдың құрылысы жылдар бойы басталмай келеді. Ал жер телімі баяғыда-ақ жекеге өтіп, үйлер салынып қойған.

Шаңырақ ықшамауданындағы көшесіз 10 үйдің тұрғындары қамауда қалғандай күй кешуде. Қысқа ғана жолға жылдар бойы қол жеткізе алмай жүр. Өйткені көше түсетін жерге әлдеқашан үйлер салынып қойған. Енді мұның азабын көлік түгілі өздерінің кіріп-шығуы қиындаған жұрт тартуда.

Жоспар бойынша бекітілген құрылысты жауаптылардың бастағылары жоқ. Сарыла күткен тұрғындар осы күнге дейін шыдап келіпті. Олардың қазіргі «қыл-көпірі» көршілерінің ауласы ғана. Айдалада қалған 10 үйге келген жедел-жәрдем де жол таппай, кері қайтып кетеді екен.

Алматы қаласының тұрғыны Нұргелді Нүсіпбековтің айтуынша, не мектепке баратын, не басқа жаққа баратын жол жоқ. «Үйге кіре алмаймыз. Жаяу адам кіре алмайды. Көршілерден рұқсат сұраймыз барып, өтіп кетейікші, рұқсат болса деп», – дейді шарасы таусылған тұрғын.

Қызығы сол, көшенің орнына салынған жеке үйлердің де құжаттары заңды. Ал, қағазда кеткен қателіктің кесірінен екі жақ бір-бірін көрместей болған. Даулы жер телімі үшін жұрт бүгін де жаға жыртысуға дейін барды.

Наразы топ көшені даулап шенеуніктердің алдына талай барған. Бірақ, әдеттегідей нәтижесіз. Сөйтсе, жолға түскен үй иелерімен әкімдіктің өзі соттасып жатыр екен.
Алатау аудандық әкімдігінің бөлім басшысы Досым Иманғалиев: «Өткенде қараша айында соттың шешімі шықты. Ол жерді босатып беруі керек. Қазіргі кезде бүкіл құжаттар Алматы сот орындау департаментіне жіберілген. Көше жобасы бойынша кезінде түспеген ол жерге. Кейін заңдастырылғаннан кейін осындай даулар шығып жатыр» – дейді.

Жұрт енді сот шешімінің жүзеге асуын күтуі керек. Одан кейін көшенің құрылысы басталмақ. Ал жол үстіне үй тұрғызған тұрғындардың жайы сол күйі белгісіз қалды. О баста жерді заңсыз үлестіргені үшін кімнің жауап беретіні де беймәлім.

Талқылау